+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Денсаулық

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы туралы

Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшілердің рөлі айрықша. Олар – мемлекет пен халық арасындағы басты дәнекер. Сондықтан мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен беделі көп жағдайда қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, олардың қызметтік әдеп нормаларын сақтауына тікелей байланысты.

Қызметтік әдеп – бұл мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқын, іс-әрекетін, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынасын реттейтін моральдық-этикалық қағидаттар жиынтығы. Әдеп нормалары мемлекеттік қызметтің ашықтығын, әділдігін және халыққа бағытталған сипатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мемлекеттік қызметшілер үшін әдептілік ең алдымен адалдық, бейтараптық, жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстаным арқылы көрінеді. Қызмет бабын жеке мақсатта пайдаланбау, заң талаптарын қатаң сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу – кәсіби әдептің негізгі талаптары болып табылады.

          Сондықтан, күнделікті өмірде біз азаматтардың, жалпы қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға қызмет жасаймыз.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынаста сыпайы, сабырлы және ашық болуы тиіс. Халықтың өтініштері мен шағымдарына немқұрайлы қарамай, оларды заң аясында уақтылы әрі сапалы қарау – мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі. Бұл халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады.

          Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде:  «мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс».

Айта кету керек, ҚР Президентінің 02.11.2023 ж. №396 Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне қосымша талап енгізілді «қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну».

Әр мемлекеттік мекеменің әдеп жөніндегі уәкілдерімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік әкімшілік қызметшілер бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізеді (баптар бойынша 434, 439, 440, 443, 444, 449, 450 «әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің», қоғамдық имандылығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар) және нормаларды бұзу фактілері анықталған жағдайда қызметтік әдебі профилактикалық жұмыс жүргізу немесе олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жұмыстары атқарылады.

Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы – тиімді мемлекеттік басқарудың, қоғамдық тұрақтылықтың және азаматтардың мемлекетке деген сенімінің маңызды факторы. Әдепті, жауапты және адал мемлекеттік қызметші – құқықтық және демократиялық қоғам құрудың берік негізі.

                                                                 Еңбекшіқазақ аудандық

                                                                 санитариялық-эпидемиологиялық

                                                                 бақылау басқармасының

                                                                 санитариялық-гигиеналық

                                                                 бақылау және қадағалау,

                                                                 техникалық регламенттерді

                                                                 бақылау бөлімінің

                                                       бас маманы Бейсембай Д