Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020 11:16

Ерлікпен пара-пар

Қысылтаяң уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізге қолдау көрсетудің маңызы зор. Әрқайсымыздың кісілігіміз де, кішілігіміз де осындайда сыналады емес пе?!

Жаһанды жаулаған жаман дертпен күресте кез келгеніміз ерлік жасай аламыз. Оның ең қарапайымы – карантин уақытында үйде отырып, тәртіпке бағыну болса, мүмкіндігімізге қарай көпшілікке көмек беруіміз де ерлікпен пара-пар әрекет. Бетперде тігіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, қарттар үйі мен балалар үйіне таратып жатқан жандар туралы жазып жатырмыз. Ауданымыздағы ерікті жастардың қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік жеткізіп беріп, алғысын алып жатқандарынан да хабардарсыздар.

Осындай тағы бір айқын мысалды «Айдарбаев» шаруа қожалығының иесі Ерік Айдарбаев көрсетті. Өз қызметкерлері – 250 адамға, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 27 отбасына 3 млн 735 мың теңгеге азық-түлік алып, теңдей таратты. Бір-бір қаптан ұн, күріш пен қантын үлестірген Ерік Айдарбаевтың бұл ісі өзге де кәсіпкерлерге үлгі болса игі.

Абай атамыз айтпақшы, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Коронавирус індетінің таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл індеттің сырқат адамның түшкіруі не жөтелуі арқылы жұғатындығы айтылса, бетперденің бұл індетпен күресте маңызы арта түсуде. Осыған орай, аудан дәріханаларын аралап, бетперденің бары не жоғы және бағасын білмекке ұмтылған едік.

Респираторлы маскалар 1200 теңге делінсе, қарапайым маска 1000 теңге деді Түрген ауылындағы дәріханалардың бірі. Қарапайым маска Алматы қаласынан жеткізілетіндіктен қазір жоқтың қасы. Ал Алматы қаласы төтенше жағдай жариялануаны байланысты жабық. Сол себепті маска тапшылығы орнап, ал бар масканың бағасы шарықтап кеткен. Осы орайда айта кеткен жөн, коронавирус ауруын жұқтырған адамдар саны 5 328 адамға жеткен, оның 32-сі қайтыс болған Оңтүстік Корея елі масканың бағасын 1 долларға дейін төмендеткен. Бұрындары бағасы 1 доллардан жоғары болған. Осындай қиын-қыстау кезең кәсіпкерлердің халыққа болысып, ең алғы қорғаныс құралы масканы қымбаттату орнына арзандату жолын қарастыруы қажеттігін білдірсе керек. Осыған орай, жақында жауапты министрлік тарапынан бетпердеге шекті баға қойылды. Масканың құны 87 теңгеден аспауы тиіс.  Жақында жаңалықтардан Ақтөбе қаласының тұрғыны, 10 сынып оқушысы Әділет Амангелдиевтің әпкесі тіккен маскаларды қала көшелерін аралап жүріп тегін таратқаны туралы ақпарат тарады. Жанашыр жан масканы 70 адамға таратқан.

Мұндай мысалдар жетерлік. Қытайдың Ухань қаласында індеттің таралуы кезінде тұрғындардың барлығына маска тағу және медициналық қолғап кию міндеттелді. Ал егер маскасыз және қолғапсыз көше кезген тұрғын анықталса қатаң жазаланды. Осылай олар Ухань қаласында коронавирус ауруын түбегейлі жойғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, қарапайым халық үшін маска қорғану құралына айналса, кәсіпкерлер үшін пайданың көзі. Ал жалпы, масканы сатып алмай-ақ, оны қолдан жасап алудың түрлі тәсілдері көрсетілуде. Мысалға қарапайым дәкені бірнеше қабаттап, кәдімгі масканың формасы іспетті етіп тігіп алуға болады. Қанша қабат қылсаңыз да өз еркіңіз. Неғұрлым қалың болса, соғұрлым пайдалы.

 

Әділет САРЫБАЙ

 

***

Қазақта «Иттің боғы дәрі болса, дәрияға тышады» деген сөз бар. Дөрекілеу болса да, дөп айтылған сөз. Коронавирус басталғалы бері кезінде қаптап тұрған талай затты бүгінде емге таппайсыз. Ал одан бірталай мәселе туындайтыны айтпаса да түсінікті. Соның бірі – маска мәселесі.

