Жұма, 17 Сәуір 2020 10:26

Қазақ болуға қалайсыз?

Әрбір ұлттың өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Аты-жөнін, тегін ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жаздыруға да құқылы. Демек, тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын, 70 жыл бойы орыстандыру саясатын басынан кешкен қазақ халқы да аты-жөнін, тегін -ов, -ев, -ева, -ова жалғауларынсыз жаздыруға құқылы. Алайда өзіміз қазақ болуға қалаймыз?...

Анығы осы. Аты-жөніңіз бен тегіңізді қазақы жаздыру - таза қазақ болудың алғышарттарының бірі. 1917 жылы жалпықазақ съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп үндеу тастап, арнайы қаулы қабылдаған. Ал қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде батыр Бауыржан Момышұлы елеулі екі бердей ерлік жасағанын ешкім де жоққа шығармас. Алғашқысы, батырдың ешкімнен именбей, өз тегін қазақша жаздыруында. Екіншісі, сол тегін арқалай жүріп, Ұлы Отан соғысында теңдессіз ерен ерлік жасағандығы. Ұлттық рухын жығып алмай тік ұстаған батыр бабамыздан неге үлгі алмасқа?

Сондай-ақ, Елбасының 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат — ов, — ев, — ова, — ева, — ин, — и, — ины, — на, — овна, — евна, — ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген. Сонымен қатар, қазіргі ереже бойынша «-ов» және «-ев» жалғауларынан арылғысы келетін азаматтар екі түрлі нұсқаны таңдай алады екен. Бірі – тегінің түбірін қалдыру, екіншісі – «-ұлы», «-қызы» деген сөзді жалғау арқылы. Демек, таза қазақ болу өз қолыңызда.

Ауданымызда кеңестік кезеңнің көзін көрген тұрғындар болмаса, еркін елде дүниеге келген нәрестелердің тегі түгелдей дерлік қазақша жазылуда. Бұл турасында аудан әкімдігі азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Ғалия Кулимбаева мынандай мәліметтер берді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында ғана туған нәрестелерге туу туралы куәлік алу үшін аудан тұрғындарынан 370 өтініш түскен. Оның 238 өтінішін қазақ ұлтының өкілдері берген. Осы өтнішітер бойынша дайындалған құжаттарға ов, ев, ова, ева жалғауларынсыз ұл туса ұлы, қыз туса қызы деген жалғаулармен жазылған.

«Ештен кеш жақсы» дейді дана халқымыз. Әлихан Бөкейхан көтерген ұлттық идея, ұлт болып ұйысуымызда алғышарттың бірі десек, еркін елде дүние есігін ашқан нәрестелер батыр Бауыржан Момышұлындай қайсар, Абай Құнанбайұлындай дана, Ахмет Байтұрсынұлындай кемеңгер болғай.

Әділет САРЫБАЙ

Жұма, 17 Сәуір 2020 10:10

Жаңа қадам – жаңа талпыныс

Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Осы орайда Рахат ауылдық округі №1 орта мектебінде білім, білік дағдыларды алу үрдісі оқытушы мен білім алушылардың алшақтығына қарамастан жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен қашықтықтан жүзеге асырылып отыр.

Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдану арқылыбілім берудегі мақсатымыз – сапалы білім беру қызметінде білім алушылардың мүмкіндіктерін кеңейту, олардың білім қажеттіліктерін тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, жасына, денсаулығына және өмірдің өзге себептеріне қарамастан қамтамасыз ету. Мұғалім-оқушы-ата-ана. Осы үштік біріккенде қашықтан оқыту нәтижелі болады. Демек, мұғалім, ата-ана, оқушы арасындағы сенімді сыйластықты, бір-біріне деген қарым-қатынасты нығайта отырып, білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қолдау көрсетсе, үлкен жетістік болары сөзсіз.

Қазіргі уақытта қашықтықтан өткізілетін сабақтарға мұғалімдер мен оқушылар жоғары деңгейде қатысуда. Білім алушылардың интербелсенділіктерін арттыру мақсатында өзара әрекет етудің online-offline стандартты сервистерінен басқа (чат, конференция, электрондық пошта) қашықтықтан сабақты өткізу сервистері қолданылуда. Әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларды пәндік тапсырмалармен қамтамасыз етуде 12 еріктілер тобы жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта мектеп педагогтарының кәсіби шеберлігінің және әрбір оқушыға деген сезімтал қарымқатынастың арқасында біздің балаларымыз іргелі білім алып, өздерінің қабілеті мен таланттарын дамыта алады.

Жаңа бағыт, жаңа жүйе қоғамның кез келген өзгерісіне бейім, жаңашылдыққа жаны құмар ауданымыздың жас ұстаздарының қоғамдастықта инновациялық құралдар арқылы қашықтықтан білім беруі біз үшін тиімді деп айта аламын. Себебі, біздің кәсіби деңгейімізді жетілдіруге, педагогикалық шеберлігімізді шыңдауға, білім алушыларға психологиялық қолдау көрсетуге, ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы тәжірибе алмасып, бір-бірімізге бағыт-бағдар беруге, интернет арқылы ұйымдаса отырып жұмыс жүргізуге қашықтықтан оқыту зор мүмкіндік беруде. Демек, алдағы уақытта табысты, позитивті, шығармашыл, ізденімпаз жаңа формация педагогы ретінде қалыптасуға жол ашты. Әрі болашақта, білімнің тиімді технологияларын қолдана отырып, өзін-өзі дамытуға құштар, икемді, ақпаратты, интеллектуалды жас ұрпақ тәрбиелейміз!

Мадина ЕДІЛ,

«Рахат ауылдық округі №1 орта мектебі» КММ

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Жұма, 17 Сәуір 2020 10:04

Індетті жою – ортақ мүдде

Емі жоқ індет әлем кеңістігін кезіп жүр. 17 сәуір күнгі мәліметтерге сәйкес – 2 млн 182 мың 823 адам аталған індетті жұқтырған. Аты жаман аурудан, әсіресе, АҚШ, Испания, Италия, Франция және Германия мемлекеттері зардап шегуде. Ел шебіне енген індет қазақстандық азаматтарды да әуре-сарсаңға салып, жұқтырғандар саны күн санап арту үстінде. Осы себепті жедел түрде төтенше жағдай енгізіліп, аудан аумағында да алдын алу шаралары жүргізілді. Атап өтетіні, аталған індетпен күрес майданында алғы шепте дәрігерлер қауымы жүр. Өз өмірлерін қатерге тігіп науқас адамды ажалдан арашалап қалу жолында жан сала еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандар мен аудандық көпсалалы емхананың қауіпті індетпен күресудегі әлеуеті жайында емхана басшысы медицина ғылымдарының кандидаты, Жамиля Абеуовамен сұхбат жүргізген едік.

– Жамиля Санаққызы аудан аумағындағы қауіпті індеттің алдын-алу шаралары жайында айтып өтсеңіз?

– Бүгінгі таңда аудандық көпсалалы емхана персоналы күшейтілген карантин режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл дегеніміз емхананың өз ішінде дезинфекция жұмыстарын жүргізуден бастап, барлық қызметкерлер қорғаныс киімдері мен міндетті түрде бетперде және қолғап киіп жүруі тиіс. Сондай-ақ, келімді-кетімді адамдардың бәрі тексеріліп, келушілердің науқастармен қарым-қатынасы шектелді. Бұл – ең алдымен емхана қабырғасындағы дәрігерлер мен науқастардың қауіпсіздігі үшін істелген шара. Ал аудан аумағында індет кеңінен таралған жағдайда, облыс және аудан әкімдігімен бірлесіп жасалған жұмыс жоспарлары бекітілген. Жоспарға сәйкес аудан аумағында науқастар немесе күдікті тұлғалар анықталған жағдайда емхана ҚР денсаулық сақтау министрлігі облыстық және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметінің сілтемесімен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сәйкес жұмыс атқарады.

– Бұл жұқпалы індетпен күресуде емханада эпидемиолог мамандар бар ма?

– Әрине емханамызда екі бірдей эпидемиолог маманымыз бар. Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрлігі облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің эпидемиолог мамандарымен бірлесіп, бүгінгі таңда індеттің ошағы Алматы қаласына аудан аумағынан барып-келіп жұмыс істеген екі мыңнан аса адамды үй бақылауында ұстап отырдық. Олар індеттің анықталу кезеңі екі апта бойы қатаң бақылауда болып, карантиндік мерзімнен шықты. Алайда, бүгінгі таңда індет жұқтырушылармен қарым-қатынаста болған және шет мемлекеттерден келген бақылауымызда үй карантинінде отырған аудан тұрғындары бар. Сондай-ақ, індетке шалдығу қаупі басым бұрыннан созылмалы ауруларға шалдыққан тұрғындармен және жүкті әйелдермен, жаңа туылған нәрестелері бар аналарға қызметкерлеріміз үнемі хабарласып, қашықтан бақылау жүргізуде.

– Аудан аумағында коронавирус індетіне шалдыққан тұрғындар бар ма?

– Аудан аумағында аталған індетке шалдыққан тұрғындар бар. Сондай-ақ, олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, бүгінгі таңда емханаға жатқызылды. Олардың барлығы өздерін қалыпты сезінуде. Індеттің белгілері жоқ.

– Індет жұққан жағдайда алдымен адамның өкпесін зақымдайтыны анықталып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда науқасқа жасанды тыныс алу құралдар ауадай қажет. Сонымен қатар індет жұқтырғандарды жедел түрде анықтайтын тест құралдары емханада бар шығар?

– Иә, жасанды тыныс алуға арналған аппараттың бізде 24 данасы бар. Бірақ оларды бүгінгі таңда қолданып отырған жоқпыз. Ал экпресс тест құралдары ауданға берілмеді. Олар індет ошақтары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қолданылуда. Біз күдікті деп танылған тұрғындардан сілекейін және қанын алып ҚР денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметінің келісімімен облыстық зертханаға жібереміз. Ондағы зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес тұлғаға диагноз қойылады.

– Індетті жұқтырмау үшін тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

– Бірінші, карантиндік режимді қатаң сақтау. Адамдармен қарым-қатынасты шектеу. Сондай-ақ, тазалықты сақтау. Міндетті түрде қолды сабындап жуу және антисептикалық сұйықтықтарды қолдану. Әр төрт сағат сайын есік тұтқаларын және індет жұқтырушы вирустардың қонуына және ұзақ уақыт жатуына қолайлы бөлменің барлық жерлерін сүрту. Вирусқа мінездеме берсек, ол өте ауыр болғандықтан ауа арқылы ұшып жүре алмайды. Сондықтан, әсіресе, ұялы телефондардың бетін, есік, терезелерді сүртіп тұрған ләзім. Ал адамдар арасындағы ара-қашықтық 1,50 метр болуы тиіс. Егер жұмыс істемеуге мүмкіндік болса, үйде отырғандарыңыз абзал. Сондай-ақ, бар ауыртпалықты дәрігерлерге салмай, тұрғындар өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуі керек. Бұл індетпен күрес – барлығымызға ортақ күрес.

– Сұхбатыңызға рахмет. Індетпен күресуде сіздерге ерік-жігер және таусылмас қуат тілейміз.

Әділет САРЫБАЙ

 

Новости о расползании коронавируса по планете заняли верхние строчки в сводках новостей. Пандемия коронавируса породила невероятное количество слухов и дезинформации и спровоцировала появление различных фейков. Противоречивые и ложные сведения распространяют пользователи социальных сетей и мессенджеров. Психологи выделяют два типа распространения фейков – намеренный и случайный. Первый тип, это те, кто видит масштабы ложной информации,  и получает при этом удовольствие. И второй тип злоумышленников, который распространяет тревожные новости намеренно. Чаще все это происходит в моменты происшествий. Причина широкого распространения ложных новостей заключается в том, что государственные органы не могут незамедлительно делать заявления.  Пока они собирают достоверную информацию и готовятся к официальному заявлению, люди, которые хотят нанести ущерб государству, начинают распространять ложь.

 В Казахстане принят закон о распространении ложной информации. Он предусматривает довольно серьёзную ответственность. За распространение заведомо ложной информации посредством СМИ и информационно-коммуникационных сетей следует наказание в виде штрафа, исправительных работ и даже лишения свободы сроком до 3 лет. (Ст.274 ч. 2 УК РК). Уже привлечено к ответственности несколько человек, которые распространили в соцсетях различного характера  видеоролики о коронавирусе.  Мы просим вас  не поддаваться панике и не пользоваться непроверенной информацией, особенно распространяемой через мессенджер WhatsApp и социальные сети.

 Обезопасить себя от ложной информации в цифровой среде довольно сложно. Однако выход всё же есть. При поступлении видео или аудио, вызывающего сомнение, необходимо устроить его проверку. Зайдите на сайты государственных органов или новостных ресурсов и найдите официальные комментарии. Самый верный способ недопустить распространения ложных сведений –   удалить сообщение и не пересылать дальше  никому.

Напоминаем, что  согласно постановлению главного государственного санитарного врача области с 00.00 часов 31 марта 2020 года вступило в силу усиление ограничительных мер на территории Алматинской области. Временно приостанавливается работа непродовольственных торговых центров, бизнес-центров, дошкольных учреждений, компьютерных клубов, игровых заведений, рынков, пунктов общественного питания и т.п. Ограничено время работы продуктовых магазинов и аптек,  банков второго уровня, почтовой связи, услуг частных нотариусов.

Ограничено передвижение граждан старше 65-ти лет. Несовершеннолетним запрещается самостоятельное передвижение без присмотра родителей. Запрещено посещение парков, скверов, набережных, спортивных площадок и придомовых детских площадок.

Объекты малого и среднего бизнеса, кроме предприятий, производящих продукты питания, медикаменты, средства индивидуальной защиты, дезинфицирующих средств, приостановят свою деятельность до особого распоряжения либо с учетом своей деятельности обеспечат дистанционный режим работы.

С официальной и актуальной информацией по принимаемым мерам в борьбе с коронавирусной инфекцией, можно ознакомиться на сайте www.coronavirus2020.kz.

 

Пресс-служба

Енбекшиказахского районного суда

Бейсенбі, 16 Сәуір 2020 13:17

Парызыңды адал атқар

Ежелден көшпенділер даласында түрменің болмағаны тарихтан мәлім. Оның басты себебі халқымыздың түрмеге тосырқай қарайтын дархан мінезінен болса керек. Бір жағынан бұл ел арасында қатаң сақталған ұлттық  салт-дәстүрге негізделген тәртіптің көрнісі екені анық. Аталарымыздың ардан аттамай, тәртіпті бұзбай, қиянатқа бармай ел арасындағы береке мен бірлікті, татулық пен келісімді сақтай алуының түп-төркінін парыз деген бір ауыз сөздің айналасына топтастыруға болады. Яғни, әр адам өз міндетін жақсы біліп, ел мен жер, отбасы алдындағы парызын адал атқарса, заңның ешқашан бұзылмасы бесенеден белгілі. Ондай елде түрме мен жазаның да керегі шамалы.

Әрине, айрандай ұйыған бабаларымыздың дәуірінде қылмыс болмады, тәртіп бұзылмады деуден ауылақпыз. Онсыз да жер бетіндегі барша қабилалардың  бәрінде тентек пен сотқар, содыр мен басбұзарлар ежелден бар екені рас. Сондықтан қазақ даласында да жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы секілді тартыстар жиі болатын. Бірақ ақылман билердің екі ауыз сөзімен ымыраға келіп, даудың одан әрі ушығып арты керіс пен жаңжалға ұласуына жол берілмейтін. Иә, екі-ақ ауыз сөзбен бітісетін. Ол үшін құжаттың да, соттың да, заңгердің де керегі шамалы еді. Өйткені, ел алдында татуласуға уәделесіп пәтуаласатын. «Уәде – құдайдың сөзі» дегенді бала кезінен миына шегелеп алғандықтан сөзінен танып, ардан аттауға намысы мен ұяты жібермейтін. Егер қандай да бір жағдаймен бір тентек тәртіпті бұзса, ол үшін оның өзі ғана емес, жалпы руы жауап беретін. Демек барлығы «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қатаң әскери тәртіпке бағынатын. Сондықтан жалпы рудың абыройы мен беделі үшін сол ауылдың абыз ақсақалдары жастарының әр қадамын қатаң бақылап, шектен шығып, өзімбілермендікке салынуына ешқашан жол бермейтін.

Қазақта бата беру деген бір жақсы дәстүр бар. Бата дегеніміз бүгінгі біз білетін ас пен басқа ғана жарайтын нәрсе емес, керісінше, аясы өте кең ғұрып. Кезінде бабаларымыз ел үшін игі іс бастарда, бес қаруын асынып жауға аттанғанда, аламан мен бәйгеге түсерде, қысқасы адам өміріндегі әрбір жақсылыққа сол өңірдегі ең сыйлы, абыройлы кісілерден арнайы түрде бата алатын болған. Бұл бүгінгі тілмен айтқанда бастаған ісіне елінің рұқсатын алу үшін берілген ресми құжат іспеттес. Сонымен бірге, сол шаруаны тыңғылықты әрі жақсы аяқтауына рух пен жігер, күш пен қайрат беретін мотивация да бола алады. Ал бата алынбай басталған шаруа елдің рұқсатынсыз басталған іс болғандықтан оның соңы да дұрыс болмайтын. Бабаларымыз «баталы ер арымас» деп ризалықпен, елдің рұқсатымен, салт-дәстүр мен тәртіптің аясында жасалған жұмыстардың тиянақты, ал іске асырушының беделді болатынын да меңзесе керек.

Бүгінгі күнде Еуропа мен АҚШ секілді елдерде заңгерлік өте табысты қызмет саналады. Әрине, заңгердің жоғары сұранысқа ие болуы заман талабынан туындаған мәселе екені айдан анық. Бірақ заңгерлерді қатты қажет ете қоймайтын елдер де бар. Ол елді даму жағынан артта қалған елдерден іздесеңіз қателескеніңіз. Дәл сондай елдердің бірі – даму жағынан «Үлкен жетіліктің» ішінен ойып тұрып орын алған, ғылымы мен білімі технологиясы жағынан әлемдік көшбасшы саналатын әйгілі Күншығыс елі. Яғни Жапония дейтін мемлекет. Сізді де осындай мемлекетте заңгердің сұранысқа ие болмауы неліктен деген сұрақ мазалады ма?! Оның төркіні бұл елдің ежелден қалыптасып, бүгінде жаңа заманмен астасып кеткен ұлттық салт-дәстүрінде жатыр. Жапондарда да ежелгі көшпенділер секілді заң ұғымынан гөрі парыз ұғымы басым. Жапонның әрбір азаматы мемлекет пен қоғамның, отбасы мен жақындарының алдында мойнына үлкен жауапкершілік арқалайды. Ал ол жауапкершілікке немқұрайды қарау жапондардың миына кіріп-шықпайды. Өйткені парыз ұғымы олардың қанына сіңіп, сүйегіне өтіп кеткен. Мәселен, жапон мектептерінің есіктері сағат сегізде жабылады. Кешігіп қалғандар не істейді дейсіз ғой. Ал жапондар кешікпейді. Баратын немесе кездесетін жерлеріне уақытынан ең азы он минут ерте бару олар үшін парыз. Кешігу немесе дәл уақытында бару дегенді олар мүлдем түсінбейді. Мектептегі жағдай да солай. Мектептің есігі сегізде жабылуы тиіс. Өйткені олар ешкімнің кешікпейтінін біледі. Сондықтан оларға мектепке сегізде келу керек деген заңның да қажеті жоқ әрі ондай заңның болуы жапондар үшін күлкілі. Ендеше осындай жауапкершілік пен парызға құрылған өмір салтын ұстанған жапондарға заңгердің керегі бар ма?! Әрине, жоқ. Бұл үрдіс мемлекет пен жалпы қоғамда, ұйымдар мен мекемелерде, компаниялар мен басқа да орындарда да қатаң сақталған. Сол себептен кез-келген ұйым мен компаниялардың кадрлары арасында заңгерлер жоқ. Егер шетелдіктермен жұмыс барысында заңгерлерге қажеттілік туылса, оларды басқа елдерден жалдап алады. Заңнан гөрі парызды бірінші орынға қоятын жапондарда да салыстырмалы түрде қылмыстың аз болуы біраз жайттан хабар берсе керек.

Бабаларымыздың парыз бен жауапкершілікке құрылған  қоғам аясында тіршілік кешкен кездерінде әлемге аты мәшһүр болып тұрды. Соның арқасында береке-бірлігі артып, ал береке-бірлігінің артуы нәтижесінде жұмылған жұдырықтай болып айналасына қаһар шашып тұрды. Кейінгі кездерге дейін осы ілкі дәстүрдің жібін үзбей, ұлы ғұрыптың қаймағын бұзбады. Біздің күшіміздің осында екенін жақсы білген жауларымыз да ең бірінші осы тұсымызға шабуыл жасады. Отаршылдар бұрынғы парыз бен жауапкершілікке құрылған өмір салтымызды құлдырату үшін біртіндеп заң мен жарғыға негізделген басқару жүйесіне көшіре бастады. Міне осыдан бастап бірінің үстінен бірі арыз жазып арызқой болу, бұрынғы екі ауыз сөзбен бітетін дауды екі-үш жылға созатын мылжыңдық секілді кеселдер жабысты. Қазақ даласында ешқашан болмаған түрме мен абақтылар бой көтере бастады. Осылайша парыз бан махаббат кейінге ысырылып, құқық пен жарғы алға шықты. Әрине, біз бұл жерде құқықтық пен жарғының рөлін төмендетіп отырғамыз жоқ. Тек құқық пен заңға негізделген жол парызға негізделген жол секілді барар жеріңе тура жеткізер даңғыл жол емес еді. Ол соқпағы мен бұрылысы көп шытырман жол  болатын. Парыз бұра тартуға келтірмей жауапкершілігіңді арқаңа асып беретін болса, ал мұнда ебін тапқандар жауапкершіліктен жалтарудың амалын тапса жетіп жатыр. Осылайша «заң аясында» заңды бұзып ойына келгенін істеуге мүмкіндік туады. Ал сенген заңды тұлғаң немесе төрешің әділетке емес ақшаға жақтасса ар жағы айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі Қазақстан Республикасында да АҚШ пен Еуропадағыдай болмаса да заңгерлерге сұраныс бар. Қаптаған тармақтар мен баптардың аясында құқыңды қорғайды не жазаңды тартқызады. Әйтеуір қоғамда заң өз миссиясын орындап жатқанын байқап жүрміз. Жасыратыны жоқ заң жүзінде емес, айналма жолмен іс бітіретіндер де жетерлік. Кеңестік жүйеден мұраға қалған заңға бағынғанды емес, заңнан айналып өтетіндерді мақтан тұтып, жоғары санайтын психологиядан әлі арыла қоймағанымыз тағы бар. Осындайда Бауыржан Момышұлының «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген аталы сөзі есіңе түседі. Қашанда ел алдындағы парызын ұмытпай, ардан аттамаған адамның заңды орындауы қиындық тудырмасы бесенеден белгілі. Демек заң әмір мен тиымға емес, парыз бен жауапкершілікке құрылғаны дұрыс. Сонда ғана заң мен тәртіпті қадағалау жеңілдей түсер ме еді, бәлкім?!

