Сәрсенбі, 07 Наурыз 2018 16:12

Тілегіміз – тыныштық

Бейбітсүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған хандар мен батырлар, билердің ел амандығы мен тыныштығын сақтауға зор үлес қосқаны мәлім. Осы игі үрдіс жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан өзін мойындатып келеді. Аяулы арман, асыл мұраттың аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан ауқымды саяси қадамдар жасалып, бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланып жатыр.

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», – деп, халықты бірлікке шақырған. Татаулық, ынтымақтастық мәселесі Елбасының барлық Жолдауларында айтылған. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге мәлім мемлекет. Жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында жиналып, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Діні, ділі мен тілі, түсінігі бөлек халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Ел ішіндегі татулықты күшейту мақсатында талай ауқымды шаралар мен беделді бастамалар қолға алынып келеді. Қазақ елінің

тектілігі мен Елбасымыздың сұңғыла саясаткерлігі мен сындарлы қадамдарының арқасында күллі халық татулықты тайдырмай, көк аспан астында бейбіт күн кешуде. Бүгінде тәуелсіз елімізде этносаралық достық пен бірліктің негізі берік қаланды. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамытып, Отанымыздың баянды болашағы үшін адал қызмет ету. Сағыныш

САБЫР, Абылай хан атындағы орта мектеп оқушысы. 

Сәрсенбі, 07 Наурыз 2018 15:58

Рухани тәрбиенің қайнар көзі

Рухани тәрбиенің қайнар көзі Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілікке толы асыл қасиеттерді жастардың бойында қалыптастыру аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан, ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты.

«Естілердің сөздерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады», – демекші, жақында Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте «Абайдың нақыл сөздері – рухани-адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі» атты кітапханалық сабақ өткізілді. Ұлы Абайдың даналық сөздерін талдап, мағынасына көңіл бөліп, есте сақтап, насихаттау және сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шарада оқушылар дара данышпанның өміріне шолу жасап, шығармаларын талқылап, өлеңдерін оқыды. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін талдап, қандай бес асыл істі жанына серік етіп, қандай жаман қылықтардан арылу керегін анықтады. Абайдың «Қара сөздеріндегі» адамгершілік идеялармен танысып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Арнайы кабинетте өте қызықты өткен сабақ балалардың білім алуға деген ынтасын арттыра түсті. Шара соңында оқушылар ақынның әндерін орындап, «Әлем таныған Абай» атты кітап көрмесін тамашалады. С.САДЫҚОВА, кітапханашы.

Сәрсенбі, 07 Наурыз 2018 15:55

Үздіктер бас қосты

Жақында «Рухани жаңғыру» Ұлттық бағдарламасы аясында аудандық білім бөлімінің келісімімен, Алматы облысы бойынша өкілдігінің директоры Фарида Абыханованың ұйымдастыруымен Р.Тоқатаев атындағы орта мектебінде өнер фестивалі, ғылыми конференция және зияткерлік турнир өтті. Шараға «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің президенті, академик Әбен Нұрманов, Вице-президент профессор Турсун Разиев, ұйымдастыру бөлімінің басшысы Аят Мәлібекұлы, Алматы облысы бойынша өкілі Әсет Алжанбай қатысты. Жиын барысында талантты оқушылар әртүрлі сала бойынша ғылыми жұмыстарын қорғады. Сондай-ақ, турнирде мәдениет, өнер, білім саласындағы танымал қайраткерлер мен профессорлар, тәжірибелі  ұстаздар төрелік жасап, үміткерлердің жас деңгейіне сай жеңімпаздарды анықтады. Әбен Нұрманов жеті ұстазды «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медалімен, төрт ұстазды «Білім беру сала-сының озаты» медалімен марапаттап, запастағы капитан Ә.Алжанбаймен бірге аудан мектептерінен қатысқан 105-тен  аса оқушыға арнайы І, ІІ, ІІІ-дәрежелі дипломмен бірге төсбелгі табыстады. Жеңімпаз-дардың жетекшілері Алғыс хаттарға ие болды. Ерекше дарындылар да сайыстан бос қайтпай, «Бейбітшілік әлемінің» арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Бас жүлде мен І орын жеңімпаздары Дубай қаласында өткізілетін конференцияға жолдамалар алды.                                                                Қайрат ӘУКЕН, аудандық білім бөлімінің әдіскері. 

Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының (ӘТВЕО) Еңбекшіқазақ аудандық бөлімшесінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы талқыланды. Цифрлық дәуірге аяқ басқан еліміздің ең дамыған елдер қатарына қосылудың алғышарттары − осы технологияны батыл игеру екені аталды. Сонымен қатар, аудандық ӘТВЕО ұжымының алдында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Х.Ахметжанов және аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Т.Ұзақов сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою тақырыбында баяндама жасады. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев «Нұр Отан» партиясының құрылған күніне орай мүшелікке қабылданған азаматтарға партиялық билеттер тапсырды. Өз тілшіміз.

Сәрсенбі, 07 Наурыз 2018 14:19

Әлеуметтік салалар жедел дамиды

Ағымдағы жылдың алтыншы ақпаны күні аудан әкімінің жиын залында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін талқылау мақсатын-да жиын өтті. Жиын Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өңір басшысы Амандық Баталовтың бастауымен аталған тақырыпта өткізілген облыс активінің видео-конференциясымен басталды. Облыс әкімі Елбасы үндеуі-нен туындап отырған бес бағыттағы әлеуметік бастамаларымен та-ныстыра отырып, бұл тұрғыдағы облыстық салалық басқармалар және аудандар, қалалар басшыларының міндеттерін анықтап берді.

Бұдан кейін актив жиынын жүргізіп отырған аудан мәслихатының хатшысы Бекет Ахметов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуімен таныстырып, әр салада атқарылар жұмыстардың бағытын саралап, сараптау үшін сөзді аудан әкімі Бинәлі Ысқаққа ұсынды.

«Қытымыр қыстан қатты қысылмай шыққан тұрғындарымыз үшін наурыз айы Елбасымыз айтқандай Алғыс айту күнімен Наурыз мейрамына ұласады» – деп бас-тады сөзін әкім. – Ал сол көктем айының сегізінде ақ жаулықты аналардың, қыз-келіншектердің мейрамы бар.

ҚР Президенті үндеуінде ипотекалық несиенің бұрынғы 14-тен 16 пайызға дейінгі өсімі әр жылға 7 пайыздан аспайтынын, бастапқы жарнаның алдымен 30, кейін тіпті, 50 пайызға дейін банктер талап етсе, бұл «7-20-25» бағдарламасы бойынша жарна 20 пайыздан аспауы тиіс, ─ деп астын сызып тұрып атады Елбасымыз. Бұған қоса бұрынғы он-он бес жыл емес, 25 жылға дейін берілетіндіктен несиенің ай сайынғы төлемі де азаятыны анық.

Ал аудан орталығы мен Шелек ауылында ғана көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жоспарлап қоймай, әрбір ауылда баспана салу ісін дамыту қажет, ─ дейді әкім. Бұл жұмыста кеңес кезіндегі кеңшарларда қолданылған тұрғындарға үй салу тәжірибесін қолданған тиімді. Айталық, он екі пәтерлі үйлер де салынатын еді ғой.

Баспана мәселесін айта тұра әкім көппәтерлі үйлерді газдандыруды алғашқы кезекке қоюды тапсырды. Ал газдандыру еліміз бойынша 50 пайызға жеткенін хабарласа Елбасымыз,бұл көрсеткіш ауданымызда да осы деңгейге жақын.

Жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесі он есе азайтылып, бір пайызға дейін төмендетіледі де, осының есебінен еңбекақы да көтерілетін болады.

Жыл сайынғы жоғары білім алушыларға бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант қосылатын болады. Төртінші өнеркәсіптік революцияның талабына сай техникалық мамандықтар бойынша грант саны көбейтіліп, 11 мыңға жеткізіледі.

Төртінші бастамасында Елбасы шағын несие беруді екі есеге дейін көтеру көзделгенін хабарлады Үндеуінде.

Аудан әкімі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын түсіндіруге арналған баяндамасын Елбасының өз сөздерімен аяқтады:

«Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы.

Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде.

Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек.

Берекелі бірлігімізді көздің қарашығын-дай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.

Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстан-дағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты.

Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік.

Сонда ғана, халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді.

Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады.

Осыны үнемі есте тұтып, тың міндет-терді тындырымды жұмысқа ұластырайық!

Іскесәт!

Қ.Қасымұлы.

Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады.

Құрметті қазақстандықтар!

 

Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны бар. Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап өтеміз. Сонымен бірге, бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде. Қымбатты әйелдерімізді де мерекесімен наурыз айында құттықтаймыз. Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған. Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды. Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды. Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді. Осындай өзара құрмет пен сенім мызғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айналуда. Жақсылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашан да биік. Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Мен этно-мәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық білдіремін. Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік. Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын. Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат – осы. Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді. Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды! Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз. Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алады. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс. Жаңа ұсыныстардың маңыздылығын ескеріп, мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларымды өздеріңізбен талқылау үшін бүгінгі Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысын шақырттым. Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз. Қымбатты достар! Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз. Мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын ұсынамын. Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады! Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек. Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд. Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым. Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді. Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді. Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президенттің бес бастамасы – осы. Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады. Үкімет пен Ұлттық Банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын. Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуді өтінемін. Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді. Халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды. «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады. Құрметті отандастар! Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймын. Оны іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түспек. Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет – әлеуметтік мемлекет. Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тіккен елміз. Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін. Ардақты ағайын! Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген. Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы! «Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан қалған қағида. Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана жерін жаудан тазарта алды. «Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны айтқан. Қазақтың осынау 3 ханы – ел тарихындағы 3 асқар тау, оларды асқақтатқан – ел бірлігі. Сонымен бірге, алтыбақан алауыздықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездер де аз емес. Бұл да – тарихтың ащы сабағы. «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде. Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана, халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді. Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады. Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа ұластырайық! Іске сәт!

Толығырақ: https://egemen.kz/article/165743-nursultan-nazarbaevtynh-prezidenttinh-bes-aleumettik-bastamasy-atty-khalyqqa-undeui
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!

Дүйсенбі, 22 Қаңтар 2018 11:55

Мәдени саладағы маңызды серпіліс

Ұлттың ұлттық болмысын айшықтап, халықтың сана-сезімін, таным-түсінігін паш ететін, мемлекеттің әлем алдындағы мәртебесін асыратын бірден-бір құбылыс  – елдің мәдениеті. Ақпараттар тасқынының қаттылығынан мәдениеттер тоғысып,  салт-сана мен болмыс-бітім біте қайнасып кеткен бүгінгі заманда  барлық ұлттың өз ұлттық мәдени мұраларын, рухани құндылықтарын сақтап қалуға, оны жаңғыртып, барынша жарқыратып, әлемге паш етуге деген зор ұмтылысы байқалады.

 

Егемендік алғаннан кейін «алдымен  – экономика, содан соң – саясат» деп ұрандатқан еліміз, енді міне, араға ширек ғасыр салып, жаңғырудың үшінші кезеңі – рухани жаңғыру жылдарына да жетті. Саяси-экономикалық реформалардың рухани жаңғырусыз толыққанды болмайтынын айтқан Елбасымыз бұл тарихи кезеңнің бүгін ғана басталып отырмағанын  тілге тиек еткен еді. Расында, елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет елдерде Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау мақсатында басталып, кейіннен бүтін бір елдің стратегиялық ұлттық жобасына айналып кеткен «Мәдени мұра» бағдарламасы – еліміздің мәдениет саласына әу бастан-ақ ерекше назар қойғанының бір дәлелі. «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған 2004 жылдан бері қыруар жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, 2014 жылы мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру мақсатында Елбасымыздың тапсырмасымен ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Саланың даму бағытын айқындауда темірқазық іспетті болған тұжырымдама қабылданғалы да біршама оң өзгерістер болды. Екі кезеңге бөліп жүзеге асыру көзделген тұжырымдаманың 2015-2019 жылдарға арналған бірінші кезеңінде тұжырымдаманы толық жүзеге асырудың алғышарттары жасала бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы  халық алдында берген есебінде соңғы екі жылда 160 құқықтық-нормативтік акті дайындалып, «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Лотореялар және лоторея қызметі туралы», «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңдарына өзгерістер енгізілгенін айтты. «Осы өзгерістердің арқасында салада қордаланған көптеген мәселелер шешімін табуда»,  – деді министр.

Әрине, бір ғана министр есебі бүтін бір саланың бет-бейнесіне анықтауыш бола алмас. Десе де, соңғы жылдары мәдени саланың едәуір алға жылжып, ел өмірінде елеулі орынға ие бола бастағаны шындық. Халық болып күтіп, тілеуін тілеген «Қазақ Елі», «Алмас қылыш» фильмдері соңында көрермен қауымнан оң баға алды. «Анаға апарар жол», «28 Панфиловшылар» тәрізді патриотизм мен жоғары адами құндылықтарды дәріптейтін салмақты фильмдер отандық кинематографияның  жаңа бір сатыға көтерілгенін айғақтайтындай.  Ұлттық әдебиетті дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – алғаш рет елімізде көркем шығарма авторларына қаламақы төлеу мәселесі заң жүзінде реттелді. Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрлерін басып шығару ісінде министрліктен  арнайы  комиссия құрылып, шығармаларды іріктейтін болады. Бұл да Тәуелсіздік алғаннан бері  қалам ұстаған қауымды толғандырған, түйіні шешілмей келе жатқан мәселе болатын. Елдің мәдени өмірінде елең еткізер тағы бір жаңалық мәдени-туристік кластерлерді дамыту бағытында болып отыр. Тұжырымдамада бұл туралы нақты міндеттер көрсетілген. Сакральді туризмді дамыту мақсатында Ұлттық музейдің жанынан Қазақстанның тұтас аумағындағы ескерткіш орындардың бірыңғай желісін зерттеу және қалыптастыру, Сакральдық объектілердің картасын әзірлеу бойынша «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.

Мәдени саладағы осы тәріздес басты жаңалықтардан бөлек, театр, мұражай, кітапхана ісі, ұлттық музыка, сурет, бейнелеу өнері тәрізді  салаларда да қызу жұмыс, қайнаған тіршілік. Мұражайларды барынша ұлттық мәдени мұралармен толықтырып, заманға сай жабдықтап, үлкен ағарту орындарына айналдыру ісі, кітапхана қорын молайтып, электронды форматқа түгелдей көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Елбасымыз Н.Назарбаев  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көптеген жәйттердің басын ашып көрсетті. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»,  –  деді Елбасымыз. Өркениет көшінен қалмайын, заманымнан ұтылмайын деген саналы қазақтың алдында жаңа заманға сай бәсекеге қабілетті маман болумен бірге, түптамырға оралып, өз рухани әлемін  ұлттық құндылықтарымен толтыру қажеттілігі тұр. Дәстүрлі музыканы қолдаудағы айтулы істердің бірі –  Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы болды. Қала әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен ашылған театр дәстүрлі өнер өкілдерінің қарашаңырағына айналып, халыққа дәстүрлі ән, жыр-терме мен күй, айтыс өнері тәрізді сап өнерден рухани сусындауға  жағдай жасалды.

Ал ауданымызға келсек, былтырғы жылы аудандық  мәдениет үйінің айналасы абаттандырылып, мәдениет ордасына ақын Тұманбай Молдағалиевтің есімі берілді. Есік қаласындағы жастар саябағына  Жамбыл Жабаевтың есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді. Нұра ауылында қоғам қайраткері Сағыныш Есбергеновтың ескерткіші ашылды. Ономастика саласында да айтарлықтай оң өзгерістер жүзеге асырылуда. Биыл бірінші тоқсанның аяғына дейін кеңестік идеологияны насихаттайтын және ескірген 350 көшенің,  Май, Лавар, Космос, Казатком ауылдарының  атауын тарихи-жер су атауларына ауыстыру міндеті қойылыпты.  Қазіргі уақытта облыстық ономастикалық комиссиясына – төрт,  аудан әкіміне – сегіз ұсыныс жолданған.  Аудандық кітапхана мен 15 ауылдық кітапхана оқырмандардың сұранасына сай қызмет көрсетуде. Осы орайда бір айта кетерлігі, ауданымызда, Есік қаласында заман талабына лайықты кітап дүкенінің жоқтығы. Қазіргі уақытта сәнге айналған, еліміз және әлем           бойынша сатылымда алдыңғы қатарда тұрған түрлі мотивациялық, бизнес-психологиялық  кітаптардың аудан тұрғындарын да қызықтыратыны сөзсіз. Ауданда кем дегенде бір кітап дүкені болып, онда ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрлерді насихаттайтын кітаптар  сатылғанда тұрғындарымыздың рухани азық алуына тағы бір қолайлы мүмкіндік болар еді.

Жоғарыда аталған жақсы істердің бәрі, әрине, еліміздің мәдени өмірінде болып жатқан тың серпілістің бір парасы ғана. Соңғы жылдары мемлекетіміз тарапынан мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау осындай мысалдардан айқын көрінеді. Бұл серпіліс ұзағынан болып, тұжырымдамада көрсетілген міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылған сайын,   ұлттық мұра жауһарларының төрткүл дүниені тамсандырып, әлемдік мұралардың қатарынан орын алуына  мүмкіндіктер ашыла бермек.

Нұрбану КАМАЛ.

Дүйсенбі, 08 Қаңтар 2018 20:33

Құрметке лайық Азаматтар

Елбасының «Болашаққа бағ-дар: Рухани жаңғыру» бағдарла-малық мақаласындағы «Туған жерге тағзым» атты іс-шара аясында жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ ауданы-мыздың дамуына зор үлестерін қосқан азаматтардың кеудесіне «Еңбекшіқазақ ауданының құр-метті азаматы» төсбелгісін тақты.

Жамбыл атындағы жастар саябағында өткен шараға мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, әкім орынбасарлары, бөлім басшылары, округ әкімдері, қала тұрғындары мен жастар жиылды. Құттықтау сөз сөйлеген Бинәлі Әбдіқапасұлы көпшілікті жаңа жылмен құттықтай отырып:

– Өтіп бара жатқан 2017 жыл ауданымызда іргелі істермен айшықталып, әлеуметтік-экономикалық маңызды жобалар жүзеге асырылған үлкен жетістіктер мен серпінді дамудың оң қорытындыларына ие болды. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында ағымдағы жылы ауданда бірқатар жаңа нысандар ашылып, әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, экономикамыздың тұрақты өсу қарқыны сақталды – деп, өткен жылы аудан аумағында жүзеге асқан жүйелі жұмыстарға тоқталып өтті. Кейіннен, Бинәлі Әбдіқапасұлы және Бекет Ахметов аудандық мәслихат депутаттары құптаған 10 азаматқа «Ауданның құрметті азаматы» куәлігін табыс-тап, төсбелгісін тақты. Айта кетейік, жақында ғана джиу-джитсудан үшінші рет әлем чемпионы атанып, көк Туымызды әлемдік бәсекеде желбіреткен жерлесіміз Қанат Жақыпбаев та аталған марапатқа қол жеткізді. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаң-ғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер – алтын бесік» атты үздік жоба байқауында жеңіске жеткен және белсенділік танытқан округтерге Алғыс хаттар табысталды. Марапаттау соңы мерекелік концертке ұласты.

 

С.НҰРАДИН.

Әсілінде, қазақ тобықтай сөзге тоқтаған, жауға үшкір қару, дауға ұшқыр қалам тосқан дана халық. Иен далада қыран баптап, тазы жүгірткен, асауды ноқталап, өрнекті өлеңімен өсиет айтып, әуезді әнімен таң атырған дара халық. Иі, қайсарлығы қара тасты үгіт кен, бауырмалдығы қатпар тоңды жібіткен, қаһарынан дұшпан аты үріккен Ұлы Дала Елінің бүгінгі ұландары Сіз бен Біз. Білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын есіл Ерлеріміз елінің ертеңі үшін аттан түспеді. Енді біздің майдалануға хақымыз жоқ. Тіпті, тағдырымызды тасқа қашап қалдырған баһадүрлеріміздің арман-мұратын Елбасымыз орындап, бағытымызды белгілеп, жолымызды анықтап берді. Экономикалық кеңістікте көшіміз көлікті болы. Кеңес тұсында кеткен «көзірлерімізді» қайтарып, қазір асығымыз алшысынан түсіп келеді. Шүкір дейік. Енді тек, санамыз ісімізден озғандығы маңызды. Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген егемен елдің ендігі буыны рухани құндылықтарын жұқартпай, тамырымызды тарихымызбен, салт-дәстүрімізбен суаруымыз керек. Себебі, «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай» деп өсиет еткен Тоныкөк бабамыз. Демек, «Рухани жаңғыруымыз керек» деген жылтырақ сөз  Көшбасшымыз айтпақшы жаңғырық боп қалмасын. Елбасы мақаласының жарық көргеніне де 7 айдың жүзі болды. Не істелді, нендей жоспар? Ендеше, байыппен бағдарлап көрелік...

Аудандық мәслихат депутаты

Айдар Даутқұлов:

Бәсекелестік – сананың жаңғыруына жол ашады

Елбасымыз бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың алты жолын айғақтап бергенін білеміз. Мен ондағы екінші – бәсекелестік және үшінші прагматизм туралы айтқанды жөн көріп отырмын. Себебі, бәсеке бар жерде үздіксіз ізденіс пен даму бар. Былайша айтқанда, бәсекелестік – белгілі бір жетістікке жету үшін жүріп отыратын үздіксіз жарыс. Ол экономикалық тұрғыдан болсын, рухани тұрғыдан болсын көрініс береді. Бәсекелестікті ғылыми тұрғыдан қарасақ, жаңалықты ендіру, өндірістің өсуі, сол арқылы кемелдену, төртіншісі – ескіру. Міне, бұл экономикалық, рухани тұрғыда да пайдалануға болатын фактор. Яғни, Елбасымыз «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деді емес пе мақаласында. Бұл –прагматизм. Яки, бәсекелестік – прагматизмге, сананың жаңғыруына жетелейді. Елбасымыз прагматизмнің тамаша анықтамасын берді: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» деді.

Қазіргі заман білім бәсекесінде. Үздіксіз ізденіс пен үнемі еңбек – жеңіске жол ашады. Осыны жас ұрпақ ұғынғаны дұрыс.

 

ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы

Балтабай ЫБЫРАЕВ:

Ұлттық өнерлерімізді өркендету керек!

Қазақтың музукалық фольклорлық мұра-сы ұлттық тәлім-тәрбие негізінің бастау бұлағы десек, бүгінгі таңда жыраулық, әншілік, күйшілік өнерімізге құрмет тұтып қарауымыз заңды. Атадан балаға жалға-сып, ғасырлар бойы тұтас өнер есебінде бағасын жоймай, бүгінгі ұрпаққа жеткен жырау-лық өнер, оның мұрагерлері жас жырау, термешілерді тәрбиелеу ауданымыздағы бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселесі боп тұр.

Хат сақтамай, ат сақтаған, тарихын, өсиетін тасқа қашап қалдырған ата-бабаларымыздың сан ғасырлық саналы ғұмырында өміршеңдікпен көрегенділікке толы терме-толғаулары, жыр-дастандары мен мысал, айтыстарын ұлттың рухани жаңғыруына, тәлім-тәрбие берудің маңызды бағыты есебінде тұруы тиіс. Музыка мектептерінде, колледжде-рімізде орта мектептердің үйірмелерінде, сыныптан тыс сағаттарда жүйелі түрде ата өнерімізді ұтымды пайдаланар болсақ, бұл жан дүниемізді жаңғырту емес немене? Жырау-лық дәстүрдің атасы Қорқыт заманында қобызбен күй тартып, жыр жырлап, өз кезеңіндегі қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге белсене араласып, данышпандық танытып, кейінгі ұрпақ санасына теңдесі жоқ ұлағатын сіңірген. Орта ғасырдағы Қазанғап, Қазтуған, Үмбетей, Теліқара, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жыраулар егеуле найза қолға алып, елі үшін қылша мойнын талша қиып, азаматтық борышын биік адамгершілік рухта атқарып, өткен тарихымызды бүгінге жеткізді. Осындай арыстарымыздың өрелі ойларынан жас ұрпақ үлгі алса, бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік, елге, жерге деген риясыз құрмет түлемей ме. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиеті-міз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деді емес пе Елбасымыз өзінің мақаласында.

Әрине, ғасырдан-ғасыр жылжып, ілгері қадам басқан сайын исі түркі тектес халықтың ата өнері жыршылардың да атқарар қызметі, әлеуметтік, қоғамдық үлес салмағы айқын-дала берді. Бүгінгі таңда жырау-термешілердің тек орындаушы-лық деңгейде көрініс беруі де сол заман ағымының кері әсерінен туындаған ұлттық қасіретіміздің бір тарауы. Рухани жаңғыру үшін рухты жырларымыз бен ер рухын көтеретін ұл-қыздарымызды дұрыс тәрбие-лейік, ағайын!

Біз өнерге бір күнде және бір күнге келгеніміз жоқ. Ұлттық өнеріміздің тағы бір тармағы саятшылық, ұсталық, зергерлік. Бұл өнеріміз де жеке бір адамдардың қызығушылығымен ғана жүретін болса, алар асуы асқақ болмайды. Қысқасы, атал-ған өнер түрлері бізде әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Оларды дамыту үшін қолдау керек. Өйткені, ата өнерімізді адастырмай, тура жолға салу, оны дамытып, биік тұғырына тұрақтату арқылы қазақ руханиятын биік белеске көтере аламыз.

 

Қазақстан округінің әкімі  Марат СҮГІРБЕКОВ: 

Туған жерге туын тікті

Бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын жүрісі жылдам дәуірде жылтырақ сөз емес, нақты атқарылған жұмыспен өрлейтін кезеңде өмір сүріп келеміз. Осыны әрбір азамат жіті ұғынуы керек. Бұл турасында Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «»Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді» деген еді. Осы ретте Ащыбұлақ ауылында облысымыз бойынша, тіпті республика бойынша алғашқы боп Елбасымыздың «Туған жер» идеясын іске асыруға бар күш-жігерімізді салдық. Талай жылдан бері Ащыбұлақ ауылындағы түгі шығып жатқан паркті «Амал Био» ЖШС басшысым Асқар Сабиров өз күшімен абаттандырып берді. Тамыз айында өткен салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ арнайы қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. Жалпы көлемі 1 гектар болатын саябаққа жаны жомарт азамат 30 млн теңге қаржы жұмсады. Онда қазір шағын футбол, стритбол алаңдары, 2 балалар ойын алаңы, 120 адамға арналған орындықтар, дене жаттығуына арналған түрлі спорттық құралдар бар. Тіпті, қоқыс жәшіктері де заман талабына сай қойылды. Осындай игі шарадан кейін еліміздің түпкір-түпкірінен кәсіпкерлер бой көтерді. Қазір мұндай абзал ағаларымыз ауданымыздың аумағында да өз туған жерлеріне туын тігіп жатыр. Бұл үшін қуанамыз әрі өз жерімізге, елімізге не істей аламыз деген іштей ой пайда болғаны да ақиқат. Осы бағытта әлі де жұмыс істейміз.
Қазақтың 

 

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Салтанат БЕСПАЕВА:

Қолдау болса – қозғалыс бар

Мәдениет – рухани бітім-болмысымыз. Сондықтан Елбасымыз бұл саланы тәуелсіздік алған тұстан бері ақсатқан емес. «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғаты мен мәдениетін танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деген сөзі ойымның айғағы. Ал «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы арқылы мәдениетімізді жаңа қырынан түлетуге жол ашты әрі осы салада еңбек етіп жатқан азаматтарға айрықша жауапкершілік жүктеді. Енді жоғымызды түгендеп, мәдени, әдеби, ата-дәстүр болмысымызды қайта түгендеуге толық мүмкіндік туып отыр. Дұрыс айтасыз, жылтырақ сөзден арылып, жұмыр іске жұмылатын кез келді. Аудан әкімінің ұсынымы-мен болашақ жоспарға Бәйтерек, Балтабай, Қорам, Саймасай, Қаратұрық, Көктөбе сынды ауылдық округтерге мәдениет үйлерін салу  қойылып, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына сұраныстар берілді. Есік қаласы және Көлді ауылдарындағы мәдениет үйлерін, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарындағы клубтарды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға 2018 жылға қаражат сұрадық.

Облыстан қолдау тауып, 2017 жылдың тамыз  айынан Қаракемер ауылдық мәдениет үйіне балалар театрына үш штат бірлігі берілді. 2018 жылға аудандық мәдениет үйіне шаруашылық қызметке екі штат бөлініп отыр. Бағдарлама аясында осындай игілікті істер жалғасын табады деп сенеміз. Шешімін тапса, рухани жаңғыруымыздың алтын қазығына айналар еді. Осы күнге дейін ештеңе істелмеді дегеннен аулақпын. 21 мәдениет үйі, Халықтық атағы бар «Жібек жолы» ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ұлттық халықтық аспаптар» оркестрі, «Улыбка», «Ирада» би ұжымдары және «Сувенир» цирк тобы, «Есік археологиялық-өлкетану», «Шелек өлкетану» және «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейлері тәуелсіздігіміздің, осындағы билік тізгінін ұстаған білікті басшыла-рымыздың ерен еңбегі. Ендігі мақсатымыз – ентігіп тұрған рухани мұраларымызды түлету.

Екіншіден, аудан бойынша қазіргі уақытта 1500-ге жуық көше бар. Соның  358-нің атауы кеңестік дәуірге сай, ескі идеологияда. Бұл тұрғыда Елбасымыз: «Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген еді бағдарламалық мақаласында. Мәселен, Есік қаласында – 76, Шелекте – 65, Бәйдібек биде – 38,  Бәйтеректе – 33, Бөлекте – 30, Көктөбеде – 16, Балтабайда –16, Ташкенсазда – 12, Саймасайда – 10 көшенің атауы ескірген, әлі күнге Кеңес дәуіріндегі атаулармен аталып келеді. Мұндай көшелері аз ауылдық округтер – Қаракемер, Малыбай, Бартоғай. Ал идеологиялық тұрғыда ескірген атаулармен аталатын көшелер мүлдем жоқ ауылдық округтер – Қазақстан, Қаражота, Қырбалтабай, Масақ, Сөгеті және Тескенсу.Кеңес дәуіріндегі атаумен аталған және қайталанатын көше аттарын тарихи жер-су және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.  ҚР Президенті  әкімшілігінің жетекшісі Ә.Жақсыбековтың 2017 жылғы ақпан айында жолдаған хатын басшылыққа ала отырып,  қала және ауыл-дық округтердегі жергілікті қоғамдастық мүшелері, көнекөз қариялармен, ақсақалдармен кеңесіп, кездесулер өткізілді. Өзгерту жұмыстарын жаппай жүргізу үшін қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Түйіндесем, «Ұлттық мәдениетімізді өркендету – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деді Көшбасшымыз. Және бір сөзінде: «Мәдениет – елдің ең асыл рухани байлығы, асыл мұрасы. Қайсы елдің мәде-ниеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы да жоғары», – деді. Демек, адамзаттың рухани айнасы болған өнерімізге, тілімізге Елбасы мақаласы қайта жан бітірді. Енді күн-түн демей жұмыс істеу – біздің міндет.

Баспаға әзірлеген Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Жексенбі, 10 Желтоқсан 2017 21:04

Мерекеге тарту – спорт алаңы

ҚР Тұңғыш Президенті күні Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен мектеп жанындағы шағын спорт алаңы  ашылды.

Алаңның ашылу салтанатына  жиналған ауыл тұрғындарын ауыл әкімі Айбол Темешев Президент күні мерекесімен құттықтағаннан кейін  ардагер ұстаз Сәбитов Исағұл  салтанатты түрде алаңның лентасын кесті. Қуаныштары қойнына сыймаған мектеп оқушылары екіге бөлініп шағын футбол жарысын бастап кетті. Ашылу салтанатына қатысқан ауылдың «Достар» командасының ойыншылары мектеп оқушыларын спортқа баулимыз деп уәделерін берді.

Қырбалтабай мәдениет үйінде жиын өткізіліп, мерекелік концерт берілді.

Динара ЕЛІКБАЕВА,

жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы.

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет