+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Қоғам

Сарқылмас білім бұлағы

Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол – адамзат қолынан жасалған ең ұлы кереметтің бірі. Шынымен адам баласы үздіксіз дамып, өркениетке қол жеткізуі кітаптың арқасы екені сөзсіз. ХХІ ғасырды ғылым мен технологияның ғасыры деп атаймыз. Алайда, техника қаншалықты дамыған сайын, адам баласы білімнің нағыз қайнар көзінен соншалықты алшақтап бара жатқан секілді. Бүгінгі таңда кітап оқитын адамдардың сиреп кеткенін аңғару қиын емес. Бұның салдары ауыр болары анық. Ұлттық кітап күні қарсаңында кітапқа деген қызығушылықтың деңгейін, кітапханалардың жай-күйін, кітапханашылардың  хал-ахуалын білген едік.

 Шын мәнінде кітап оқымайтын буыннан ой-өрісі озық тұлға шықпайтыны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында кітапханалардың жұмы-сын дамытып, оқырманын көбейту үшін жоғары деңгей-де танымдық шаралар мен жәрмеңкелер өткізу қажет екенін жеткізіп, бірқатар ұсы-ныстарын айтқан болатын. Сондай-ақ, өз сөзінде  «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болу-дың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мен мә-дениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» – деген еді.

Цифрлы технологиялар дамыған қазіргі уақытта кітап қана емес, басқа да қаншама пайдалы дүниелер өз орындарын ұялы телефонға босатып бергені айдан анық. Барлық назар мен уақытты ұрлаған алақандағы байланыс құралы кітапқа қарауға мұрша берер емес. Дегенмен  «телефонға телміргендерді кітап оқитын-дар басқаратын болады» деген сөз бар. Бұл – мәні жоғалмайтын ақиқат. Қазіргі таңда адамдардың жаппай телефонға телміріп, шынайы білім көздері – кітап пен газет-журналдан көз жазып қалғаны үлкен қателік екенін айтады мамандар. Мұны сезінетін уақыт келгендей. Аталған мәселе жөнінде аудандық кітапхана әдіскері Гүлия Саурықованың пікірін білдік.

– Қазіргі қоғамдағы адам-дардың кітапқа деген қызығу-шылығын ХХ ғасырмен салыстыруға мүлдем келмейді, әрине. Оның себептері де көп, сананы тұрмыс билейтін заманда елдер рухани байлыққа көңіл бөле алмай қалады. Оған қоса дамыған технологиялар адамды кітап қана емес, барлық табиғи дүниелер-ден алшақтатып тастады. Дегенмен, қандай заман болмасын, кітап өзіндік құндылығы мен маңызын ешқашан жоймайды. Кітап оқитын адамдар аз болсын, көп болсын, қай кезде де бар. Кітапхана маманы ретінде соңғы жылдары ел арасында кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді деп сеніммен айта аламын. Аудандық кітап-хананың бүгінде 7 500-ден астам оқырманы бар. Қазақ классиктеріне сұраныс жоғары. Жастар жағы көбіне заманауи кітаптар мен детективтік, психологиялық сынды жанрларды іздеп келеді. Ал, ол тақырыптағы кітаптар бізден табыла бермейді, сондықтан шамамыз жеткенше сатып алып тұрамыз. Жуырда жастар қызығушылығын туындатып отырған осындай оқулықтарға тапсырыс бердік. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы бойынша оқырмандар өздерінің кітаптарын бізге өткізіп тұрады. Мемлекеттік тапсырыстармен де кітаптар алып тұрамыз. Кейінгі кезде «Бір ел – бір кітап» аясында айтулы ақын-жазушылардың кітаптары келуде. Негізінен балаларға арналған кітап тапшы болуда. Ауыл кітапханаларына көп көңіл бөлгіміз келеді. Ауылдағы елдің сұранысы бойынша бала-ларға арналған дүниелерді көбіне ауылдарға бөлеміз. Бізде жалпы оқырмандардың басым көпшілігін – оқушылар, студенттер және зейнеткерлер құрайды. Оқу орындары оқу-шыларды кез-келген уақытта кітапханаға жібере алмайтын-дықтан, біз аудандағы кітапха-налар белгіленген жоспар бойынша мектептерге барып, іс-шараларымызды өткізіп тұрамыз. Сабақтарынан тыс уақытта оқушылар бізге жиі бет бұрады. Ұлттық кітап күніне орай Қонаев қаласында кітап көрмесінен байқау өтпек. Сол шараға дайындалудамыз. Т.Молдағалиев жайлы көрініс көрсетіп, ақын атамыздың мұраларын таныстырмақшы-мыз. Қазір сол байқауға қызу дайындық үстіндеміз. Сондай-ақ облысымыздағы танымал ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырып, мәдени шаралардың да басы-қасында жүреміз. Ауылдық кітапханалар да мұндай игі шаралардан қалыс қалып жатқан жоқ. Жалпы «барлық ұлы тұлғалар кітапқа қарыздар» деген сөз бар. Ұрпағымыздан ұлағат күту үшін ең әуелі тәрбие мен білім керек. Сондықтан ұрпа-ғымыздың зейінін кітапқа бұру – бәрімізге ортақ міндет– дейді Г.Саурықова.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаевтің сөзі үлкен ой салып тұр. Ел Президенті дамыған елдердегідей оқыр-мандар қатары көбейіп, аясы кеңейіп отыру үшін – кітапхана ғимараттары да заманға сай әдемі болу керектігін айтқан еді. Алайда, бүгінгі таңда ау-данымыздағы кітапханалардың халі көңіл көншітпей тұр. Ауылдарға бармай-ақ, аудан орталығындағы аудандық кітапхананы алайық. Ғима-раты ескі, тар, жұмыс жасауға қолайсыз. Архив дүниелері сыймағандықтан, мерзімінен бұрын амалсыз сыртқа шыға-рып тастайтынын сан мәрте жазғанбыз газет беттерінде. Аталған мәселені шешу жолдары да қаралып жатқан көрінеді. Аудан әкімдігі кітапхананың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде. Көп ұзамай заманға сай аудандық кітапхана бой көтереді деп сенеміз.

– Негізінен кітапханашы болу – түсінген жанға жұмыс-тың төресі. Нағыз рухани байлықтың сақшысы болып, адам баласының білімін же-тілдіру жолындағы қырағы еңбек көзге көрінбесе де, жауапкершілігі мен орыны орасан – дейді Шелек ауылдық модельді кітапханасының қыз-меткері Артықгүл Адамбекова. Артықгүл Қодасқызының кітапхана саласында табанды еңбек еткеніне келер жылы 40 жыл болады. 2 жылдан соң еңбек демалысына шығатын білікті маманның сөзінше кейінгі жылдары кітапханашыларға мемлекет тарапынан жақсы қамқорлық көрсетіліп келеді екен.

– Үкімет кітапхана маманды-ғының әлеуметтік мәртебесі мен оның қазіргі қоғамның дамуына қосқан үлесін лайықты танып, бағалап келеді. Саламыз дамып, жалақымыз өсіп, жаңа серпіндер пайда болды. Соған сай оқырмандар саны да көбейіп, үздіксіз даму жолындамыз. Адамдар теледидар мен телефоннан жалығып, баяу болса да кітапқа оралып жатыр. «Кемелді тұлға болу үшін 1 жылда жүз кітап оқу керек» деп жатады. Негізінен бір де бір әдеби кітап оқып көрмеген адамдар да бар ғой. Сондай жандар шынайы ниетпен классик жазушыларымыздың кез келген туындысымен танысар болса, кітап оқуды тоқтатпас еді деп ойлаймын. Әдеби кітаптарды көп оқыған адамдардың өресі биік, пайымы мен түсінігі кең, ақыл-ойға бай болатыны бірден көрінеді. Кез-келген ортада тосырқамай, өз пікірін білдіріп, тұщымды сөзін саптай біледі. Президентіміз бастамашы болғандай, зиялы ұлт қа-лыптастыру үшін – кітап оқу мәдениеті қалыптасып, адамдардың кітапқа деген қызығушылығы артса екен, – дейді кітапханашы.

Кітап жайлы толассыз көп дүние жазуға болады. Кітап-хана – кітап сақтайтын қойма емес, ақыл мен білімнің кені екенін ұғынып жатқанымыз көңіл қуантады. «Кітап пен парашюттың пайдасы жоқ, егер ашылмаса» дегендей, кітап бетін ашсақ қана тұлға ретінде дамитынымызды ес-тен шығармайық, құрметті оқырман.

 

Ринат НАРХАНОВ.