Эпидемия пайда болғалы бері масканың қаны жерге тимей тұр. Ең әуелі, екі-ақ сағатқа жарайтын бір рет пайдалануға ғана болатын түрлерінің өзі тапшы. Дәріханалардан табу қиын, болса да бұрынғы өз құнынан бірнеше есе қымбат. Десе де, осы бағаның өзіне табылғанына қуанатын жағдайға жеттік.

Бұл мәселе «жоғарыға» да жетіп, жалпы қоғамдық сипат алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елімізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін ресми мәлімдеді.

Мемлекет басшысы халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді талап етіп, еліміздің барлық азаматтарын үнемі антисептиктерді пайдалануға және бетперде тағуға шақырды. Сонымен бірге, барлық қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарға тегін маска таратылуына жағдай жасауға шақырды әрі бұл Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет екендігін атап өтті.

Соңғы кездері ауданымыздағы дәріханаларда маска мен керекті препараттардың жетіспеушілігі байқалуда. «Мен маска іздеп бірнеше дәріханаға кіріп шықтым. Бірақ бірде біреуінде маска жоқ. Алдын-ала сатылып кеткен. Маска дәріханаларда болмаса да алыпсатарлардан табуға болады. Тек бағасы өте қымбат. Бұрынғы 40 теңгелік маскалар 150-200 теңге көлемінде сатылуда»,– дейді аудан тұрғыны А.Таңжарық. Оның пікірін тағы бірнеше азамат қолдап шықты. Олардың сөзінше масканы қолдан тігіп сатып жатқандар да бар екен.

Соңғы кездері ел билігі маска мәселесін шешуге барынша күш салып жатқаны байқалады. Бұл жағынан алаңдаудың қажетсіз екені де айтылуда. Алдағы күндері масканың жетіспеушілігі өз шешімін тауып, барлығы ойдағыдай болатынына халықты сендіруде.

Н.Тілеуқабыл

Жұма, 27 Наурыз 2020 10:38

Ашкөздік – айықпас дерт

Соңғы кездері коронавирус немесе карантин деген сөздерді жиі естіп жүргеніміз рас. Көршіміз Қытайда басталып, бізді ғана емес барша әлемді тітіреткен бұл  аурудың алдын алу үшін не істелмей жатыр десеңші! Сонау Италия, Иран секілді елдердегі жағдайды көзбен көрмесек те естігеннен-ақ тіземіз дірілдейтіні де шындық. Бұл тажал біздің еліміздің де шекарасынан аттап, соның әсерін бәріміз сезініп жатқанымыз мәлім. Десе де осы екі сөздің қатарына тағы бір сөз қосылды. Ол – қымбатшылық.

Жығылғанның үстіне жұдырық болып мұнай арзандап, доллар көтеріліп есіміз шығып жатқанда коронавирус та ел аумағына кіріп үлгерді. Енді осы алапаттың алдын алу үшін билік барынша қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Ол үшін вирустың таралу жолдарына тосқауыл қоюдың амалдарын жасауға көшу керек. Міне соның бірі – Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылып, басқа аймақтардан оқшаулануы. Яғни, карантинге жабу. Оның қатарында адамдардың топталуына тыйым салынып, кей объектілердің жабылуы да кәсіпкерлерге оңай тимесі анық.

Осындай кезде жалпы халықтың қажетті заттар мен азық-түліктерді жаппай сатып алуы белең алатыны белгілі нәрсе. Ал жаппай сатып алудың ақыры кейбір қажетті тауарлардың жетіспеушілігін тудырады. Осының кесірінен ол тауарлардың да бағасы жоғарылайды. Әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге сұраныс артқан сайын, тиісінше құны да жоғары бола түспек. Мұның ең тиімсіз жағы бұрынғы еңбек етіп, табыс тауып жүргендердің қатары азайып, халықтың дені тек тұтынушыға айналатындығы. Әрине, бұл жағдай көпке созылмайды, десек те экономикаға әсер етпей қоймайды.

Жоғарыдағы аталғандардың барлығы қымбатшылықтың пайда болуына жеткілікті себеп екені рас. Дегенмен олар мәңгілік емес, уақытша ғана құбылыстар. Уақыты келгенде мұнайға сұраныс артып еліміздің жағдайы жақсарып, еңсесі тіктелер. Міне, сол кезде теңге де өз құнын жоғарылатып, құнды валюталардың біріне айналар. Ал әлемді шарпыған коронавирустың да емі табылып, кезіндегі оба, сүзек, шешек секілді тарихтың қойнауында қалар. Әрине, оның бәрі мүмкін нәрсе. Мұндағы қымбатшылықтың басты қозғаушы күші әрі тарих басталғалы бері өмір сүріп келе жатқан кесірлі нәрсе – атың өшкір ашкөздік пен ынсапсыздық. Онсызда кезі келгенде опырып қалуды ойлайтын құлқынның құлдары қай кезде де болғанын жақсы білеміз.

Нарықтық экономика деп аталатын капиталистік қоғамда бағаны базар нарқы реттейді әрі әркім өзі қалаған бағасын қоюға құқылы. Ашкөздік билеген пенделер 10 теңге тұратын затты үшін 100, тіпті 1000 теңге сұраудан ауыздары қисаймайды. Еш себепсіз бағаның уақыт өткен сайын аспандап өсуінің басты, негізгі және бірден-бір себебі де, міне, осы. Осындай еліміз жан-жақты қыспақта тұрған кезеңде базарға барып аралап қайтсаңыз ашкөздіктің көкесін бойына сіңірген пенделердің түр-түрін көрер едіңіз. Егер бұл қылығының себебін білмек болсаңыз доллардың көтерілгенін сылтауратар немесе басқа бір уәж айтар. Әйтеуір, өз істерін ақтап алары анық. Бүгінде қат болып тұрған азық-түліктер мен дәрі-дәрмектердің бағасының аспандап кетуінің астарында да осы бақай есеп жатыр. Яғни, біреудің қиындығынан пайда тауып, тәуелділігінен теңге жасау. Өзі не істерін білмей тұрған бейбаққа көмектесіп, жол сілтеудің орнына қалтасын қағуға дайын тұрған пайдакүнемдерді көргенде таң қалмасқа шараң жоқ.

Кезінде О.Сүлейменов «Адамға табын, жер енді» деп асқақ жыр жазды. Адам барша әлемді, табиғатты билейтін нағыз құдай да, құдайдан былай да емес тіршілік иесі дегенге бәріміз құлай сендік. Бірақ сол адам атты екі аяқты саналы пенде қазір нарық деп аталатын монстрдың табанының астында жан даусы шығып «ойбайлап» жатыр. Бес-алты жылда бір қайталанып отыратын ұстамалы ауру сияқты «дағдарыс» деген кесапат адамзатты табанына салып, әбден илейді. Оған қарсы қолданар шарасы жоқ, бейшара пенделер көкала қойдай болып таяқ жегеннен басқаға қауқарсыз.

2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысында есеңгіреген біраз елдер әлі күнге содан естерін жия алмай отыр. Алпауыт АҚШ-тың өзін дағдарыс шаңырағын шайқалтып, біраз әбігерге түсірді.

Иә, ашкөздік – айықпас ауру. Барлығы өз басымен қайғы болып жатқанда қалтасының қамын ойлайтындардың қатары аз емес. Тіптен осыны пайдаланып ұрлық-қарлық, тонаушылық істейтін арсыздарда арасында төбе көрсетіп жатады. Қашанда қиындық пен сынақ барлық халықтардың басында болған. Тек намысы мен адалдығын алға қойып, ынсабы мен нәпсісін жеңе білгендер ғана ол қиындықтан аман-сау шыққанын қарт тарих талай дәлелдеген. Ендеше осы сынақтан да ашкөздіктің аранына жұтылмай, әділеттің ақ туын желбіреткенде ғана аман өте аларымыз анық.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтады. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.

Бүгінгі таңда қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің 80% «электрондық үкімет» порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильдік қосымшасы және Telegram-дағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады.

ХҚО-ның тәжірибелі және арнайы оқудан өткен 1800-ден астам қызметкері, соның ішінде Алматы филиалының 50 қызметкері «1414» байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсететін болады.

Бір уақытта байланыс орталығының мамандары мыңнан астам азаматқа кеңес бере алады деп жоспарлануда. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.

Бұдан бөлек, «Азаматтарға арналған үкіметтің» 200-ден астам қызметкері, оның ішінде Алматы қаласы филиалының 30 маманы бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильдік азаматтар базасында тіркейтін болады.

Сонымен қатар, Алматы филиалының 50 маманы қашықтан жұмыс істеп, азаматтарға ұялы телефон арқылы онлайн қызмет алуға көмектеседі. Бұл ретте, 21 наурызға дейін өтініш беріп үлгерген азаматтар қызметтердің дайын нәтижесін өзі өтініш берген ХҚО-ның құжат беру секторынан алып кете алады.

Көлікті қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қалаларындағы мамандандырылған ХҚО-дан ала алады, дайын құжаттарды беру терезесі жұмыс істейді.

Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін.

«Азаматтарға арналған үкімет» қазақстандықтарға барлық санитарлық талаптарды орындап, үйден шықпауға кеңес береді және керекті мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырады.

Бейсенбі, 26 Наурыз 2020 11:19

Баға тұрақтылығы қатаң бақылауда

Коронавирусқа байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғалы кейбір сауда орындарында тұрғындардың күнделікті тұтынатын азық-түлігінің бағасы көтеріліп, Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыру бойынша жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берген болатын.

Жасыратыны жоқ, халықтың басына түскен қиындық кезінде пайданы ойлап, тауарлардың бағасын шарықтатып жіберетін саудагерлер бар. Осындай кәсіпкерлердің негізсіз әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында аудан әкімдігі, Есік қаласы мен ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізілуде.

Аудан әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерінің бағалары базарларда 2020 жылдың басымен салыстырғанда 4-5 пайызға өскен. Бағаның өсуі негізінен көкөністерде байқалады, орташа алғанда 13,7 пайыз.

Негізінен, көкеністердің бағасы «құбылмалы» болып табылады, яғни маусымға байланысты өзгеріп отырады. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының бағасы Алматы қаласының жеткізушілері белгілеген бағасына тікелей байланысты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көпшілігі ауданнан тыс жерде өндірілетіндіктен және сырттан жеткізілгендіктен, жоғарыда көрсетілген тауарлардың бағасы өсуі мүмкін.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу мақсатында аудан әкімдігі, қала және округтері әкімдіктерімен бірлесіп, ауданның дүкендері мен наубайханалары арасында 161 меморандум жасалды. Меморандумның мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (10 пайыздан артық емес), 1 сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нанға (5-6 пайыздан артық емес) ең төменгі сауда үстеме бағасы бойынша сату.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі, «Жетісу» ӘККӨДИ» АҚ және наубайханалар арасында арзандатылған ұн сатып алуға, нанның бағасын 90 теңгеде ұстап тұру үшін үш жақты меморандумдар жасалды.

Мониторинг нәтижесінде өткен демалыс күндері ауданның супермаркеттері мен базарларында дүрлікпе байқалғаны анықталды. Төтенше жағдайға байланысты абдыраған тұрғындар азық-түлік тауарларын ірі көлемде сатып алуға көшкен. Нәтижесінде, бұл бағаның өсуіне әкеп соқтырды.

Соның өзінде сауда нүктелерінің сөрелерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығы байқалмады. Алайда, тұрғындар базарларда азық-түлік бағасының қымбаттап жатқандығын айтып шағымдануда. Осыған орай, осы аптаның басында біз де сауда орындарына барып, баға тұрақтылығын байқап қайтқан болатынбыз. Бүгінде тұрмысқа ең қажетті ұнның 50 кг қалтасы 8500 теңгеден саудалануда. Ең қажетті бұл тауар төтенше жағдайға дейін 7000 теңгенің көлемінде болған. Картоп пен сәбіз бағасы 180-200 теңгеге дейін көтерілген, яғни, 60-70 пайызға қымбаттаған. 180 теңге болған қанттың килограмы 260 теңгеден саудалануда, күріш 300 тг. Бұрындары 370 теңге болған күнбағыс майының литрі 100-120 теңгеге қымбаттап, 500 теңгеден сатылуда.

