Сенбі, 28 Наурыз 2020 17:03

Оқушы дәптерінен

                             Ұлы Абай атамыз

Ұлы хакім Абай ата

Мерекеңді тойлаймыз.

Бұндай игі іс-шараны

Бір ауыздан қолдаймыз.

 

Бас иеміз құдіретіңе

Мың бір алғыс жолдаймыз.

Өзің салған сара жолмен

Келе жатқан жандаймыз.

 

Білім таппай мақтанба деп

Жөн сілтедің сен бізге.

Орын таппай баптанба деп

Демеу болдың әлсізге.

 

Әрбір сөзің жатталады

Ашып айттың ақ-қараны.

Үлгі өнеге,ақ тілегің

Көкіректе сақталады.

 

**********

                           Абай ата өлеңі мен әндері

Жаттап өстім

Абай ата өлеңін.

Өлеңінен тұнып тұрған,

Табиғатты көремін.

Қыс пен жазы,

Күзі менен көктемі

Теңдесі жоқ,

Сұлу сурет дер едім.

 

Ести бергің келеді ғой

Абай ата есті әнін.

Бұл күндері әсем әні

Шарлап кетті жер шарын.

 

Биіктейді Абай ата

Күннен күнге зор тұлғаң.

Ардақтайды сені мәңгі

Артыңдағы ұрпағың

 

Аймара Құдайберген,

Қ. Сәтбаев атындағы орта мектептің

11 «А» сынып оқушысы

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 10:00

Аналарға арнау

Маңдайыңнан марттың күні өпкен мың,

Жырлау үшін жер түбінен жеткенмін.

О, аналар, жүздеріңнен айналдым,

Шуағындай көктемнің.

 

Пайғамбардан бәсі биік тұратын,

Аналарды мәңгі жырлау мұратым.

Анашым деп жыр жазбаған сәті жоқ,

Анасына басын иген ұлы ақын.

 

Алла жолын әр қадамың даралар,

Ақ жаулығың болмысыңды саралар.

Арқауысың таусылмас жыр жолының,

Күндей нұрлы, гүлдей нәзік аналар.

 

Жүрегіңде жүйткіп аққан жылы ағын,

Жыр арнады жел тербеген құрағың.

Ортамызда есен-аман жүріңдер,

Болашақтың алаулатып шырағын.

 

Қуанәлі Алмасбекұлы,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:42

Деген екен...

Баянғали Әлімжанов айтыс ақыны, жыршы, манасшы, жазушылығымен қатар тапқыр сөздерімен, әдемі әзіл-қалжыңдарымен, орынды, орынсыз қойылған сұрақтарға, күнделікті өмірде болып жататын ойқыл-тойқыл оқиғаларға байланысты астарлы шумақтарымен танымал. Төменде «Деген екен» деген атпен жарияланған осындай өткір сөз, әзіл қалжыңдар жинағынан бірнеше үзінділер жариялап отырмыз.

Бір жолы Баянғалиға сатирик ақын Көпен Әмірбековтың немере туысы әрі құрдасы, фототілші Берсінбек Сәрсенов: «Көпенді сабап берсең, бір коньяк қоямын», – депті.

Баянғали: «Көпен екі коньяк қойса қайтем?» – деген екен.

***

Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының Болат Бекенов бастаған қызметкерлері бір жағы творчестволық кеш өткізу, бір жағы «Казақ тілі» қоғамына қаржы жинау мақсатымен XXIII партсъезд атындағы совхоз орталығы Баймырзаға Баянғалиды алып барады. Біраз әңгіме, өлең айтылып, кеш аяқтала бергенде, ақын былай депті:

Ағайын, ажарыңды көріп тұрмыз,

Бар ғой деп азаматтар сеніп тұрмыз,

«Казақ тілі» қоғамына ақша сұрап,

Алдыңа төрт қайыршы келіп тұрмыз!

Ағамыз Болат деген бас қайыршы,

Қасында Төлеу деген жас қайыршы,

Бүгінгі «Қазақ тілі» қоғамдары

Өмірі тоймайтұғын аш қайыршы,

Көп шаруа болмай тұр ғой ойдағыдай,

Жүрміз-ау жол іздеумен толғанып-ай,

«Қазақ тілі» қоғамдарын өз жерінде

Дариға-ай, қайыршы ғып қойғанын-ай!

Бұл сөзге әрі күліп, әрі күрсінген совхоз директоры Есімбек Махметов, селолық совет төрағасы Амандық Ахметов, бас зоотехник Кеңес Мұқатов ақылдасып келіп, «Қазақ тілі» қоғамына бес мың сом ақша аударыпты. Сонда Баянғали:

Совхоздың директоры Махметов,

Селсебет төрағасы Ахметов,

Аудандық «Қазақ тілі» қоғамына

Аударды бес мың теңге рақым етіп! – деген екен.

***

«Жұлдыз» журналына Баян-ғалидың «Қиқыматтың қиссасы» атты повесі шыққанда журналист Кәрібай Мұсырманов ақынның үйіне телефон соғып, құттықтапты. Ол кезде Баянғали «Көкшетау правдасы» газетінің меншікті тілшісі, ал Кәрібай газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болса керек. Тағы да жұмыс бабымен мазалап, мақала сұрайды-ау деген інісінің жүрек жарды жылы сөздеріне разы боп кеткен ақын:

Айналдым, Кәрібайым Мұсырманов,

Бұл дағы достық қолды ұсынғандық,

Келгелі Көкшетауға Алматыдан

Көрдім-ау сенен тұңғыш мұсылмандық ! – деген екен.

***

Арықбалық ауданында Жұмағали Саинның 80 жылдығы болады. Ауатком төрағасы М.Шәйкенов ұзын бойлы, ірі денелі адам болса керек.

Бұл аудан кәдімгі Арықбалық екен,

Қонақжай, өзі еңбекқор халық екен,

Ауданы арық балық болғанымен

Бастығы кит секілді алып екен!- депті Баянғали.

***

– Самайды аққа берейін дегенсің бе? – депті бір күні әкімнің орынбасары Сансызбай Балтабеков. Өзі елуге келсе де, шашында бір тал ақ жоқ екен.

– Біз ептеп мимен жұмыс істейміз ғой, – деген екен Баянғали.

***

Бір жолы бастықтардың бірі Баянғалиға: «Сен бірінші орынға ат мініп, кілем алып жүрсің, баитын болдың ғой!» – депті. Сонда Баянғали: «Үкіметті жегендей болмайды екен» – депті. Тағы бір бастық: «Осы сен бір жерге барасың да , бір-екі ауыз өлең айтып, ат мініп, дүние алып келесің. Елден алып жатсың, алып жатсың...» – депті Баянғалиға. «Иә, аға, екеуміз де халықтан аламыз. Бірақ мен жырлап аламын, сіз ұрлап аласыз!» – депті сонда ақын.

***

Бір күні Баянғалидың машинасына мінген бір тәжірибелі шопырлар: «Мынадай бұрылыста қайтесің? Мынадай қиылыста мына жағыңнан машиналар келіп қалса қайтесің? Қай жерде кім бірінші өтуі керек?» – деп сұрай беріпті. Сонда Баянғали: «Мен өзі кішіпейіл адаммын, ешкіммен таласпай, тоқтаймын да, бәрін өткізіп жіберемін. Олар кеткесін жол өзіме қалады ғой! – деген екен.

***

Баянғалиды біреумен шатастырған бір бастық: «Әлгі балық аулаудың рұқсат қағазын қашан әпересің?» – депті. «Мен балықтың емес, халықтың адамымын» – депті сонда ақын.

***

Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық тойында (Солтүстік Казақстан облысы, 1993 ж.) өткен айтысқа Көкшетау облыстық әкімшілігі ресми түрде бір жас ақынды апарыпты. Ұлы ақынның «Батыр Баян» поэмасын алаш арыстары ақталмай тұрған кезде, 1975 жылдан бері ел арасында жырлап келе жатқан Баянғалидың бұл тойдан шет қалғанына қандары қызған Көкшетаудың мәдениет саласындағы қыздары Күміс Біләлова мен Мағрипа Әбілқасова Қызылжардағы мәдениет қызметкерлері Роза Шоланова мен Сұлушаш Темірғалиқызына хабарласады. Өңкей қыздар өзара келісіп, Баянғалиды ақындардың тізіміне ақырын ғана жазып жібереді. Кызық болғанда, қосалқы құрамда барған Баянғали айтыста жеңімпаз атанып, бас бәйгеге ие болып, Көкшетауға Мағжан атасының қаракер тұлпарын мініп келеді. Қыздарға риза болған ақын былай деп өлең шығарьпты:

Мағрипа мен Күмісім,

Роза менен Сұлушаш,

Қызмет қылып жыр үшін,

Үндемей-ақ бітірді

Әкімдердің жұмысын!

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:05

Менің қалам

Бұлт көшеді таулардың басын ала,

Күн жауады-жайнайды жасыл қала.

Мен осында тұрамын, иә, достым,

Жасыл қала – біздерге асыл қала.

 

Біліп қойғын, бұл қала – Есік деген,

Тербелгендей боламын бесікте мен.

Білім алып Сәтбаев мектебінде,

Еш алаңсыз есейіп өсіп келем.

 

Салтанатты, сәулетті менің қалам,

Бір өзіңе сыйғандай бүкіл ғалам.

Бұл мен үшін бақыттың мекені ғой,

Тек осында еркіндеп тыныс алам.

 

Аспанында жұлдызы жарқыраған,

Қойнауынан табылған Алтын адам.

Сыр шертеді тарихтан тауы да оның,

Сыр шертеді өзені сарқыраған.

 

Алтын киім киінген батыр бабам,

Сен туралы ұстаз да айтты маған.

Ел басына күн туған сол заманның,

Шежіресі көп шығар айтылмаған.

 

Асыл тастан шығады, ақыл жастан,

Мен тарихты сүйемін әуел бастан.

Арманым көп алысқа жетелейтін,

Жазармын деп ойлаймын әлі дастан.

 

Аймара Құдайберген,

Қ.Сәтбаев орта мектебінің 11 сынып оқушысы

 

 

 

 

 

 

 

Сәрсенбі, 11 Наурыз 2020 09:57

Әйел – әлем

Әйел жайлы аңыз көп қасиетті,

Ғасырлардан аңыздар асып өтті.

Шексіз түйсік, махаббат, сұлулықты,

Әйелдерге тәңірім нәсіп етті.

Қаламасын биікке шыққанды кім?

Тәуелді сол әйелге күш, тағдырың.

Әйел – үміт үзілмес, дегенменен,

Афродитадай жеңе алмас құштарлығын.

Бар әлемді келеді өрге сүйреп,

Әйел – қайсар өшпейтін кеудесінде от.

Әйел – қамқор жебейтін отбасыны,

Қасиетті Ұмайдың бейнесі боп.

Әйел – пәктік шығарған адал атын,

Әйел – тірек демейтін азаматын.

Әйел – өмір дәні ғой тіршіліктің,

Барша адамзат Хауадан таралатын.

Үйлесімі секілді заңдылықтың,

Әйелсіз ер болады мәңгі міскін.

Әйел – батыр Тұмардай топтан озған,

Әйел – тағдыр символы мәңгіліктің.

Талас-тартыс, береке, басқаның да,

Біле білсең әйел тұр бастауында.

Әйел – жұлдыз жол сілтер болашаққа,

Жарқыраған Шолпан боп аспаныңда.

Бағыты көп өмірдің тарауында,

Әйел болар жол сілтер жалауың да.

Еркек үшін өкшесі Ахилестің,

Ұжымақтың кілті де табанында.

Әйел жайлы аңыз көп, рас бәрі,

Таусылмайды, бітпейді – ұласпалы.

Әйел – бақыт, әйел – бақ, әйел – дәулет,

Кез келгенге жолықпас бірақ тағы.

 

  Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Сәрсенбі, 19 Ақпан 2020 14:34

Ырыс жайлы аңыз

Баяғыда бір жолаушы жолаушылап келе жатып шағын бір ауылға түсіпті. Ауылдың сыйлы кісінің үйіне дәл түскен екен, ол да жолынан жығылмай қонағын жік-жапар болып күтіп алыпты. Түннің бір уағында қонақ иттің ұлығанынан оянып кетіпті. Бұл қонақ жәй қонақ емес еді. Жер бетіндегі жан - жануардың тілін меңгерген ғалым адам болатын. 

Ауыл сыртынан

– Қонақтың атын жеймін! –  деп ұлыған қасқырға үй иесінің иті:

– Қонағымның атын жер болсаң, сені адамдарға ұстап беремін, – деп жауап қатып тұр екен. Қасқыр болса:

– Бұл ауылды таң ата жау шабады, – деп тайып тұрыпты.

Қонақ үй иесін оятып, дереу ауылдың көшуін сұрапты. Ауылды көшіріп болған соң, ертесіне ескі жұртқа келсе көнбей қалып қойған екі үйдің шаңырағы ортасына түсіп жатыр екен.

Жаңа қоныста түстеніп отырған қонақ:

– Бұл үйдің ырысы итінде екен-ау, бұйымтай ретінде осы итті сұрармын, – деп ойлапты. Сол мезетте ит киіз үйдің туырлығын иіскепті. Қонақ:

– Ырыс туырлыққа ауды, туырлықты қалаймын, – деп ойлап отыра беріпті. Сол оймен отырғанда маңайда жайылып жүрген жетім тоқты келіп, сол туырлыққа сүйкеніп өтіпті. Бұйымтайын сұраған үй иесіне: 

– Маған анау қара тоқтыны сойып, етін түгелдей асып беріңіздер. Тек бір шартым бар еттен менен бұрын ешкім ауыз тимесін, – депті. 

Ауылдың бір жігіті тоқтыны әп-сәтте сойып тастайды. Бәйбіше етті толығымен қазанға салып асып енді әкеле бергенде үй иесінің ерке ұлы жүгіріп өтіп бара жатып, бастың құйқасынан жұлып жеп үлгеріпті. Ет үстінде ауыл иесі: 

– Қадірлі қонағым, сен кеше ауылды ажалдан аман алып қалдың, сырыңды айтшы, – депті. Сонда қонақ: 

– Сізге ырыс қонған екен, сол ырысыңыз ауылды асырап отыр. Ырысыңыздың иесі итіңіз екенін сездім, соны қалаймын-ау деп ойлағаным сол еді, итіңіз туырлықты иіскеп ырыс туырлыққа ауысты. Туырлықты қалайын деп отырғанымда, оған тоқты сүйкенді. Сол тоқтының етін жеп ырысты болайын деп ойлаған едім, етті мына балаңыз бірінші жеп үлгерді.  Ырыс енді осы балада. Құдайдың оң назары түскен пендесі екенсіз, – деп сөзін аяқтапты қонақ.

Дереккөз: balakai.kz 

Сейсенбі, 18 Ақпан 2020 14:15

Досы көп көрші

Баяғыда екі көрші болыпты. Қыс келіп, алғашқы қар жауады. Бір көршісі ерте тұрып, күрегін алып, есіктің алдын қардан тазалайды. Мойынын созып, көршісінің ауласына қараса, оның есігінің алды тап-таза екен.

 Ертесі күні қар түнімен жауып шығады. Әлгі жігіт одан ерте тұрып, көршісінен бұрын қар тазалап тастамақ болады. Таң сәріден тұрып, қар күреп болған соң тағы көрші аулаға қарайды. Ал ол жақ тап-таза.

 Үшінші күні қар көп жауып, тізеден келіпті. Күн шыға сыртқа шыққан жігіт тездетіп ауланың қарын күреп, тазалайды. Әдеттегісінше, көршісінің ауласына мойынын созып қараса, түнде қар жаумағандай-ақ тапталып жатыр. Жігіт таңғалады.

 Сол күні екі көрші көшеде кездесіп қалады. Ананы-мынаны бір сөз етіп тұрып, әлгі жігіт көршісінен: «Осы сен есігіңнің алдындағы қарды қай уақытта тазалап үлгересің?» – деп сұрайды. Көршісі: «Мен ешқашан қар тазалаған емеспін, үйіме достарым келеді. Есігімнің алды тапталып жатқаны содан болар», – деп жымия жауап беріпті.

Достарыңыз көп болсын!

 

 

Аударған: Құралай Мұратқызы

Бейсенбі, 13 Ақпан 2020 09:05

Төрт әйел туралы тәмсіл

Баяғыда төрт әйелі бар сұлтан өмір сүріпті. Әйелдерінің бәрі де бірінен-бірі өткен сұлу, ақылды болыпты. Десе де, сұлтан  ең мейірімді, ең жас, төртінші әйелін бәрінен де қатты жақсы көріпті. Сондықтан оған әрдайым қымбат көйлек кигізіп, баға жетпес әшекейлер сыйлап, көңілін таба біліпті.

 Сұлтан жер бетіндегі ең сұлу әйел – үшінші әйеліне де ессіз ғашық болыпты. Ол өзге елдерге сапарға шыққанда үшінші әйелінің әдемілігіне ел тамсансын деп, әрдайым оны жанына ертіп жүріпті. Десе де, «Сұлу әйелім күндердің бір күнінде менен кетіп қала ма?» деген ойдан қатты қорқыпты.

 Ақылы мен қулығы асқан сұлу – екінші әйелін де сұлтан құлай сүйіпті. Өйткені ол сондай ақылды, тартымды, әрі сабырлы екен. Сұлтан алдынан кесе көлденең шыққан кез келген мәселе бойынша екінші әйеліне ақыл сұрап, жүгінеді екен. Әйелі болса, барлық қиындықтан шығар жолды дұрыс көрсетіп, бар мәселенің шешімін тауып беріп отырыпты.

 Ал бірінші әйелі – өзгелерінің ішіндегі жасы ең үлкені. Ол сұлтанға ағасынан қалған мұра сияқты еді. Сұлтанға өте адал болыпты. Сондай-ақ сұлтанның байлығы мен мансабы артып, ел арасында танымал болуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасапты. Алайда сұлтанның оған ешқандай да сезімі болмапты. Бірінші әйелі сұлтанды қатты сүйсе де, ол оған мүлде назарын аудармаған екен...

 Күндердің бір күнінде сұлтан қатты науқастанып қалыпты. Ақырғы күнінің жақындап қалғанын сезген ол өткен өміріне көз жүгіртіп, қалай өмір сүргенін ойлады. «Қазір төрт әйелім бар. Ал о дүниеде жападан жалғыз қаламын ғой» деп ойлаған сұлтан бірден төртінші әйелін шақырып:

 — Сен әркез менің ең сүйіктім болдың. Саған мен ең жақсымды беріп, әрдайым қамқор болдым. Қазір, өлім аузында жатқанымда сен де менің жанымнан табылып, қараңғылық патшалығына менімен бірге аттануға дайынсың ба? – деп сұрапты.

 — Бұл жайында тіпті армандама! – деп дүрсе қойған жас келіншек басқа ештеңе айтпастан, өз жөнімен кетіпті. Сүйіктісінің бұл сөздері науқастанып жатқан сұлтанның жүрегін одан ары ауыртыпты. Ашуланған сұлтан үшінші әйелін шақыртыпты. Сұлтан:

 — Өмір бойы мен сені ғана мақтан тұтып, сұлулығыңа тамсанып өттім. Қазір, өлім аузында жатқанымда сен де менің жанымнан табылып, қараңғылық патшалығына менімен бірге аттануға дайынсың ба? – деп сұрапты.

 — Әрине, жоқ! – деп жауап қайтқан сұлуы: Менің өмірім жалғасуда. Мүмкін, мен тағы тұрмысқа шығармын, – деген екен. Сұлу келіншегінен мұндай жауап естіген сұлтанның халі одан ары нашарлай түсіпті. Сонда ол екінші әйелін шақыртыпты.

 — Қиналған шағымда сенен әркез ақыл сұрадым. Сен менің ақылшым әрі ең мықты көмекшім болдың. Қазір, өлім аузында жатқанымда сен менің жанымнан табылып, қараңғылық патшалығына менімен бірге аттануға дайынсың ба? – деп сұрапты сұлтан.

 — Өкінішті, бірақ бұл жолы мен сенің жаныңда көмекшің бола алмаймын. Бар болғаны, сені бар жол-жоралғымен жерлеуге уәде бере аламын, – деген екен екінші әйелі. Сұлтан өмірден түңіліп, бәрінен көңілі әбден қалыпты. Сұлтан сол уақытта:

 — Мен сенімен қайда болса да, баруға дайынмын және әркез жаныңда боламын! – деген дауысты естиді. Басын көтеріп қараса, алдында бірінші әйелі тұр екен. Күйеуінің науқастанып, ауыр халде жатқанын уайымдаған әйел әбден азып-тозып кеткен екен. Таңғалған сұлтан:

 — Бойымда жаным барда басқаларға емес, саған көбірек көңіл бөлуім керек екенін енді ғана түсіндім! – депті.

Біздің барлығымызда төрт әйел бар. Төртіншісі – денеміз. Қанша жерден әдемі, жақсы көрінгіміз келгенімен, оның еш пайдасы жоқ. Өйткені ол сымбат бізбен бірге о дүниеге бармайды.

Үшінші әйел – қызмет, мансап және ақша. Біздің өмірімізден кейін олардың барлығы басқаларға қалады.

Екінші әйел – отбасы мен жақындарымыз. Олар өмір бойы бізге көмектесіп, қамқоршы болады, бірақ біз о дүниелік болғанда жақындарымыз бізді бейітке дейін ғана шығарып салады.

Ал соңғысы, яғни бірінші әйел – біздің жанымыз. Байлық, бақыт, ақша, мансап, рақатқа бөлену жолында жанымыздың жайын ұмытып, бәріне де барамыз.  Осыған қарамастан, тек жанымыз ғана әрдайым бізбен бірге болады. Сондықтан оны әркез бірінші орынға қойып, қорғап жүруді ұмытпаңыздар. Бұл өмірде бізге берілген ең үлкен сый – жанымыз. Оған көңіл бөліп, қамқор болайық.

Аударған: Құралай Мұратқызы

Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 15:08

Хантәңір мұзбалағы

Мұқағали, «Ең бірінші бақытым – халқым менің» деп жырлады. Абайды ұлттың ұлы ақыны десек, Мұқағали – қазақ халқының жарық жұлдызы. Оның өлеңдерінде не құдірет бар дегенде, өз заманының адамдарымен таң азанмен бірге тұрды. Халық күрсінсе, бірге күрсінді, халық шаттанса, бірге шаттанды. Қасиетті Хантәңірі тауынан мұзбалақ қыранның көкте қалықтап жүргенін халық көрді. Бірақ  қолға  ұстап  бағындырудан  қорықты.Өйткені, ол  көк  аспанмен  тілдесіп,  туған  жердің   тасына  дейін  түгендеп, ата-бабалардың  аманатын  көздің  қарашығындай  сақтауға, әр  тырнағы  алмас  қылыштай  жарқылдап,ұлттың  ұлы  тұлғаларын өтірік жаламен жауына байлап  матап  берген, өзгенің  сойылын соғып халыққа қайғы-қасірет әкелген, адамның бет пердесін киген, нағыз түр-түсі шибөрі, жылан сияқтыларды отты жырымен осып өткен, кез келген уақытта аспаннан найзағайдай жарқылдап келіп, алмас тырнақтарымен шеңгелдеп бүріп, тұтас өмірі арпалыспен  өткен ақын.

Мұқағали өзінің естеліктерінде мың ойланып, мың толғанып,заманның ағымына бейімделу керек па деген сұрақты өзіне қоя отырып,ойы жан-жаққа шашырап, не істерін білмей қиналғанда тек кішкентай жүрекке Тәңірім  үлкен рух бергенін сезінгендей анық та айқын қадам басқанын,мына  өлең  жолдарынан  байқағандаймыз:

Барса келмес сапарға араластым,

Енді артыма бұрылып қарамаспын.

Жырлар жазам, дерімді деп өлемін

Қарсы алдында тұрсам да дар ағаштың, – деп жан-тәнімен ұлтты  құрметтеуге, нақты айтсақсалт-дәстүрді сақтауға, тілін дінің сатпауға, Отанды сүюге үндеген ақын. Мұқағали жырларынан қуат алған ұл-қыздарымыз Тәуелсіздік  әкелген  16 желтоқсанда  ұлт  болып  ұйысып, Тәңір  сыйлаған  шыбын жандарын да  қиюға дайын екендіктерін көрсетті. Мұқағали халықтың мұң-мұқтажын өлең арқылы жеткізіп қана қоймай, ақиқаттың ақ жолын жарқыратып  салып  қойды. Сол жолмен жүрген ақын  халықпен бірге.Қайсыбіреулер Мұқағалиды өтірік мақтап,халыққа жағымпазданады. Мұқағалиды туралы айту үшін Мұқағалидың жолына түс,адалдықты,парасаттылықты,мейірімділікті, еліңді, жеріңді жырла.

«Ердің  атын ел  шығарады, елдің  атын ер  шығарады» дегендей халқына қызмет еткен,ұлтымыздың ұлы тұлғаларын бөле жармай,анау-мынаудан мықты еді, мың  жылда бір келетінақын  деген сияқты әсірелеуге жол бермей, өнерді дәріптеп, ақындарымызды құрметтей білуіміз керек. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, Мұқағали жалғыз емес, ел болып арамызда жүрген Мұқағали жолымен келе жатқан ұл-қыздарымызды ұлықтай  отырып, өткен күннен өнеге алып, келер күнге тектілікті, әдептілікті, ұлтжандылықты  қалыптастыру, әрбір қазақ қазағым деп соққан жүректің лүпілін естігенде  оған деген құрметтің жоғары екенін жеткізе білу үлкен мәдениеттілікті  білдіреді. Мұқағали өлген жоқ,өйткені оның жазған өлеңдері халықтың  санасын оятып, ақынға деген құрмет күннен-күнге артып,қазақтың бір қара  баласы ретінде күнделікті тіршілікте бар қазақтың жүрегінен орын алған,шындықтың шыңын жырмен бағындырған халық ақыны.

                          Сәбетбек БАҒЫБАЕВ

Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 10:46

Қонаев – ұлт мақтанышы

Түрген ауылы Д.А.Қонаев атындағы орта мектебінде «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімімен бірлескен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына  108 жыл  толуына арналған «Ұлт мақтанышы Д.А.Қонаев мұрасы негізінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау-рухани жаңғыру кепілі» тақырыбында республикалық  ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті. Конференцияға қатысушылар Д.А.Қонаев бюстіне гүл шоқтарын қойды.

Конференция – «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ Д.А.Қонаев атындағы орта мектебімен бірлескен «Рухани жаңғыру – мектеп оқушыларының ғылыми ізденістерін ұлттық құндылықтар аясында әлеуметтендірудің негізі» тақырыбында ғылыми-эксперименттің 3 жылдық жұмыстың қорытынды нәтижесі.

Конференция жұмысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі А.Тортаеваның құттықтау сөзімен ашылды. 

Конференцияның І бөлімінде «Өрлеу»БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Т.Ауелгазина «Дәуірдің дара тұлғасы – Д.А.Қонаев», Д.А.Қонаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары К.Ақтамқұлова «Қонаев өнегесі арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтау», Д.А.Қонаев атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі М.Кабдиев «Қонаев еңбектеріндегі ұлттық құндылықтар көрінісі», Қорам орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Бибаева «Елін ұмытпаған, елін ұлықтаған – нар тұлға»тақырыбында мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың заңғар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы өз баяндамаларын оқыды. 

Телекөпір бөлімінде Нұр-Сұлтан қаласынан, Атырау, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан аға оқытушылар, мектеп, колледж мұғалімдері баяндамаларын тікелей эфирде ұсынды.

Конференцияның құрметті қонақтары құттықтау сөздерін арнады.

Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Сабырбаев, «Казинтерсервис» ЖШС басшысы  Райхан Аскарова, облыстық білім басқармасы Инклюзивті білім беру саласының маманы Құндыз Нұрпейісова, Алматы қаласы «Азия-мебель» компаниясының  президенті Ерлан Кунанбаев, ақын, сазгер ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, Талғар ауданының құрметті азаматы, мұқағалитанушы Кәмнұр  Тәлімұлы, Алматы қаласындағы  Д.Қонаев мұражайының директоры  Елена Кубашева, Алматы қаласындағы Д.Қонаевтың пәтер-мұражайының директоры  Жаннета Серікбаева, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Сауранбаева, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Елеусіз Сұлтангазиев, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Гүлнар Жошыбаева,  Еңбекшіқазақ аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы   Хайролла Ахметжанов әсерлі әңгімелерін ортаға салды.

«Ескерген ескісін сақтайды, ел болған естісін сақтайды» демекші Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен қызметтес болған, жұмыс бабымен кездескен, көзін көріп, батасын алған қонақтар Қонаев жайлы құнды естеліктермен бөлісті. Ешбір кітапта жазылмаған Д.Қонаев жайлы естелігін  ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Тілеубердіқызы үш тілде айтып берді.

Бүгінгі өскелең ұрпақ-тың Қазақстан мәде-ниеті, ғылымы, рухани өмірі мен сол мәдениетті жасаушыларға деген қызығу-шылықтарының күн санап арта түсуінен де ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілігі мен құрметі анықталады. Сондай өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім – Дінмұхамед Қонаев. Абыз қайраткердің рухани байлығының тереңдігі, оның тұжырымдары мен әлеуметтік еркіндік көкжиегінің кеңдігі – дәл қазіргі уақыттағы қоғам дамуы қандай тұлғаға зәру болатындығын танытады. Конференцияның  барысы   қайраткердің парызы мен елжандылық қасиеті, оның адамгершілігі мен рухани ізгілігі, азаматтық батылдығы жөнінде болды. Д.А.Қонаев турасында тағылымы мол естеліктер айтылып, елге аянбай қызмет еткен жылдарындағы жетістіктері тағы бір рет сараланды.

Конференция соңында Түрген ауылдық  округінің әкімінің  міндетін атқарушы  Мәди Бейсембаев, мектеп басшысы Римма Ахметова республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жоғары өтуіне ықпал еткен «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Кенесбаевқа, директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Толқын Ауелгазинаға, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөліміне, келген қонақтар мен қатысушыларға алғыстарын білдірді.

 

Құлпынай ТҰРАРОВА,

әлеуметтік педагог

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет