Сәрсенбі, 08 Қаңтар 2020 15:02

Еңбекпен келген ақша

Бір саудагер ұлына күнделікті бір аббасиден (парсының күміс тиыны) беріп:

— Ұлым, мынаны ал және оны көбейтуге тырыс, – дейді екен.

 Ал ұлы болса, әкесі берген ақшаны күнде суға лақтыра салуды әдет қылыпты. Саудагер бұл туралы білсе де баласына ештеңе демепті. Ұлы еш жерде жұмыс істемеген екен, ештеңемен айналыспапты да. Әкесінің үйінде тұрып, тек ішіп-жеп қана жатады екен.

 Күндердің бір күні саудагер бүкіл туыс-туғанына:

— Егер ұлым сендерден ақша сұраса, бір тиын да бермеңдер, – деп ескертіпті. Содан кейін баласын шақырып:

— Балам, барып жұмыс істе, ақша тап. Сенің еңбекпен тапқан ақшаңның қандай болатынын көрейін, – депті.

 Ұлы болса, туыс-туғандарын аралап, ақша сұрапты. Бірақ олардың ешқайсысы бір тиын да бермепті. Амалдың жоғынан әлгі бала жалданып жұмыс істейді. Сөйтіп, күні бойы жалаң аяғымен әк езіп, оның ақысына бір аббаси алыпты. Кешке ақшасын әкесіне әкеліп береді. Сонда саудагер:

— Ал, балам, енді мына бір тиынды апарып суға лақтыр, – депті. Ұлы аббасиді қолына ала сала:

— Әке, оны қалай суға лақтырмақпын. Осы бір тиынды қара терге түсіп, қалай тапқанымды білесіз бе? Күні бойы жалаң аяқ әк езгеннен аяғым күлдіреп, күйіп қалды. Жоқ, бұл еңбегімнің ақысын суға лақтыруға қолым бармайды, – деген екен.

 

Еңбектеріңіз бағалансын!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Шығыс тәмсілі

Дереккөз: pritchi.ru

Жексенбі, 05 Қаңтар 2020 14:19

Әкенің орны

Жүз, мүмкін, екі жүз жыл бұрын, баяғы өткен заманда бір кедей отбасы кішігірім ауылдың шетінде өмір сүріпті. Әбден тозығы жеткен лашықта әйелі мен күйеуі, сегіз жастан асқан ұлы мен оның қартайған атасы тұрыпты.

 Әйелі мен күйеуі күні-түні тізе бүкпей еңбек еткенімен, ішер асқа жарымай, бір жапырақ нанды әрең тауып жейді екен. Ал қартайып, жасы жеткен атасынан еш қайыр жоқ. Құр сүлдері қалған қарттың құлағы да естімейді, көзі де дұрыс көрмейді, қол-аяғы дірілдеп, өзі әрең жүреді екен. Сонда да қарап жатпай, балаларына көмектеспекші болғанымен, ол бейбақтың пайдасынан гөрі, тигізер зияны көп болыпты.

 Бір күні қарт төсегінен тұрып бара жатып, жерде тұрған құмыраны көрмей, қағып кетіп сындырыпты. Төгілген сүтті сүртемін деп еңкейгенде абайсызда пештің шетіндегі қазанға шынтағы тиіп, оны да құлатыпты. Пісіп тұрған картоп еденге шашылып, қарттың оны жинап салғанынан, аяғымен басып, езгені көп болыпты. Мұны көрген келіні әбден ашуға мініп, қартқа ауыр сөздер айтып айғайлап, сыртқа шығады. Далада бәрін естіп тұрған күйеуі қолын бір сілтеп:

— Әкеміз еш пайдасыз болып кетті. Бізге тек нан жеуші артық ауыз керек емес. Мен оны орманға апарып тастайын, – депті.

Әйелі онымен келісіп, кәрі шалдың киімін жуып, оның шашқан жерін тазалаудан шаршағанын айтады.

 Жігіт әкесін шанаға отырғызып, ұлын ертіп, екеуі шананы сүйреп, орманға беттепті. Адам аяғы баспаған ирелең жолмен жүріп, әкесін ешкім таппайтын алысқа апарып тастамақ болады. Осылайша, орманның бір шетіне келіп, қартты шанасымен сол жерде қалдырып кетіпті. Мүмкін, әкесін қардың үстіне тастағысы келмеген болар, әлде шананы тағы ирелең жолмен сүйреуден ерінді ме екен?! Ол жағы белгісіз.

 Жол бойы ауызын ашпаған ұлы үйге жеткенде:

— Әке, шананы орманда бекер қалдырып кеттік. Сүйреп келуіміз керек еді, – депті. Ұлының атасына жаны ашымай, қайдағы бір шананы уайымдағанына таңғалған әкесі:

— Сырғанауға баратын жастан өттің ғой. Шананы қайтесің? – дейді.

— Қалайша шананы қайтесің дейсіз? Кейін, анам екеуіңіз қартайғанда мен сіздерді орманға немен апарамын? – деген ұлының жауабын естігенде жігіттің үстінен тастай суық су құйып жібергендей қол-аяғы дірілдеп, көзі шарасынан шыға жаздады. Ұлының бейкүнә көзіне бір қарап, келген жолымен қайта орманға қарай жүгірді.

 Қараңғы да түсіп келе жатқан. Торғайдың тұмсығындай қысқа қыстың күні ғой. Алды-артына қарамай жүгірген жігіт «Қараңғыда орманда адасып кетпеймін бе? Омбы қарға көміліп, қатып қалмаймын ба?» деп қорыққан жоқ. Ол «Жел соғып, жаңағы жүрген жолымды қар жауып, ізім көрінбей қалмаса екен. Әкемнен адасып қалмасам екен» деп уайымдады. Осынау оймен алып-ұшып, әкесін де табады.

 Өз қателігін түсінген жігіт ақсақалды лашығына әкеліп, төрге отырғызады. Үстіне қалың жамылғы жауып, ыстық шай әкеліп береді. Ал әйеліне «Алдағы уақытта әкеме ешқашан қабақ шытып, дауыс көтерме!» деп қатаң ескертеді.

Балалар өздігінен өспейді. Олар біздің әр іс-әрекетімізден үлгі-өнеге алып, оны сол қалпында қайталайды.

Аударған: Құралай Мұратқызы

Дереккөз: wiolife.ru

Дүйсенбі, 30 Желтоқсан 2019 10:21

Қызметші мен қожайын

Баяғыда бір ауқатты кісі кедей адамды өзіне қызметші етіп алыпты. Қызметшісі сондай сымбатты, ал оны қызметке алған адам сұрықсыздау екен. Бірі әмір беріп, екіншісі оның бұйрықтарын орындап, қызмет етумен күндер өтіп жатыпты. Күндердің күнінде аптап ыстық пен аштықтан сол өңірде көптеген адам көз жұмыпты. Сонда кедей қызметші «Қожайыным екеуімізді танитындар жоқтың қасы, бәрі жұтта өліп кетті. Менің сымбатты көркім нағыз қожайын болуға лайық қой. Ал мына сұрықсыз ендігі уақытта маған қызмет етсін» деген оймен ауқатты адамға:

— Ей, қызметші, мен саған қожайынмын, – депті.

 Осылайша екеуі сөз таластырып, айтыса бастапты. Олардың бұл тартысы бір әділ адамның құлағына жетіпті. Әлгі адам кімнің қожайын, ал кімнің қарапайым қызметші екенін білу үшін екеуін биік мұнараға кіргізіп, оның терезесінен қолдарын созып сыртқа шығаруын өтініпті. Ал екеуі оның айтқанын істеген екен. Сол кезде жерде тұрған данышпан адам жоғарыдағы баскесерге:

— Ал, енді жақсылап қара да, кімнің қолы қызметшінікі деп ойласаң, соны шауып таста! – деп айғайлапты. Мұны естіген қызметші қолын дереу тартып алған екен. Осылайша жұрт кімнің қожайын, ал кімнің қызметші екенін біліпті.

Аударған: Құралай Мұратқызы

Африка тәмсілі

Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2019 09:37

Адал сезім

Бойында міні жоқ, періштедейін бір сұлу соңынан әлдебір жігіттің қалмай келе жатқанын байқайды. Бұрылып:

— Артымнан неге келе жатсың? – деп сұрайды. Жігіт:

— О, сүйкімді ару, сенің көз сүріндірер сұлулығың мені жіпсіз байлап, соңыңнан ертіп қойды. Мына халық мен туралы «музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын, поэзия өнерін жетік меңгерген сылқым, әрі қыздардың жүрегін жаулаушы нағыз сері» деуші еді. Ал мен басқаға емес, тек саған бар махаббатымды сыйлағым келеді. Өйткені сен менің жүрегімді жаулап алдың! Жүрегім тек сен деп соғады, – дейді.

 Жігітке біраз уақыт үнсіз қарап тұрған сұлу:

— Сен қалай мені сүйіп қалдың? Менің сіңлім менен өткен сұлу, әрі тартымды. Әне, ол сенің соңыңнан келе жатыр, – дейді.

 Лезде тоқтай қалған жігіт артына бұрылып қарағанда жасы жетіп, белі бүкірейген, арқасына ескі жамылғы жапқан кәрі кемпірді көреді. Жігіт сұлу қызға қарай адымдай басып:

— Айтшы, сұлуым, мына сен сияқты періштенің ауызынан өтірік сөз қалай шықты? – деп сұрайды. Оған жымия қараған қыз:

— Досым-ау, маған сезіміңді білдіргенде сен де өтірік сөйледің ғой. «Жүрегім тек сен деп соғады» дей тұрып, басқа қызға басыңды бұрып қарауға қалай дәтің барды? – дейді.

 

Сезімдеріңізге адал болыңыздар!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Шығыс тәмсілі

Дереккөз: pritchi.ru

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 09:45

Періштелер әңгімесі

Екі періштенің әңгімесінен.

Үлкені қоластындағы періштеге:

–  Айт! Бір ауыз сөзбен жеткіз бәрін!

–  Аман-есен. Жұмысқа барып жүр. Әлденеден үміті бар.

–  Неден?

–  Айту қиын. Екі рет оған керемет түс көрсеттім, бірақ байқамайды. Жұмыстан шаршайтынын айтады.

–  Ал жұмысында не жағдай?

–  Әдеттегідей. Басшылық. Қарбалас. Қаңқу сөз.

–  Басшылық қатал ма?

–  Айтарлықтай ештеңесі жоқ. Өзге басшылар сияқты-ақ. Неге екені, ол өлердей қорқады...

–  Қорқынышын сейілтіп көрдің бе?

–  Әрине. Кеңсеге барар жолда-ақ байқап көрдім. Тіпті аспанындағы бұлтты сейілтіп, күннің көзін көруіне бар жағдайды жасап бақтым.

–  Әтірінің иісі-ақ алыстан елітіп әкетер бейтаныс сұлумен таныстырып көрмедің бе?

–  Олай ренжіте көрмеңіз... Метрода тіпті бетпе-бет келтірдім де...

–  Қалай?

–  Өзгеріссіз! «Кешіріңіз» деді де, өз ойының жетегінде кетті...

–  Ал жұмыстан кейін немен айналысады?

–  Дүкен. Теледидар. Ыдыс жуу. Интернет. Ұйқы.

–  Теледидарын бұзып көрмедің бе?

–  Көрдім. Жаңасын сатып алды...

–  Интернетті өшіріп ше?

–  Бес күн қатарынан өшірдім. Ол жұмыста қалуды шығарды. Түннің бір уағына дейін.

–  Ал демалыс күндерін қалай өткізеді?

–  Түске дейін ұйқы. Пәтерін жинау. Кешке – достары, мағынасыз әңгіме, арақ-шарап. Түн ортасында үйіне келеді. Тағы да теледидар немесе интернет.

–  Ал ол қайда (болашақ екінші жартысы)?

–  Көз алдында. Араларында үш-ақ үй. Тіпті азық-түлікке де бір дүкенге барады.

–  Кезекте тұрғанда кездестіріп көрдің бе?

–  Әрине! Автобус аялдамасында да, мерекелерде де талай кездестірдім.

–  Екеуінің тағдыр жолдарын тексердің бе?

–  Бәрі де сәйкесіп-ақ тұр... Бірақ бұл қала... Мұндағы өмір салты... Мен шаршадым! Бұл – орындалмас тапсырма!

–  Ендеше, ең әсерлі құралдарың қайда?

–  Міне, басеке! Жоғары температура, тұмау. Сынық. Жарақат. Көлік апаты. Дағдарыс. Өрт. Қаржылық қиындық...

–  Жетеді! Махаббат жолында мұндай соңғы амалға баруға рұқсат! Тек бұлардың біреуін ғана қолдан! Орында!

–  Құп болады!

Алла Тағала нәсіп еткен жақсылықтар мен мүмкіндіктерді уақытылы байқап, бағалай білуді үйренейік! Періштелеріміздің соңғы амалға баруына себепкер болмайық!

Автор белгісіз.

Аударған: Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2019 14:33

Тәуелсіздік жырлары

Біз қазақтың баласы

 

Күн күлімдеп көгімде

Арайлап атқан таңым бар,

Досына ашық құшағы

Дұшпанға берік қамалы

Бойымда қызу қаным бар,

Таптатқызбай намысын

Қорғайтын ата Заңым бар!

 

Қалып қойды мәңгі тарих бетінде,

Тәуелсіз жыл тайға таңба басқандай.

Желтоқсанның Қайрат, Ләззат, Ерболы,

Қарсы шықтың елің үшін жасқанбай.

 

Жаны жомарт кең қолтық,

Біз қазақтың баласы.

Сара жолды сап берген,

Нұрсұлтандай данасы.

 

Ақыл ойлы кемелді,

Таразыны тең басып,

Мойындатқан әлемді,

Мақтанышым Елбасым.

 

Айман МҰҚАНОВА,

Тескенсу ауылы

әйелдер кеңесінің мүшесі

 

Бейбіт күнді қадір тұт!

Тарих бетін дәріптер.

Ұлт тағдыры – ұлық дүние,

Тәуелсіздік – қол жеткізген,

Тәу етер ол жалғыз кие!

Ұрпағына аманат,

Соны түсін, қадір тұт!

Жасама сен қиянат,

Болсын мәңгі береке-құт!

 

Қара суық сол күндердің,

Қалды бүгін жарасы.

Бейбіт күнді қадір тұт,

Әр қазақтың баласы!

 

Қыздарға менің айтарым,

Ұятты бол,ар сақта!

Ұлдарға бар айтарым,

Намысты бол,ел сақта!

Отан үшін, ел үшін,

Ерінбей сен еңбек ет,

Тәуелсіздік тұғырын

Еңбегіңмен биіктет!

 

Балғын ШОРМАНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

 

Барыс мінез, жүрегі һәм болаттай

Тәуелсіздік құтты болсын,қазағым!

Өтті бастан азалы күн, қаза күн.

Өзін емес ұрпақ қамын ойлаған,

Батырларға арнап жырды жазамын.

 

Қазақтарды жау қолына қаратпай,

Қарсы шықты мерген атқан садақтай.

Қазағымның жалындаған жастары,

Барыс мінез, жүрегі һәм болаттай.

 

Қадамына шектеу қойып Колбиннің,

Қайрат, Ләззат қамықпастан қол жидың.

Қарулы әскер қысым берді жастарға.

Қарсы тұрды қазағы үшін қасқалдақ!

 

Желтоқсанда көтеріліс тоқтады,

Колбиніңді тақтан қуып тастады.

Орындалып армандары Қайраттың,

Елімізде бейбітшілік орнады!

 

Аян Дәурен,

«Ш.Уәлиханов атындағы орта

мектептің 9 «Б» сынып оқушысы

Дүйсенбі, 02 Қыркүйек 2019 10:39

Жас талант Аяланың шығармашылығынан

Бастауышпен қоштасу

Біз мектеп табалдырығын аттағалы да зулап төрт жыл өте шығыпты. Ең алғаш мектепке келгенім, өз сыныбыма қалай кіргенім, қымсына келіп партаға қалай отырғаным, бəрі көрген түстей есімде. Апайымыз бізге өзін таныстырып жатып, əрқайсымызға ойлы көзбен қарағаны да есімнен кетпейді.

Балалықтың қызығымен шуласып жүріп төрт жылдың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз.  Енді,  міне ересектер қатарына да ілініп қалдық. Мектебімізге, сынып жетекшімізге алғысымыз шексіз. Мұғалімнің зор еңбегінің арқасында əріп танып, өз бетімізше едәуір шығарма жаза алатындай дәрежеге жеттік. Бұдан былай сабағымызды жақсы оқып, мектебімізді үздік бітіруге барынша аянбай кірісетін боламыз. Болашақта білікті маман болып, еліміздің бақытты келешегі үшін өз үлесімізді қоссақ дейміз.

***

Азаттық рухы – «Алтын адам»

Сонау өткен замандардан

Атам қазақ болғалы,

Толы небір шежіреге

Туған жердің қойнауы.

 

Өтті бастан аласапыран

Талай қанды шайқастар,

Құрбан болған талай батыр,

Жауды көрсе ойқастар.

 

Небір əділ билер өткен,

Қара қылды қақ жарған.

Небір дүлдүл шешендерде

Қысылғанда топ жарған.

 

Көк тіреген тауларындай

Арманы да тым асқақ

Қайыспаған жүрсе дағы,

Қар жамылып, мұз жастап.

 

Жері қандай шексіз болса,

Пейілі де ақ жарқын.

Қандай нəубет болса дағы

Қорғай білген өз халқын.

 

Тойын тойлап, жырын жырлап, 

Бастырмаған кеудесін.

Сақтық үшін сыртқы жаудан

Босатпаған кермесін.

 

Бар əлемге мəшһүр болған,

Қазағымның ерлігі.

Тәуелсіздік алғанымыз,

Қайсар мінез өрлігі.

 

Тарихымыз бастау алған,

Сонау көне заманнан.

Соған дәлел "Алтын адам"

Жаһанға аты таралған.

Тапқан кезде біздің жерден,

Алғаш алтын адамды.

Елең етіп, қызықтырған,

Дүр сілкінтіп ғаламды. 

 

Бұл қазақтың тарихына,

Тартқан сыйы дәуірдің.

Көзайымы - мақтанышы,

Барлық қазақ бауырдың.

 

Ашылмаған жұмбағы көп

Ғасырлардан сыр тартқын.

" Алтын адам" асыл мұра

Мақтанышы ұрпақтың!.

 

Əйел ме ?Ол ер адам ба?

Жас па? Əлде егде ме?

Қайдан келген? Қай ғасырда?

Елге сіңген кезбе ме?

 

Патша ма? Қас батыр ма?

Елі үшін баз кешкен,

Ділмар ма, əлде би-болыс па?

Əділ шешім нақ кескен. 

 

Осы жағын дəл анықтау,

Ғылымға зор, қайыр сын.

Ақ-қарасын түйіндеуін

Тек мамандар айырсын.

 

Тәуелсіздік мерейіміз,

Мәңгі бақтың қонғаны.

Шаттығымыз, бақ күніміз,

Артып орта толғаны.

 

Ырыс-нəсіп тасый берсін,

Байлығымыз сарқылмай. 

Əр күніміз берекелі, 

Жарқырасын алтындай!

***

Анашым

Асыл анам қорғаушым да тірегім,

Пəк көңілмен мақтан етіп жүремін

Əрбір ісің маған үлгі өнеге,

Сен бар жерде еркін ойнап, күлемін.

 

Өзің баптап балапандай түледім,

Тек сенімен бақытты өмір сүремін

Мейіріммен еркелетсең шаттанам

Лүпіл қағып балалық жас жүрегім.

 

Күндей шалқып, шұғылаңды төге бер,

Жан анашым саған жан жоқ теңелер

Сенің жайлы құшағыңды аялы

Жаным гүлдеп рахатқа бөленер.   

 

Жүре берші жабырқамай күлімдеп,

Бар тіршілік ана алдында жүгінбек

Бақыттымын, алаңсызбын, еркінмін!

Өзің барда еркелетер күнім деп.

 

Тынбай алға бастап өмір желісі,

Ақыл, сана, ұшқыр ойдың кеніші

Менің əрбір жетістігім өзге емес,

Анам сенің еңбегіңнің жемісі!

Алтын ұя мектебім

Мектебім əлпештеген, аялаған,   

Өнері мен білімін аямаған.

Төрт жыл бойы балалық еркелікпен,

Мейірімді құшағыңды саялағам.

 

Білімнің өр жолында қанат қағып,

Аянбай құштарлықпен талаптанып. 

Алтын ұя мектебім құшағыңнан,

Ұшармыз қарлығаштай қанаттанып.

 

Аяла АБДРАХМАНОВА.

Шелек ауылы,

№1 орта мектебінің

7 «Ә» сынып оқушысы.

Сәрсенбі, 15 Мамыр 2019 10:20

Түнгі шайқас

Сұрапыл соғыс та бітті. Бірақ көптеген боздақтар майдан даласында қалды. Қайтып келгендер – көбісі жаралы не жарымжан болғандар. Соғыстан бұрын туған балалардың әлі де болса буыны бекіп,  қабырғасы қатпаған кез. Соғыстан кейін де ондаған жылдар бойы жұмыстың ауырын әйелдер атқарды. Қақаған аяз, ақтүтек борандарда шиеттей бала-шағаларын асырау қамында шұрық тесік қоралардағы қойды қасқырға бермей, аяулы аналар жанқиярлық еңбек етіп жатты.

1949 жыл. Қаңтардың сақылдаған аязы бет қаратар емес. Қарашеңгел бөлімшесінің екі отар қойы бір жерде қыстап отыр. Қоспа қораның бір жағы бір көзінен айырылып, жамбасына оқ тиіп, бір санын сүйретіп келген аға шопан Құрымбаев Жақашбайдікі. Қақаған аязда жарықшақ қалған жамбасы қақсай берген соң, ол қойды бірге күзетіп тұрған Зімиләға: – Мына қу соғыстың жамбасына салып берген жарықшағы жанымды жегідей жеп барады. Шыдар емеспін. Мен барып мұны тұзбен қыздырып келе қояйын. Ертең қой бағуға жарайтын түрім жоқ. Екі қора саған аманат. Бір лажын жаса, – деп ілбіп басып жанына келді. Зәмилә қарсылық білдірмеді. Азаматтар қан майданда жүргенде: – Құдай-ау, боздақтар мен балалардың әкелерін жау оғынан сақтай гөр! Жанында болсақ сол оққа біз де төсімізді тосар едік қой, – деп талай таңды көзбен атырғаны есіне түсіп, келісім берді. Ол кеткелі де біршама уақыт өтті. «Бұл байғұс тұра алмай қалды ғой шамасы, мейлі демалсын» деп ойлады. Сонан соң қымтана түсіп, қолындағы таяғын сығымдай ұстады. Үстіндегі қолдан тігілген шұбатылған ескі тонның шалғайларымен тізесін ысқылап, басындағы жүн орамалын маңдайын жаба түсіріңкіреп қойды. суықтан жарылып кеткен беті мен ерні дызылдағандай. Көбіне ұлыған жел ішін тартқан сәтте тың тыңдап, анда-санда дауыстап қояды. Ысқырған долы боран бір толастар емес. Күндегі әдетінше алыстан қасқырдың ұлыған даусы естіледі. «Ауылда сес көрсетер еркек жоқтығын бұлар да біледі» деп іштей күбірлеп қойды. Елегізді. Денесі тітіркеніп қай-қайдағы ойына түсті. «Жасұланым тірі болса ғой, жаныма серік болар еді. Биыл күзде он жетіге толар еді-ау құлыным. Құдай маған оны да қимады... Кез келген жерінен қасқыр жарып кіреді. Мынадай боранда ит екеш ит те бас сауғалап ықтасын іздейді. Ит болса біздің Қарауыздай-ақ болсын. Шамасы келгенше аянбайды-ау бейшара. Бірақ мына боран о байғұстың да берекесін қашырды, білем Оның үстіне тамағы да нашар. Әттең, екі уақыт майлы жуынды не ботқа ішсе, қасқырдың қандай арыстанымен болса да алысар еді, алам қанша. Әлгі Зағипа мен Күнімге бір уақыт көңілдеріңді бөліп, құлақтарыңды сала жатыңдар деп Жақашбай айтқан шығар-ау. Олар да тым-тырыс. Мына боран да ештеңені естіртер емес. Оның үстіне суықта киетін үшеуара жалғыз тон. Ол менің үстімде. Олар қалай шықсын далаға...»

Аспанға қарап еді, жұлдыздар көрінді. «Бұған да құдайға шүкір. Жетіқарақшының құйрығы Бақанастың төбесіне барып шаншылыпты. Түн жарымы болған екен ғой. Түн ұзақ. Бір уақ қораның ана тесік жағынан ішіне кіріп, қойдың арасынан бой жылытайыншы, мына жел өңменімнен өтіп кетті ғой. Қасқыр қораға кірсе, мына тұстан кіреді». Ол үңірейген тесіктен ішке кірді. «Осы жерде отыра тұрайын, естуіме жақсы».

Ол ішке енгенде қойлар аздап толқи ығысып тоқтады. Адам екенін білген соң тіпті, айнала қоршай ұйлығысып, шоғырлана түсті. Зәмиләнің денесі әжептәуір жылып, өн бойына ұйқы үйірілгендей. Ысқырған долы боранның уілі, қойдың анда-санда пысқырғаны, күйіс қайырғаны, ыңыранғаны ғана естіледі. Ұйқы да жау. Әйтсе де, екі отардың жауапкершілігі есіне түскенде бойын жиып ала қояды да, ұйқысы сергіп кетеді. Осылайша тағы біраз отырды. Бір кезде қораның өзі көз айырмай қарап отырған саңылауын қараңғылық басқандай болады. Ол селк ете қалды. Әлде көзі ілініп кетті ме. Жоқ. Дегенмен де бойы мұздап, ұйқысы шайдай ашылып кетті. Сезімі алдамаған сияқты. Саңылаудың үстінде қарауытқан нәрсе қимылдағандай болды. Қарауыз ба? Ол болса бір дыбыс берер еді. Мынау қасқыр! Иә, анық қасқыр! Құлағын жымырғандай басын бір көтеріп, бір түсіріп, мойнын қораның ішіне қарай сұғып тұр. Алдыңғы екі аяғын тесіктің ернеуінен салбыратып жіберген. Зімилә айғайлап жіберді. Бірақ даусы шықпады. Қасқыр тесіктен секіріп, дәл алдына топ ете түсті. Осы кезде жан ұшыра үріккен қойдың дыбысын естіп, сырттағы қарауыз арсылдап қораның о шетіне бір, бұ шетіне бір жүгірді. Ешкім шыға қоймаған соң арсылдап барып, жер кепенің есігін соқты. Мұның бәрін Зімилә естіп отыр. Қасқыр қалың қойдың арасына кіргенде ғана ол есін жиды. Бөрінің соңынан жан ұшырған күйі таяғын ала ұмтылды. Бар күшін салып таяқты жоғары көтерген бойы қасқырға сілтей беріп еді, аласа қораның төбесіндегі бөренеге тиген ол қолынан ұшып кетті. Қасқырдан көз жазып қаламын ба деп сезіктенген Зәмиләнің мұршасы болмады. Қойдың арасынан бұлтара алмай жүрген қасқырдың үстіне төніп барып атылған бойда екі қолымен екі құлағына жармаса кетті. Қасқыр да сытыла қашпақ болып алға ұмтылғанда қос құлақтан қадалған қолды жұлып кете алмай екі артқы аяғынан тік шаншылып тұрып қалды. Арланның бойы өз бойымен теңескен сәтте оның салмағымен шалқалап құлай жаздаған әйел жан дәрмен, бар қуатын бойына қайта жинап, оны етпетінен салды да екі қолымен құлақтан айырылмастан үстіне атша мініп, еркін отырды. Жанталасқан қасқыр төрт аяғына қайтадан тік тұрып, аузын арандай ашып, тонның екі жеңін кезек-кезек шайнай берді. Қарауыз кепенің есігін соққанда Зағипа басын жастықтан жұлып алды. Күнім, әй Күнім, Жақашбай қайда? Тез далаға шықшы. Қарауыз есікті соғып жан ұшырып, дауысы сенбей үріп жатыр ғой. Күзетшілердің үні шықпайды. Қора жақты бір шолып қайтшы. ол Жақашбайдың ауырып, үйге келіп жатып қалғанын білген жоқ еді. Күнім қолына түскен киімді иығына іле сала, жүгіріп сыртқа барып дауыстады. Зімиләнің дыбысы естілмейді. Қарауыз неге үсті-үстіне үріп, қораның артына қарай жан ұшырып барып қайтып жүр, әрі таман барайын деп қораға қарай бір-екі аттады да, қараңғылықтан қорқып қайтадан жеркепеге қарай ығысты. «Зімилә киіз жаппаға кіріп ұйықтап қалғаны ма? Зімилә-ау! Зімилә деп жаппаға жақындап барып айқайлады. Бірақ, ешкім дыбыс бермеді. Жақашбай жаңа ғана тыныс алып еді. Ол байғұсты оятпай-ақ қояйын. Неде болса, қарау жүрген жерге дейін барайын» деп тәуекелге бел буды. Оның ойын сезгендей Қарауыз жүгірген күйі келіп, Күнімнің етегін бір соғып, қораның артына қарай зымырай жөнелді. Күнім де асыға басып солай жүрді.

Зімилә қасқырмен алысып жатыр. алдыңғы екі аяғы бүгілгенмен артқы екі аяғымен жер тіреген көкжал да берілер емес. Қасқыр қолға түскеннен кейін-ақ, оған күші жететінін білген Зімиләнің даусы енді еркін шығайын деді. «Зағипа апа! Күнім!» деп дауысы сенбей айғайлай берді. «Бұл қасқырды жібере қоймаспын. Барық бөрі түнде жалғыз жортпаса керек еді ғой. Қалғандары келіп, қойды қырып кетсе ше?» деген ой қатты үрейлендіріп жіберді. Осы сәтте қораның ық жағынан келе берген Күнім қораның ішіндегі Зәмиләнің: «Күнім! Балта әкеліңдер!» деген даусын анық естіді. Дөңестеу жермен адымдай басып қораға жақындай түсті. Енді дауыс анық естілді.

  • Мен қасқыр ұстап отырмын, балта әкеліңдер!

Күнім жүгіріп үйге қалай жеткенін білмеді.

  • Зағипа апа! Жақашбай! Қасқыр... Балта... Зәмилә ұстап отыр, - деп айғайлаған бойы кепеге жақындағанда, Жақашбай да шығып келе жатыр еді...

Зәмиләнің қасқырдың құлағын қысқан екі қолы қарысып, қатып қалған. Аш қасқыр арпалыса-арпалыса әлсіреп барып құлап түсті. Бірақ арсылдап ескі тонның екі жеңін кезек жайнап жанталасуда. Көмектен күдерін үзген әйел қасқырды үйге қарай сүйремек болды. Бірақ ол ойынан тез қайтты. Ұстаған жерден қолы босаса, қасқырдан айырылып қалатындай көрінді оған. Енді қолын құлақ түтпен мойынға жылжытпақ болып еді, қарысып қалған саусақтарын ажырата алмады.

Енді байқады, денесін тер жуып кеткен екен. Денесі қызған соң қайта біте бастағандай. Алғашында айтқанына көндіре алмаған ол тістеніп алған. Құлақ түптен ұстаған күйі, қасқырдың тұмсығын жерге ұрғылай берді.

  • Ау, Зәмилә! Қайдасың! Қалай кіремін қораға? – деген Жақашбайдың даусы естілді.
  • Тесіктен! – деп айқайлап жатып та ұрғылай берді.

Жақашбай мен Күнім бірінен бірі қалыспай тесіктен секіріп түсті. Жақашбай Жамбасының қақсағынан да ұмытып кеткен. Күнім шырпы жағып жарық бергенде Жақашбайдың балта ұстаған қолы қалтырап, тонның екі жеңінің арасынан көріне берген қасқырдың қан болған тұмсығына үш-төрт сілтеп барып әрең тигізді. Қасқыр бір ышқына қырылдап, сылқ ете қалды. Оның өлгеніне енді ғана көзі жеткен Зәмилә қарсыласының үстінен түсіп, бойын жазбақ боп түрегеле беріп еді, көкжалдың қан-қан болған басы қарысқан қолдарымен қосыла көтерілді...

Осы оқиға кейін бүкіл аймаққа аңыз боп тарап кетті.

 

Түйін орнына: Исағұл Сәбитұлы бізге бұл туралы хат жолдапты. Онда Батыр ананың ерлігін естіген совхоз басшылары 500 сом ақша, 1 қой сыйға бергендігін жазған. «Осы оқиғаның шынайы куәгерлері қазір Қырбалтабай ауылында тұрады» деген екен автор.

Баспаға әзірлеген Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Сәрсенбі, 08 Мамыр 2019 16:32

Қайғымен өтті өмірім...

Ағамның қолжазбаларының іші-нен соғыста қаза болған екі баласын Қалитайын, Уәлиін, ауырып қайтыс болған Әнуәрін жоқтаған Иләй апамыздың атынан жазылған осы өлеңді тауып алдым. Өмірде не қайталанбайды. Өзіміз күнде естіп жүрген Алтынбек Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» әнінің кейіпкері тура осы Иләй апамыз ба дерсің. Бір-ақ айырмашылығы Иләй апа аққұба ашық өңді ақжарқын адам еді...

 

Қайран күн қайғыменен барады өтіп,

Ағарып шаш та қалды, жас та жетіп.

Сексенге келді жасым - әлі жоқсың,

Соғысқа екі бірдей бала кетіп.

 

Қалитай асыл жанды кім білмеген?

Жас болып өз бетімен бір жүрмеген.

Бас қосқан ойын-сауық әзіл сөзде

Құрбы жоқ сені ол күнде еш күндеген.

 

Жарың жоқ үйленбеген кеткеніңде,

Хабар болды соғысқа жеткеніңде.

Көп жылдар бір ауыз сөз ести алмай

 Шын сенен хабар болмай кеткеніме?

 

Зарлаймын, үміттенем - көңілім

жарым.

Хабар жоқ кеткеннен соң Уәли

жаным.

Қайғырып кетпейді естен жатсам,

тұрсам

Соғыста не болды деп сенің халың?!

 

Қартайдым қайғыменен, азды көңіл,

Жүк емес тартуға әзір маған жеңіл.

Хабарсыз болғаннан соң екі

асылым,

Жас ағады екі көзден ағыл-тегіл.

 

Жүрегім күнде толқып, ойлауменен

Бойға ас тарамайды ішіп-жеген.

Себебін біле алмадым,

қартайдым ба?

Аллаға сыйынамын қам көңілмен.

 

Кең дүние қара басқа қараңғы түн.

Бұл жазған өлең емес бастағы мұң.

Әнуар өліп кеткен болса тірі,

Маған да болар еді бір жарқын күн.

 

Ойлаумен өткен күнді көңіл жасып,

Терең ойды ақылменен қайғы басып.

Шарқ ұрып көл жағасын мекендеген

Секілді бір қоңыр қаз мен адасып.

 

Тілегін мен тілеймін қалған жанның,

Ұядан қанат қаққан жас қыранның.

Амантай тірі болсын балалармен –

Тілегі қалжыраған ғазез жанның.

 

– Алладан шын тілегім ехласпен,

Қартайған сексендегі қайран жаспен.

Алдында жалғызымның алсын мені

Жерлеңдер белгі қойып қара таспен.

 

Ұлы Жеңістің 30 жылдығы – 1975 жылы бүгінгі «Жас Алаштың» сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бір бетін толтыра, Сталинград қаласын қорғау майданында қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің аты-жөндері жазылған екен. Менің Иләй апамның соғыстан оралар деп күтіп жүрген қос құлыны – Қалитайы мен Уәлиінің аттары сол Сталинградтағы (қазіргі Волгоград қаласы) Отан-ана (Родина мать) ескерткішінің алдындағы тізімінің ең басында мәрмәр тақтаға жазылыпты. Қос боздақтың тегі Абжанов еді...

 

Хайролла Қасымұлы,

«Ата көрген» кітабынан.

Дүйсенбі, 06 Мамыр 2019 15:02

Мен ғашықпын жігітіне қазақтың

Сендей ұл бар бақытты қазақ қандай,

Селк етпейтін күтсе де азап қандай.

Түр-тұлғаң мен сымбатың жарасып тұр,

Батырыма күллі әлем қызыққандай.

 

Жүрегіңде бүр жарып ашылғанмын,

Сәл жымисаң шуақ боп шашылғанмын.

Еркелетер ер жүрек ерлерім бар,

Мен Тәуелсіз, қазақтай асылданмын.

 

Нәзік жаным өзіңмен егіздейін,

Қазық қызы бұл қайткенің, – дегізбейін.

Арысымды мен іштей ұнатсам да,

Жатқа жар сап, сезімді сездірмейін.

 

Мен дербеспін, алдан туып ғажап күн,

Алып берген алашыма азат күн.

Қорғаны мен мақтаны бар елімнің,

Мен ғашықпын жігітіне қазақтың!

 

Еркежан ҚУАНЫШ.

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет