Еңбектері еленді
Жуырда Алматы облысында өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар
марапатталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бірқатар еңбек иелеріне Қазақстан Республикасы
Президентінің мемлекеттік наградаларын табыстады.
Марапатталғандардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданының азаматтары да бар. Атап айтқанда,
аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Әмірденов «Құрмет» орденіне ие
болды. Бұл – оның мемлекеттік қызметтегі адалдығы мен сайлау науқандарын жоғары деңгейде
ұйымдастырудағы кәсібилігінің айқын дәлелі.
Сондай-ақ, «Гидросервис» ЖШС-нің аға инженері Камал Бадалов «Ерен еңбегі үшін» медалімен
марапатталды. Ол су шаруашылығы саласын дамытуға, ирригациялық жүйелерді жетілдіруге
қосқан үлесі үшін жоғары бағаланды.
Салтанатты рәсім барысында аймақ басшысы марапат иелерінің еңбегі – ел дамуына қосылған
нақты үлес екенін атап өтті. Сонымен қатар, адал еңбек пен кәсібилік әрқашан құрметке лайық
екенін жеткізді. Марапат иелеріне зор алғыс білдіріп, алдағы қызметтеріне табыс пен толағай
жетістіктер тіледі.
– Бұл марапат – тек менің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін.
Сайлау жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Алдағы
уақытта да осы бағытта аянбай еңбек ете береміз, – дейді Ержан Әмірденов.
Ринат НАРХАНОВ.
