
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Көктем келіп, қар ерігелі жолдарымыздың нашарлай түсетіні қалыпты жағдай. Осы орайда Есік қаласындағы базар маңындағы, нақтырақ айтқанда Фрунзе көшесінің көкөніс пен жеміс-жидек сатылатын қатары соңғы уақытта әбден тозып, жолы жүруге қолайсыз күйге түскені тұрғындар мен кәсіпкерлерге біршама қиындық тудырған еді. Саудагерлер үшін де, келушілер үшін де қолайсыздық әкелген бұл мәселе көптің көкейінде жүрген болатын.
Алайда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы түйткілді мәселені кәсіпкерлер өзара бірлік танытып, қалалық әкімдікпен бірлесе шешуге бел буды. Базардағы кәсіп иелері өз қаражаттарын жинап, жолды жөндеу жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде жол қалпына келтіріліп, шұңқырлар жамалып, халық игілігіне қайта ұсынылды.
Бұл игі бастаманың ұйытқысы болып, кәсіпкерлерді ортақ іске жұмылдырған – белгілі кәсіпкер Серік Нүсіпалиев. Оның бастамасымен қолға алынған жұмыс көпке үлгі боларлық іс болды. Ұйымшылдық пен жауапкершіліктің нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып отыр.
– Тұрып жатқан қаламыз, несібемізді тауып отырған орынымыз болғасын қала әкімдігінен рұқсат алып, бірлесіп осы жұмысты атқардық. Әкімдік тарапы негізінен жолды жаңадан салып береміз деп отыр. Алайда ол шаруаға біраз уақыт кететіні белгілі болғандықтан, әзірше қарап отырмай өзіміз жолдың зақымданған жерлерін жөндеп, әрекетімізді жасадық. Бұл ретте осы маңайдағы кәсіпкерлерге осы ұсынысты тас-тадым. Барлығы бастамамды бір ауыздан қолдап, мүмкіндігіне қарай қаражаттарын қосып, өзіміз үшін рухани тұрғыда қуаныш сыйлайтын іс атқардық. Бұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта базарымызды көгалдандыру, абаттандыру жұмысымен де айналыспақпыз – деген Серік Әділжанұлы, бастамаларына қолдау білдіріп, көмектерін аямаған қала әкімдігіне кәсіпкерлер атынан алғыс білдірді. Жөндеу жұмыстарын жүргізуде қажетті қолдау көрсетіп, түсіністік танытқан әкімдік тарапына ризашылықтарын жеткізді.
Бұл бастама – тек жол жөндеу ғана емес, ел ішіндегі ауызбіршілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Осындай игі істер көбейіп, туған жердің көркеюіне әр азамат өз үлесін қоса берсе, қаламыздың ажары арта түсері анық.
Ринат НАРХАНОВ.
