Қазақы тәрбиені күшейтейік!
Жақында Шелек мобильді ауылдық кітапханасында өткен өңірлік қоғамдық жұмыстарды үйлестіру тобының кезекті басқосуында ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, жасөспірімдерге қазақы тәрбиені күшейту туралы сөз қозғалды. Жиынға әйелдер кеңесінің мүшелері тартылып, қоғамдғы ұрпақ тәрбиесінің босаңсып, қазақы салт-дәстүрімізді ұстану еленбей жатқаны жан-жақты талқыланды. Бұл мәселелер бойынша алдағы атқарылар іс-шаралар ортаға салынды.
Жалпы баланың тәрбиесі ата-ананың қолында. Қазіргі жастарға ата-анасын тыңдаудан гөрі, телефондағы «қызықтар» артық болып бара жатқаны ащы болса да шындық. Қазіргі ата-ана күнкөріс қамымен таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыста. Осы уақытта балаларға көңіл бөлінбей жатады. Қазіргі балалар мектепте мұғалімді де тыңдамайтын болды. Сол себепті мектепте оқушыларға телефонды пайдалануға рұқсат етілмейтін тұжырым жасалды. Өйткені, балаларды сол «сиқырлы» әлем ішінен керек емес дүниелер өзіне еріксіз еліктіріп барады. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі смартфонға «сиқырланып» жүргені.
Жиында кітапхана жетекшісі Артықгүл Адамбаева «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп аталатын кітап көрмесімен таныстырып, бұл тақырыпта өз тараптарынан атқарылып жатқан іс-шараларымен бөлісті. Қоғам белсендісі Нұрлан Мұхаметқалиев сөз алып, бас қосудың мақсатымен таныстырса, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов қазақтың «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелегенін тілге тиек етіп, жастардың қазір мың құбылып тұрған кезінде, әже, ата қолында өсіп, тәлім алған бала дұрыс екенін, қоғамда кемпір-шал сияқты қазақы болып қалады деген түсініктен арылу керектігін, дін жөнінде де батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың айтқанын жастар құлағына сіңдіруді әр ата-ана, ұжым болып қолға алу керектігіне тоқталды. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау өте маңызды. Бұрынырақта қазақ қыздары алыстан ақсақалдар келе жатса, жолын кесіп өтпей, өтіп кеткенше тосып тұратынын мысалға келтірді.
Қазақтың ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті екенін айтқаны. Бабаларымыз: «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп, ұрпағын отан-сүйгіштікке, намысты болуға тәрбиелеген. Жаман болады дегені – жақсы сөз айтуға, жаман сөзден аулақ болуға, жамандық атулыдан бойын аулақ салып жүруге, ешкімге кесапат тигізбеуге баулыған. Обал болады дегені – ысырапқа жол бермеуге шақырғаны. Осындай тәрбиені естіп өскен, өсиет тыңдаған ұрпақ бойына сіңіргенде, салиқалы азамат болатыны даусыз. Ұят пен ар, обал мен ысырапты біліп, жақсы мен жаманды айырып өскен бала жаман болмайды.
Аудандық мәслихаттың депутаты, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Сайра Базылбекова өзі басшылық етіп жүрген Шелек техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығында балаларды түрлі кәсіпке, өнерге бағдар беретін үйірмелер ашылғанын, бос уақытында мұнда тиімді әрі өзіне пайдалы іс, тәрбие алатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ алдағы уақытта ата-аналармен, ұстаздармен әртүрлі тақырыптарда іс-шаралар өткізуді мақсат етіп отырғанын жеткізді. Жиын соңында округ әкімінің орынбасары Қуат Абдакимов қорытынды сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесі баршаның борышы екенін, бұл мәселе күн тәртібінен түспеуі керектігін ескертті.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.