Парыздың заңнан басым тұратынын коронавирус шыққалы бері жақсы түсініп жатырмыз. Ел үкіметі карантин жариялап, оны бұзған адамдарға жаза тағайындайтын заң қабылдау мәселесін көтеруде. Бірақ соның өзін жүре тыңдайтындар арамызда аз емес екен. Иә, заң қатайса індеттің алдын алу оңайлайтыны рас. Дегенмен барлық халықты бақылауға алып, заңды қатаң сақтауға мәжбүр ету қиынның қиыны. Өйткені ол үшін әр адамды  бақылап отыру керек. Егер осы кезде ел алдындағы борышымызды жақсы түсініп, қиын жағдайда да парызымызды ұмытпасақ ондай заңның қажеті де бола қоюы неғайбыл. Әрі мемлекет те барлығын қадағалап отыруды қажет деп таппас еді. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде жақсы айтылған. Мысалы, Бухариден жеткен сахих хадистердің бірінде «Егер сіз қандай да бір жерде оба (коронавирус деп біліңіз) пайда болғанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз және егер сіз тұрған жерге жетсе, онда ол жерден кетіп қалмаңыз», – делінсе, Имам Ахметтің кітабында келтірілген тағы бір хадисте «Оба індеті шыққан жерден кеткен адамдардың халі – соғыс майданынан қашқан адам іспетті (күнә). Ал, кім шыдамдылық танытып, оба індеті жайылған жерден шықпаса, шейіттің сауабын алады» – делінген. Демек дінімізде де, ұлттық салт-дәстүрімізде індет кезінде карантин ережелерін қатаң сақтауға міндеттеген. Яғни, карантин ережелерін сақтауды парыз ретінде бекіткен. Ал сол онсыз да орындалуы керек парызымызды орындату үшін заң шығарылса, онда жауапкершілік пен ұяттан жұрдай болғанымыз. Ең қызығы алғаш коронавирус Ухань қаласында пайда болғанда осындағы барлық мемлекеттің азаматтары өз елдеріне жапа-тармағай қашып кеткені мәлім. Сол уақытта өз еліне барудан бас тартқандар жалғыз жапондар ғана болыпты. Осылайша парыздың заңнан күшті екенін жапондар тағы бір рет дәлелдеп беріпті. Ендеше біз де заңға орындалуы тиіс әмір мен тиым деп емес, парызымыз бен міндетіміз ретінде қарағанымыз абзал.

 

 Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Дүйсенбі, 13 Сәуір 2020 09:56

Саяжай карантинге жабылды

Аты жаман аурудың ауданымызға да жеткенінен баршаңыз хабардарсыздар. Билік тарапынан сақтық шаралары барынша күшейтіліп жатыр. Вирус ошағы анықталған аудандағы 4 саяжай массиві – «Алтын адам», «Көксай», «Алтын алма» жəне «Береке» кеше ғана карантинге жабылды.

Алматы облысында 11-пациент ретінде тіркелген азамат – осы саяжайлардың бірінің тұрғыны. Соңғы анықталған 9 адам да – коронавирус жұқтырған 11-пациенттің жақын туыстары. Олардың барлығы Еңбекшіқазақ аудандық емханасының инфекциялық аурулар бөліміне жатқызылып, сол мезетте КВИ анализі алынған. Ал бұл бөлімда жұмыс істейтін медқызметкерлер отбасыларынан оқшауланып, Түрген ауылының жоғары жағындағы «Таусамалы» шипажайына орналастырылды. Бүгінде 50 медицина қызметкері жатқан сауықтыру орталығында барлық жағдай қарастырылған. Фитнес залы, жабық бассейн, емдеу орталығы бар. Ақ халаттылар бос уақытында таза ауамен тыныстап, денсаулықтарын қалыпқа келтіреді.

Ал карантинге жабылған аумақ толықтай полиция қызметкерлерімен қоршауға алынған. Сондай-ақ саяжайдың айналасына ор қазылып, сақтық шаралары күшейтілді. Көше-көшеге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға карантин кезіндегі іс-әрекеттер түсіндірілуде. Әкімдік қызметкерлері көшедегі жағдайды дрон (квадрокоптер) арқылы бақылауға алған. Саяжайда екі жылжымалы дәріхана жұмысын бастады. Сондай-ақ газ баллоны мен отын-көмір тасушылар да жұмылдырылған. Ал дүкендер бұрынғысынша жұмыс істеп тұр.

Есік қаласымен жалғасып жатқан саяжайдағы жағдайды ескеріп, қала аумағында жер-жерде тексеру бекеттері орналастырылды. Ондағы қауіпсіздік қызметкерлері өткен-кеткен көлікті түгел тоқтатып, жолаушыларды жіті қадағалап тұр. Бекеттен өткендердің барлығының ыстығы өлшеніп, бетпердесіз жүргендерге ескерту жасалуда.

Көзге көрінбей, жер әлемді жаулап жатқан жаман аурудың алдын алу үшін ауданымызда жасалып жатқан істің барысы осындай.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Жұма, 10 Сәуір 2020 10:43

Тұрғындар арманы орындалды

«Елу жылда ел жаңа» демекші, Шелек емханасы да жаңарды. Жарты ғасыр бойы қақыраған қабырға мен тозығы жеткен төбеден су ағып, емделушілердің есін алған-тын. Шүкір, көптің арманы орындалды. Республикалық бюджеттен күрделі жөндеуге 484 млн теңге, биылғы жылы облыстық бюджеттен айналасын абаттандыруға 196 млн теңге бөлініп, жуырда емхана пайдалануға берілді.

Бүгінде көркі көз сүріндірерлік емханада қызметкерлер мен емделушілерге толық жағдай жасалған. Хирургия, терапия, жансақтау,  балалар және босану бөлімдері мен емделушілерді қабылдайтын орындары талапқа сай. Оған қосымша 2 шұғыл ота жасау залы, рентген, флюорография, УДЗ кабинеттері толық заманауи технологиялармен қамтылған. Емдеу корпусында күндізгі ем алуға да жағдай қарастырылған. Бұдан бөлек 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі де бар.

Төтенше жағдайға байланысты емханада 30 төсектік арнайы провизорлық стационар, ал балалар бөлімінде қосымша тағы 30 төсектік карантиндік стационар қойылған.

Тәулігіне 310 адамды қабылдауға қауқарлы аудандық емханада 555 адам еңбек етуде. Оның 73-і жоғары санатты дәрігерлер, 269-ы медбикелер.

– Алдағы уақытта тұрғындар саулығы үшін табан ет тіліп еңбек етуге толық жағдай қарастырылды. Ұйытқы болған ел ағаларына алғыс айтамыз. Енді тек сапалы медициналық қызмет көрсетуіміз қажет. Бұл осындағы ақ халатты абзал жандарға артылған негізгі жүк, – дейді емхана басшысы Гүлнәр Құраметова.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Жұма, 10 Сәуір 2020 09:00

42 500 кімге тиесілі?

Әлеуметті әбігерге салып, талайдың түн ұйқысын төрт бөлген 42500-дің жыры күн тәртібінде күйіп тұр. Әлбетте, түсінуге болады, табысынан түгесіліп, қаражатсыз күн көру оңай емес. Әйткенмен, ауруды ешкім сұрап алмайды, сол секілді індет те айтып келмейді. Ел арасында тәжді вирус деп аталған бұл кесел елімізді ғана емес, әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауда. Экономикасын былай қойғанның өзінде мемлекет күретамыры халқының басына ауыр күн тудыруда. Мыңдаған адам өмірін жалмап, миллиондардың денсаулығын мүжіп, емхана төсегіне таңып қойды. Ендігі кезек, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей осынау сын сағатынан аман өту. Бір айға белгіленген төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға мемлекет қолдау көрсететінін Президент Мәлімдемесінде жариялады. Содан бері сасқан халық әртүрлі дерек көздерінен мәлімет іздеп әлек. Таяқтың екі ұшы секілді екіұшты әңгімелер қараша арасында өріп кетті. Осыны білмекке біз де аудандық жұмыспен қамту орталығына бардық. 24 ақпанда аудан әкімінің өкімімен тағайындалған орталық басшысы Рауан Талғатұлы Қайыпов сұрағымызға жауап берді.

– Рауан Талғатұлы, алғашқы сұрағымыз - 42 500 теңге кімге тиесілі?

– Сұрағыңыз өте орынды. Қазір бізге де қаншама адамдар осы сұрақпен келеді. Қашықтықтан жұмыс істегендіктен, біз де мүмкіндігінше сыртқа шығып жауап беріп жүрмыз. Себебі, біздегі мамандар саулығы – бірінші орында. Ендеше нақты жауапқа көшелік, Біріншіден, жалдамалы қызметкерлер. Олар карантин енгізілген қалаларда жалақысының сақталуынсыз еңбек демалысына жіберілгендер. Сонымен қатар, бұған ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері де жатады.

Екіншісі – жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар бар: жеке адвокаттар, нотариустер, сот орындаушылары, медиаторлар. Олар да табысынын айырылғандар.

– Төлемді алу үшін не істеу керек?

– Бүгінде әлеуметтік төлемді алу үшін құжат тапсырудың қажеті жоқ. Тек өтінім беріледі. Бұл өтінімде төлемді алу үшін барлық ақпарат (мәліметтері - толық аты-жөні, ЖСН, карта есебі) көрсетіледі. Жұмыс беруші өз жұмыскерлерінің тізімін ұсынады.

Төтенше жағдай режиміне байланысты табысыңыздан айырылғаныңыз туралы дәлелдеудің қажеті жоқ, оны ешкім тексермейді. Сіздің өтініміңізде бұл көрсетіледі, сол негізге алынады. Өтінім электронды түрде тапсырылады.

Сонымен қатар, көптеген адам өтінімді беру, ЭЦҚ қосу қиын екенін және Egov порталы жүктелмейтінін айтқан. Сондықтан бұл мәселені шешуге арналған бірнеше техникалық шешім бар:Бірінші - «Электронды үкімет» порталы.

Сервис арқылы әр адам өзінің мәліметтерін толтыруы қажет. Енді бұл өтінімге қандай да бір файлдарды қосу қажет емес. Маңыздысы - осы өтінімнің болуы. Оған ЭЦҚ арқылы қол қою қажет немесе СМС арқылы құпиясөз алумен қол қойылады.

Ең басты шарт, өтінім беруші 2019 жылдың наурызынан осы жыл аралығында кемінде бір рет әлеуметтік сақтандыруға қаржысы құйылып отыруы тиіс.

– Қазір көпшілік арасында үйде бала күтімінде отырған аналар да ала алады екен деген әңгімелер естіліп жүр. Бұған не дейсіз?

– Бір жасқа дейінгі төленетін жәрдемақысы бар аналар бұл көмекті алмайды. Бұл жердегі басты мақсат – жұмысқа қабілетті, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға қолдау көрсету.

– Өтінімді қалай дұрыс беру керек?

– Мәліметтер (ЖСН, карта есебі және аты-жөні) дұрыс енгізілуі керек. Себебі ақша сіздің тегіңізбен, карта иесімен салыстырылады. Екінші талап бойынша, соңғы 12 айда Әлеуметтік сақтандыру қорына ең болмаса бір әлеуметтік төлем немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бір зейнетақы аударымы жасалуы тиіс. Бұл жағдайда талаптың енгізілу себебі - ақша кассадан беріле салмайды, ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленеді.

Бірақ көптеген адам мұндай әлеуметтік аударымдары жоқ, болмаған да болуы мүмкін. Себебі, ол адамдар бейресми жұмыс істеген, олардың еңбек келісімшарттары жоқ, салық та, ешқандай аударымдар да төлемеген, алайда олар үшін де 42 500 теңге алу мүмкіндігі бар. Яғни, өзінің статусын ресмилендіруі керек.

Ол үшін сіз бірыңғай төлемді төлесеңіз жеткілікті - ол қалалықтар үшін 2651 теңге, ауыл тұрындары үшін 1325 теңге. Бір рет төлем жасаған соң сіз келесі күні ай сайын 42500 теңге алу мүмкіндігіне ие боласыз. Бұл бейресми жұмыс істегендердің барлығына қатысты. Осылайша, сіздің статусыңыз ресмилендіріледі.

– Бүгінде аудан бойынша  қанша адам бұл көмекті алады деген статистика бар ма?

– Әрине, оны нақты бәленше адам алады деген статистиканы айту қиын. Себебі сәт сайын өзгеріп жатыр. Айталық, 6 сәуірдегі статистика бойынша EGOV порталы арқылы 362,, «enbek.kz» арқылы 93 адам өтініш беріпті.

– Бүгінде ауданымызда атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылардың жағдайы қалай? Бұл бағытта кедергі жоқ шығар?

– Әрине, жоқ. Керісінше, төтенше жағдайға байланысты бұл топтағы отбасыларға қолдау күшейтілді. Аудан бойынша 1846 адам осынау көмекті алады. Осы күнге дейін бұл отбасындағы балаларға 1-3 жас аралығында және 3-6 жас аралығында деп екі топпен әлеуметтік пакеттер берілетін. Қазір 6-18 жас аралығын қосып, ондай отбасыларға тағы да 5302 теңге қосымша төленуде. Сонымен осы күнге дейін 1-3 жас аралығында 609 бала, 3-6 жас аралығында 698 бала және 3284 балаға 5302 теңгеден көмек көрсетілді. Бұған 17 411 468 теңге төленді.

– Қоғамдық жұмысқа тартылған жұмыскерлер жағдайы қалай?

– Жыл басынан осы күнге дейін аудан бойынша 250-ден астам адам қоғамдық жұмысқа жолдама алды. Қазір бәріне тұрақты жалақылары төленуде.

– Қазіргі төтенше жағдайға байланысты жұмыссыздар қатары көбейіп жатқан шығар?

– Мойындау керек, жұмыссыздар қатары өсуде. Қазір олардың бәрі ЕGOV порталына жұмыссыз ретінде тіркелуде. Төтенше жағдайға дейін 600-ге жуық жұмыссыз тіркелсе, қазір осы айдың өзінде 100-ге жуық адам жұмыссыз екенін ресми мәлімдеді. Алдағы уақытта бұл азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен

 Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 17:35

Орманды өрттен сақтайық

Көктем және күз айларында өрт қаупі өте күшті. Әсіресе, бұл кезде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді.

Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда, ол көбінесе адамдардың өз кінәсінен болатыны анықталған. Жекелеген тұрғындардың немесе басқада тұлғалардың бұл мәселеге үнемі жіті назар аудармағанынан да оқыс өрт жағдайлары туындайды. Сондықтан өрт қауіпсіздігінің ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.

Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Орман шаруашылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су жолының, теміржол, автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Орман шаруашылығын өрттен қорғаудың сызбасы жасалады.

Бүгінде Шелек орман шаруашылығының қызметкерлері де осы мәселеге барынша назар аударып, орман өртінің алдын алу шараларын іске асыруда. Ең алдымен өрт қауіпсіздігі турасында үгіт-насихат жұмыстары қолға алынған. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы ескертіліп, оның алдын алу шаралары туралы айтылды. Әрине, ормандардағы өрттердің бәрі сыртқы себептерден болады. Әйтпесе орманның ішінде өрттің көзі жоқ деуге болады. Кейде ормандардың жануы найзағайдың әсерінен де болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдайлар өте сирек кездеседі. Орман өртін негізінен адамдар тұтандырады. Мәселен, сөндірілмеген шылым не сіріңке; аңшылық кезіндегі оқтан тұтанған жалын, салдары. Олар атқан оқтан бықсып шөптер жанып тұтанады, орманға тасталған тұтануға бейім майланған материалдар, орман ішінде болған саяхатшылар мен демалушылар немесе ауыл шаруашылығының жұмысшыларының кепкен шөп пен кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге алау жағуы, күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кету, орманда шаруашылық жұмыстарын жүргізу кезінде өрт шығаратын заттарды қолдану, т.б. болуы мүмкін.

Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет. Орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып 10-14 сағатта үлкен өртке айналады. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын енгізу де қиын шаруа. Сондықтан өртті болдырмаудың басты шарты ең алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу екені анық.

Сонымен бірге, техникалық және физикалық дайындықта жүргізілді. Ол үшін өрт шыға қалған жағдайда керекті құрал-жабдықтар мен техникаларды дайындап, сақадай сай ету шаралары іске асырылды. Бастысы Шелек орман шаруашылығы өрт болған жағдайда әрқашан дайын болуы тиіс.

 

Е.Мықыбаев,

Шелек орман шаруашылығының Жиделі орманшылығы,

орманды өрттен сақтау станциясының басшысы

 

Болатжан НҰРБЕКОВ, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:

Адам өмірінде жоспарламаған, ойламаған жайттар көп туылып тұрады. Оны қысқаша тағдыр дейміз. Ал тағдырдың алдында пенденің бәрі дәрменсіз. Мұндағы дәрменсіздік әлсіздіктен немесе рухани жұтаңдықтан болмайтыны анық. Мықты адамдар өз тағдырына өзгерту енгізген. Дегенмен оған ешкім қожа бола алған жоқ. Мұны кейінгі кездегі басымызға түскен жағдайлардан кейін жақсы түсіндік. Коронавирус шыққанннан бері барлық әлем сергелдеңге түсіп, қолынан келгенше оған қарсыласып жатыр. Дегенмен ол да оңайлыққа берілер емес. Бұл індет бүкіл әлемді шарпып, оның ұшқыны біздің елге де келіп жетті. Бес мың жылдық тарихымыз бар деп мақтанатын Қытайда, тарихы одан да әрі жатқан Иран да, «Мәңгілік империя» атанған Римның мұрагері әрі «Үлкен жетіліктің» бірі Италия мен Еуропаның алпауыт елдері де коронавирустың алдында күшінен айырылып, жапа шегуде. Бұл індеттің алдында адамның байлығы, мәнсабы, танымалдылығы бәрі бекер екенін көрдік. Сондықтан бұл тығырықтан шығатын тек екі ғана жол бар. оның бірі – айнымас сенім болса, екіншісі – сарқылмас сабыр. Осы індеттің алдын алу үшін үйден шықпай, тек сабыр сақтауымыз керек. Дана халқымыз «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан сабырсызданып ұятымызға дақ түсіріп, өмірімізге қауіп төндірмей, сабырымыздың арқасында мұратымызға жеткеніміз абзал болмақ.

 

Ардақ ҚЫРЫҚБАЙ, Шелек №1 орта мектебінің директоры:

Адамның өмірі тек қуаныш пен шаттықтан құралмаған. Арасында түрлі сынақтар мен қиншылықтардан да өтуі керек. Өмір сонысымен қызық. Біз де бұл індетті сынақ ретінде қабылдауымыз шарт. Тарихқа көз салсақ небір кереметтерді адамдар қиын сынаққа түсіп, тығырыққа тірелгенде іске асырған. Мәселен, кезінде Еуропада жаппай оба таралып, елдің бәрі біз секілді үйден шықпай жатқан кез болған. Сол кезде әйгілі ғалым И.Ньютонға да үйде тыныш отыруына тура келген. Ал бізге физикадан белгілі заңдарын осы кезде ашқан. Дәл осындай жағдайлармен көп уақытын үйде өткізген А.С.Пушкин өзінің атақты «Евгений Онегин» шығармасын жазған. Әрине, бұл карантин жақсы нәрсе дегенім емес. Бұл қадамға мемлекет амалсыздан барып отыр. Барлығы халықтың қамы екені айтпаса да түсінікті. Тек осы бос уақытымыза сабыр сақтап, өзімізді жетілдіруге тырысуымыз керек. Бүгінде мектептерде сабақ жүргізілмейді. Бірақ білім беру процесі тоқтап қалған жоқ. Қазір білім ордалары қашықтықтан оқытуға көшті. Олардың ішінде да біз де бармыз. Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімі қызметкерлері де бізге өте үлкен қамқорлық көрсетіп жатыр. Әр мектепке, әсіресе, аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау көрсетіп, көмектерін аяған жоқ.

Коронавирус бүкіл әлемге әсер етіп жатыр. Әсіресе, экономикаға тигізген зардабы орасан. Дегенмен мұның бәрі уақытша құбылыс екені анық. Бойымызда сенім мен сабыр болса бұл қиын сынақтан да аман өтеріміз хақ. «Сабыр түбі – сары алтын» деп атаралырымыз да бекер айтпаған.  Ғұлама ақынымыз Шәкерім Құдайбердіұлы:

«Сабыр деген әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ызданады,

Осыдан көп шығады адамшылық», – дегеніндей жолдасымыз сабыр, серігіміз сенім болғай!

 

Гүлнар ҚҰРАМЕТОВА, Шелек аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Маман ретінде айтарым коронавирус өте қауіпті дерт. Соңғы жағ-дайлардан кейін мұны барлығымыз жақсы түсіндік. Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Бұл – латынның crowns (тәж) немесе halos (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған атау. Өйткені, коронавирус микроскоппен қарағанда, осы екеуінің қосындысын еске түсіреді. Бұл вирустар тобына адамға зиянын тигізетін бірнеше түр кіреді. Олардың бірі тұмауға шалдықтырса, өзгелері жарқанаттар мен түйелерден және жануарлардан кездесіп, бүгінде ғылымда SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) және MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы) деген акрониммен белгілі болып отыр.

Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін.

Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус науқас адаммен жақын қарым-қатынас жасап, онымен тығыз байланыста болған сайын жұғу көрсеткіші де жоғарылай бермек.Қазір жұмбақ вирусты анықтап, оның емін табу жолында сынақтар жүргізіліп жатыр.

Сондықтан мейілінше үйден шықпай, адамдар көп жиналған жерге бармай, карантинның талаптарын қатаң сақтаған дұрыс. Сонда ғана бұл індетті жеңу барынша жеңілдей түседі әрі бізге түсетін салмақ та азаяды. Бүгінде аталған індетке қарсы басты препарат сіздердің сабырларыңыз бен сенімдеріңіз.

 

Есенғали ЕСЕНХАНОВ, Шелек ауылдық округінің әкімі:

Сабыр сақтау – саналы адамның парызы. Бүгінгі әлемді шарпыған алапат індет іргемізде тұрғанда бұл сөздің маңыздылығын ескермеске болмай-ды. Карантин қа-мау үшін емес, қорғау үшін жасалады. Сондықтан карантин талаптарын орындағанда ғана өзіңді аман сақтайсың. Сосын жақындарыңды, отбасыңды, туыстарыңды, ауылыңды, еліңді, мемлекетіңді қауіпте қалдырмайсың. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті ұмытып, сабыр сақтамасақ өзге түгіл өзіңді де ажал апанына жақындата түсесің. Бүгінде мемлекет індетті жеңудің барлық шараларын жасауда. Ол үшін қолдан келген нәрсенің ешқайсынан аянып қалмайды. Карантинге байланысты табысынан айрылғандарға тиісті жәрдемақы беру де көзделген. «Көп түкірсе көл» Біз де бұл індетті көп болып жеңеміз.

 

 

Елшат ТОҚТАРБЕКҰЛЫ, Шелек ауылының тұрғыны:

Ардақты пайғамбарымыздың: «Егер сіз қандай да бір жерде оба пайда болғанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз және егер оба сіз тұрған жерге жетсе, онда ол жерден кетіп қалмаңыз», – деген хадисі бар. Демек карантинды ғылым да, дін де қолдайды деген сөз. Бүгінде коронавирусқа байланысты барлығымыз отбасымызбен үйде жатырмыз. Әрине, үйде қозғалмай жату өте қиын. Адам болған соң ары-бері жүргің келетіні де рас. Бірақ сабыр сақтауға міндеттіміз әрі көп болып бұл індетті жеңетінімізге сенеміз. «У ішсең руыңмен» дейтін қазақпыз ғой. Сондықтан «Көппен көрген ұлы той» деп барынша байсалды болуға тырысудамыз. Әрине, қиыншылық тек қазақтың басына ғана келген жоқ. Барша әлемнің аяғынан шалуда. Бұйыртса бұл қиыншылық та артта қалып, тарихқа айналары хақ. Бастысы мемлекетіміз мәңгі, халқымыз аман болсын!

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет