+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Білім

Оқушылардың ата-аналарына арналған ұсынымдар

         Жаңа оқу жылы – әр оқушы мен ата-ана үшін жауапты әрі ерекше кезең. Бұл уақыт баланың тек мектепке оралуы ғана емес, сонымен қатар жаңа білім, жаңа мақсаттар мен жаңа әдеттерге бет бұруы. Ата-ананың осы кезеңде дұрыс бағыт-бағдар беруі – баланың сәтті бейімделуіне үлкен әсер етеді.

  1. Режимді реттеу:

        Жазғы демалыста балалардың ұйқы және күн тәртібі өзгеріп кетеді. Сондықтан оқу басталмай тұрып бір-екі апта бұрын күн тәртібін қалыпқа келтіру маңызды. Баланың уақтылы ұйықтап, таңертең ерте тұру дағдысын қайта қалпына келтіру оқу процесіне бейімделуді жеңілдетеді.

  1. Мектеп құралдарын дайындау:

     Сөмке, дәптер, қалам, киім-кешек сияқты қажетті заттарды алдын ала тМедиаолық дайындап қойған жөн. Бұл – баланың жаңа оқу жылына деген ынтасын оятады. Сонымен қатар, ата-ана мен бала бұл сәтті бірге өткізу арқылы өзара жақындай түседі.

  1. Психологиялық қолдау:

     Жаңа сынып, жаңа мұғалім, жаңа достар – бәрі бала үшін қобалжу тудыруы мүмкін. Сондықтан ата-аналар баламен ашық сөйлесіп, оны тыңдап, уайымдарын бөлісуіне мүмкіндік беруі керек. Қолдау мен сенім баланың өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі.

  1. Дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру:

     Баланың денсаулығы – оның оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Күнделікті таңғы ас ішуді әдетке айналдыру, жеміс-жидек пен көкөністерге бай тағам беру – баланың зейінін арттырып, шаршап-шалдығуын азайтады.

  1. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау:

    Қоғамдық денсаулықты қорғау үшін мектепке дайындық кезінде санитарлық талаптарға ерекше көңіл бөлген жөн:

 — баланың жеке тазалығын қадағалау (қол жуу, бет орамал қолдану, жеке тарақ және т.б.);

 -ауыз суының сапалы әрі қауіпсіз болуын бақылау (үйдегі және мектептегі су қайнар көзінің санитарлық жағдайына мән беру);

-баланың дене қызуын, жалпы жағдайын үнемі бақылап отыру;
— мектеп формасының таза әрі гигиеналық тұрғыдан талаптарға сай (ауа өткізгіш, тозуға төзімділігі жоғары, бактерия мен микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталардан) материалдан болғаны жөн;

— жіті респираторлы вирустық инфекциялар, тұмау тағы басқа да жұқпалы  ауру белгілері байқалса, баланы мектепке жібермей, дәрігерге көрсету қажет;

  1. Баланың эмоционалдық күйіне көңіл бөлу:

       Жаңа оқу жылы басталған кезде кей балаларда күйзеліс, шаршау немесе өзін жалғыз сезіну байқалуы мүмкін. Ата-аналар күнделікті баласымен сөйлесіп, оның көңіл-күйіне мән беруі тиіс. Егер балада алаңдаушылық немесе жабырқаңқылық байқалса, мұғаліммен немесе мектеп психологымен байланыс орнатқан дұрыс. Ата-ана мен мектеп арасындағы ашық байланыс – баланың табысты оқуының кепілі. Мұғаліммен, сынып жетекшісімен үнемі байланыста болу, мектеп жаңалықтарын бақылау – оқу процесінің тиімді өтуіне көмектеседі.

       Жаңа оқу жылына дайындық – тек материалдық емес, сонымен қатар психологиялық және санитарлық тұрғыдан жан-жақты қамтылатын маңызды кезең.  Ата-ананың қолдауы мен қамқорлығы баланың мектептегі жетістіктеріне үлкен әсер етеді. Уақытылы дайындық, дұрыс тәрбие және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау арқылы балалардың дені сау, сергек әрі білімге құштар болып өсуіне жол ашылады.

 

 

Еңбекшіқазақ аудандық

СЭББ басшысы М.Азербаев