
Әз-Наурыз: жаңару мен жаңғыру тоғысқан күн
Наурыз – тек мереке ғана емес, адамдарды жақсылыққа, ізгілікке үндейтін үлкен рухани құндылық. Наурыз мерекесі қазақ халқының бай дәстүрі мен салт-санасымен тығыз байланысты. Бұл күні орындалатын әрбір дәстүрдің өзіндік мәні бар. Мысалы, «көрісу» дәстүрі – адамдардың бір-бірімен амандасып, өткен өкпе-реніштерді ұмытып, жаңа жылды таза көңілмен қарсы алуы. Сондай-ақ, «шашу шашу», «бата беру», «алтыбақан құру» сияқты дәстүрлер халықтың қуанышын бөлісуге бағытталған. Үлкендер жастарға ақ батасын беріп, олардың болашағына ізгі тілектерін арнайды. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі.
Осы орайда Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Шелек ауылдық округі филиалында жылдық жоспарға сәйкес, мерекеге орай мазмұнды да мағыналы іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Аталған шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және тыңдаушылардың рухани дүниесін байытуға бағытталды. Мерекелік шаралар «Наурыз – жыл басы» тақырыбындағы ақ тілектермен бастау алды. Бұл күні адамдар бір-біріне тілек айтып, өкпе-реніштерін кешіріп, татулыққа шақырды. Филиал тыңдаушылары жүрекжарды лебіздерін білдіру арқылы бір-біріне ізгі ниет, амандық тіледі. Бұл бөлімде қатысушылардың тіл мәдениеті мен сөйлеу дағдылары айқын көрініс тауып, ұлттық мерекеге деген құрметтері ерекше сезілді. Сонымен қатар, «Наурыз – ұлттық бірлік пен жаңғыру мерекесі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қатысушылар Наурыз мейрамының қоғамдағы маңызы, рөлі туралы көзқарастарын білдіріп, ұлттық құндылықтарды сақтаудың өзектілігін атап өтті. Пікір алмасу барысында әрбір қатысушының белсенділігі мен азаматтық ұстанымы айқын көрініс тапты.
Мерекелік бағдарлама аясында «Берекелі дастархан» атты ұлттық тағамдарға арналған шара да жоғары деңгейде өтті. Бұл күні наурыз көже дайындалып, дастархан жайылды. Наурыз көженің құрамында жеті түрлі тағам болуы – жеті ырыс пен берекенің белгісі. Таныстырушылар қазақтың дәстүрлі тағам түрлеріне кеңінен тоқталып, олардың дайындалу ерекшеліктері мен денсаулыққа пайдасы туралы мазмұнды мәліметтер ұсынды. Ұлттық ас мәзірінің молдығы мен тәрбиелік мәні ерекше аталып өтті.
Қазақ халқының тәрбиелік мәні бар «Ұлттық ойындар» тақырыбындағы іс-шара барысында қатысушылар арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарын ойнап, өзара жарыс ұйымдастырды. Ұлттық ойындар арқылы ойыншылардың ептілігі, тапқырлығы мен ұйымшылдығы сынға түсіп, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтары бұрынғыдан да арта түсті. Ұлттық ойындар халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтатындығы сөзсіз. Сонымен қатар, ән айтылып, күй шертіліп, ұлттық билер орындалды.
Мерекелік шаралардың қорытындысы ретінде Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының тапсырмасы аясында «Бірлік бар жерде – тірлік бар» тақырыбында флешмоб ұйымдастырылды. Қатысушылар бірлік пен ынтымақтың маңызын насихаттап, қоғамдағы татулық пен келісімді дәріптейтін мазмұнды көрініс ұсынды. Жалпы, өткізілген іс-шаралар кешені тыңдаушылардың ұлттық сана-сезімін арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосты.
Жанар ҚАШАҒАНОВА,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Шелек ауылдық округ филиалының оқытушысы.
