Балалар ойыншықтарының қауіпсіздігі
Қазіргі таңда нарықта сапасыз ойыншықтардың саны артып отыр. Бұл жағдай балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан ата-аналар мен қоғам ойыншықтардың сапасына ерекше мән беруі тиіс. Балалар ойыншықтары техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келген жағдайда ғана айналымға енгізілуі қажет. Сонымен қатар, әрбір өнім тауардың бірыңғай айналым белгісімен міндетті түрде таңбалануы тиіс. Ойыншықтарды мақсатқа сай пайдалану барысында олар:
• адам өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төндірмеуі керек;
• баланың рухани-эмоциялық саулығына кері әсер етпеуі тиіс.
Ойыншықтарды нарыққа шығармас бұрын олар міндетті түрде сәйкестік сертификатын алуы қажет. Өнімді Қазақстан Республикасының нарығына енгізетін тұлға ойыншыққа немесе оның қаптамасына сәйкестік белгісін қоюға міндетті. Барлық ойыншықтар мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпаратпен таңбалануы тиіс. Таңбалауда төмендегі мәліметтер көрсетілуі қажет:
• дайындаушының атауы немесе тауар белгісі;
• бұйымның атауы;
• негізгі сипаттамалары мен қолдану шарттары;
• дайындалған күні;
• тауардың шыққан елі.
Сонымен қатар, ойыншықтар теріні тітіркендірмеуі және аллергиялық реакциялар туғызбауы тиіс. Оларды жасауға қолданылатын материалдар таза, қауіпсіз және ластанбаған болуы қажет. Ойыншықтардың қаптамасында немесе жапсырмасында баланың жас ерекшелігі міндетті түрде көрсетіледі. Бұл талап балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Қазақстан Республикасында өндірілетін, әкелінетін және сатылатын барлық балалар ойыншықтары міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өтеді. Ойыншықтардың қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органдар адам өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін қауіпті факторлар анықталған жағдайда, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты хабардар етуі тиіс.
Қорытындылай келе, балалар ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі – қоғамның маңызды мәселелерінің бірі. Балалардың қызығушылығын арттыратын ойыншықтар алуан түрлі болғанымен, олардың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы керек.. Ойыншықты дүкеннен сатып аларда тиісті шарттарға қарап таңдаған дұрыс. Балалардың денсаулығы өз қолыңызда.
Еңбекшіқазақ аудандық СЭББ-ның
жетекші маманы А.Уразембекова