Өткен аптада карантинге жабылған Нұр-Сұлтан қаласында бір адамға сатылатын тауардың көлемі белгіленген болатын. Яғни, бір адамға 5 кг ұн, қант пен күріш, 5 литр күнбағыс майы  ғана сатылады деп шектеу қойған болатын Елорда әкімдігі. Бұл, әрине, бағаны тұрақтандырып, азық-түлік қорының тапшылығын тудырмас үшін жасалған қадам. Алайда, аудан аумағында мұндай шектеу жоқ, сонымен қатар, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар базар  мен сауда орындарында жеткілікті.

– Бүгінде біз ең қажетті деген 19 тауардың бағасын қадағалап отырмыз. Алайда, біздің кәсіпкерлер тауарларды негізінен Алматы қаласынан жеткізгендіктен, ол жақта бағаны көтеруі мүмкін. Сәйкесінше, бізде де бағалар өседі. Ал негізсіз тауар бағасын көтерген сауда орындарының иелері әкімшілік жауапкершлікке тартылады. Бұл бойынша жергілікті әкімдіктер күн сайын жұмыс жасап, мониторинг жүргізіп отыр. Егер аудан тұрғындары бағаның негізсіз көтерілу фактілерін анықтаса, жергілікті әкімдікке жүгінуіне болады – дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали. 

Сонымен қатар, елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты ауданның базарлары, азық-түлік желілері мен азық-түлік дүкендері санитарлық және дезинфинкциялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істейтін болады.

Сардарбек НҰРАДИН

Бейсенбі, 26 Наурыз 2020 11:17

Ұлы Дала Ұрпағы

Жақында Қырбалтабай мәдениет үйінде өнерлі балалардың жұлдызын жағу, жасөспірімдерге шығармашылық шабыт сыйлау мақсатында балалар мен жасөспірімдер және оқушылар арасында 3-республикалық «Ұлы Дала Ұрпағы» атты байқауы өтті.

Байқауда вокал, хореография, аспапта ойнау, бейнелеу өнері, қолөнер, көркем сөз өнері, ғылыми жоба жанрлары бойынша өнерпаздар  сайысқа түсті. Қазылар алқасына үздікті бағалау да оңай болмады. Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахналық киімі, би қозғалысының ритмикасы, сахнада өзін-өзі еркін ұстау мәдениеті өте жарасымды болды. Десе де, ерекше дауыс мәнерімен,  жұлдыздай жарқыраған  Қырбалтабай ауылдық округі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің мұғалімі  Ләйлә Базалиеваның жетекшілігімен көркемсөз сайысынан  4 сынып оқушылары Дарын Қайраннас және Кәусар Жанболатқызы 1 орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, вокалдан жез таңдай әншілер Диас пен Мирас Бақытбекұлдары «Күрең күз» әнімен бас жүлдеге ие болып, көрермен қауымды бір серпілтті.Байқауда сахнаға алғаш қадам басып, болашағынан үлкен үміт күттірер кішкентай өнерпаздар да болды.

 

Ұлан  ОРАЗБАЙ,

Қырбалтабай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі

Бейсенбі, 26 Наурыз 2020 11:01

Книга – для народа

В нынешнюю «рыночную» эпоху  гуманитарные учреждения и организации, в которых   царит бескорыстное  гостеприимство – редчайший пример того, что  истинные ценности не измеряются деньгами. Доброта, дружелюбие и сердечное отношение  даются даром и принимаются только как дар. Таким очагом культуры и подлинной духовности можно смело назвать районную библиотеку. Ее маленький, но сплоченный коллектив замечательных женщин несет на себе подвижнический труд книжного просвещения.

Постоянной формой такой просветительной деятельности служат встречи библиотекарей с читательской аудиторией. Недавно состоявшийся «Бенефис читателя», который провели директор библиотеки Гульнар Жандосова, библиотекари Сания Азизова, Галина Свининникова, Ляззат Талипова, методист Гулия Саурыкова,  стал маленьким культурным «форумом», на который собрались преданные книге есикчане, жители сельских округов всех возрастов и интересов. Лейтмотивом встречи была мысль, что «золотым фондом» библиотеки являются ее читатели. Ведущая Сания Азизова объявила победителей в  десяти читательских номинациях: почетный читатель, читательская семья, лидер читального зала, многогранный читатель, самый юный читатель, самый эрудированный читатель, любитель поэзии, знаток истории, леди-детектив, большой читательский стаж. И каждому книголюбу-номинанту Ляззат Талипова от имени библиотеки вручила памятный подарок.   Задушевные пожелания друг другу,  воспоминания, даже стихи и песни звучали в течение всей встречи.

 Богатый и разнообразный, постоянно пополняемый  изданиями на государственном языке фонд, насчитывающий 87 тысяч книг, приветливое отношение к посетителям, добросовестное обслуживание, уют и порядок ведут к тому, что в библиотеку «не зарастет народная тропа», поддерживается и развивается  любовь к чтению   у молодежи. Сюда приходят и пенсионеры, и ученики начальной школы. И для всех библиотекари находят нужные  книги и  добрые слова.           

 

И.ВИКТОРОВ

Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:39

Ата дәстүріңді ұмытпа

Әр халықтың тек өзіне тән салт-дәстүрлері мен жоралғылары болады. Оның көбі кезінде бір жақсы бастамадан не тіршілікке қажеттіліктен туындаса, бүгінде көбісінің шығу себебі ұмытылып, тіптен, қолданыстан да шығып қалған. Заман жаңарған  сайын салт-дәстүрлердің де ескіруі заңдылық. Десе де, кейбір ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді қайта жағыртсақ, одан ұтпасақ, ұтыла қоймаймыз. Қазіргі кезеңде салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында әлі де кеңінен пайдаланылып жүр. Мәселен, айдар тағу, қонақ кәде, асар т.б. жоралғылар бізге таныс. Ал кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе, жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.

Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы мал атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып, құдайы тамақ берген. Ақсарбасқа шалынатын мал ретінде қойдың бозқасқасын, жылқының көкқасқасын, сиырдың қызыл қасқасын құрбандық ретінде атаған. Басты шарты адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, сол малын міндетті түрде союы тиіс.

Асату. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанда, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін болған. Әрине, мұндағы басты мақсат – етке тою емес, керісінше құрметті адамның қолынан дәм тату. Бір жағынан қадірлі мейманға деген құрметтің белгісі іспеттес.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанда мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тисті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі. Мұндайда аталарымыз «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейтін. Басты мақсат ауылдың амандығын, елдің тыныштығын, халықтың берекесін сақтау.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Қымызмұрындық. Бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып, сүті ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі.

Әмеңгерлік. Дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. Тіпті  ұлы  Абайдың  әкесі  Құнанбай да  Ұлжанға  әменгерлікпен  үйленсе, Абайдың өзі інісі Оспан қайтыс болғанда келіні Еркежанмен некелескен. Осы  салттың  арқасында  көзі ашық  қазақ  жетімін  жылатпаған.

Қап қағар. Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр «ет қайтар» деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді.

 

Нұрсерік Тілеуқабыл

Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:34

Қариялар – қазығы дәстүрімнің

Ақыл мен парасат, даналық пен өнеге жылдар жылжи бойға жиналып, ақтарып кеп қалсаң қазына іспетті шашылып түседі. Бұл қария деген қазынаның бойынан табылатын қасиеттер. Осы себепті «Қариясы бар ел қазынасы бар ел» деп халқымыз тәмсіл қалдырған-ды. Берекеміз бен ынытымағымыздың негізі, тірлігіміздің тірегі қариялардың орны кез келген қоғам үшін маңызды. 22 Наурыз мерекесіне орай дәл осындай ауданымыздың қариясы, «Алтын адам» әжелер ансамблінің мүшесі, анамыз Ұлжан Жолановамен сұхбат құрған едік.

–       Апа, кеңестік империяның көзін көрдіңіз. Өзіңіз жайлы және сол кездегі қазақ халқының дәстүрі мен салты жайлы айтып өтсеңіз.

–       Кеңестік кезең. Ауданда жалғыз қазақ тілінде білім беретін В.Молотов атындағы мектеп-интернат бар. Онда шаруа балалары оқытылатын. Осы мектепте білімнің қайнар бұлағынан сусындап, Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Тоқатаевтың көзін көріп, одан сабақ алдық. Ол сынып жетекшісі болды. 1955 жылы Рақымжан Тоқатаевтың арқасында 32 оқушы мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнына түстік.

Оны бітіріп келіп, сол кездегі Есік көмекші мектеп-интернатында мұғалім болдым. Кейіннен оған Алханбек Мәлкеев есімі берілді. «Оқу ісінің үздігі» мәртебесін алдым. Отбасын құрып дүниеге төрт ұл әкелдім. Ол кезде салт-сана, әдет-ғұрып басқа болатын. Кеңестік империяның қол астындағы кезең салт-дәстүріміздің жаңғыруына мүмкіндік берген жоқ. Тіпті тіліміз де жоғалудың аз-ақ алдында тұрды. Ол кезде орыс тілін білмей талай мәрте өз басым қиналғаным бар.

–       Ал бүгінгі дәстүрге деген халқымыздың көзқарасы қалай сіздіңше?

–       Аллаға шүкір, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жанданған дәстүрімізді халықты өзін-өзі тануы мақсатында бұдан да әрі жаңғыртуға бағытталған бастама болып отыр. Есімде Есік қаласының базары орналасқан жерде жастар алаңы болатын. Сол жастар алаңында 1989 жылы алғаш рет наурыз мерекесін халық болып тойлаған болатынбыз. Есік көмекші мектеп-интернатындағы қазақтар біріміз ұршық иіріп, біріміз келі түйіп, Қыдыр ата болып киініп, жалпы дәстүрімізді дәріптеп алғаш рет көрініс көрсеттік. Міне, сөйтіп құрдымға кете жаздаған халық санасы қайта жаңғырып бүгінгі күнге жетті. Ал бүгінгі дәстүрге деген көзқарас менің көңілімінен шығады. Мен «Алтын адам» әжелер ансамблінің мүшесімін. Оның құрылуына себепші болған да мен десем артық айтқандық емес. Тіл мен дәстүр, салт-санамыздың жоғалып кету қаупі туындаған кеңестік кезеңде бастама көтеріп, дәстүрді жаңғырту мақсатында құрылған ансамбль күні бүгінге дейін 26 жыл болды дәстүрлі әндерімізді шырқап, ел ішінде дәріптеп жүр. Осы ретте өз атымнан және «Алтын адам» әжелер ансамблінің атынан айта кетейін, Наурыз меркесі баршамызға құтты болсын! Жыл басы қуаныш, береке, ынтымақ алып келсін. Біз ашаршылықты да көрдік, атылдық та, Ұлы Отан соғысын да өткердік, одан бұрын жоңғар шауып «Ақтабан, шұбырынды, Алқакөл сұламаны» көрдік. Халқымның өткеніне қарап, өткерген қиыншылықтарын көрсем осыншама нәубетті көріп аман қалғанына таң қалатыным бар. Демек, ел шебіне енген «коронавирус» індеті де қазақ халқы үшін қауіпті емес. Біздің жан-дүниеміз мықты. Сондықтан сабыр етіп бұл қиындықты да қиналмай өткеретінімзге сенімім мол.

 

Әділет САРЫБАЙ

Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:31

«Жаңару мерекесі»

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған жаңа жыл мерекесі келді даламызға. Жер-жаһанды сері самалға өпкізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтардың бәрін өткізіп, Самарқанның көк тасын жібіткен наурыз құтты болсын!

Ұлыстың ұлы күні – Орта Азия халықтары арасындағы ең көне мереке. Қазақ халқы осы жаңа жыл мерекесін ескі заманнан тойлап, қыстан аман-есен шыққанына қуанған. Бұл мереке халқымыз үшін көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге, салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз. Ұлыстың ұлы күнінде араздасқандар татуласып, өкпе-реніш ұмытылады. Алыс-жақын ағайындар бас қосып, көптен көріспеген жақындардың хал-жағдайын сұрасады.

Ауданымыздың тұрғындарын осынау татулықтың, достықтың, береке-бірлік пен молшылықтың мерекесімен құттықтаймын. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңінде барша аудан тұрғындарына тек жақсылық тілеймін. Наурыз оң болсын! Ақ мол болсын!

Нұрғиса ӘЛІШЕВ,

білім қызметкерлері аудандық кәсіподағының ұйымдастыру жөніндегі маманы

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет