+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ұлттық мұраны ұлықтаған ұста

Қазақ даласының кең төсінде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бір асыл мұра бар. Ол – қолөнер. Темірді иіп, ағашты сөйлетіп, теріні тірілткендей өңдеген бабалар өнері – ұлттың рухани коды, тіршілігінің айнасы. Сол киелі өнерді жоғалтпай, қайта түлетіп, ғылыми негізде жаңғыртып, ұрпаққа аманат еткен бірегей тұлға – Дәркембай Шоқпарұлы.

Жуырда біз Ақши ауылында орналасқан «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейіне» арнайы барып, шебердің өмір жолы мен артында қалған бай мұрасымен таныстық. Бұл сапар – жай ғана іссапар емес, ұлттық құндылықтармен қайта қауышқан рухани кездесу болды.

Музейге кірген сәттен бастап ерекше әсерге бөленесің. Кәдімгі көз үйренген тұрмыстық бұйымдардың өзі мұнда мүлде басқа қырынан көрінеді. Әр заттың өз тарихы, өз тағдыры бар. Бір қарағанда қарапайым көрінетін ағаш астау мен тері торсық, темірден соғылған ер-тұрман мен зергерлік бұйымдардың әрқайсысы – тұтас бір дәуірдің үнсіз куәсі.

Осындай құндылықтардың басын біріктіріп, жүйелеп, ғылыми тұрғыда зерттеп, қайта жаңғыртқан Дәркембай Шоқпарұлы – шын мәнінде ұлт өнерінің жанашыры ғана емес, оның жанын түсінген дара тұлға еді.

Ол 1946 жылы Жетісу жерінде дүниеге келіп, бала кезінен ұсталық өнердің қыр-сырын бойына сіңіріп өсті. Әке мұрасы – төс пен балға, көрік пен үскі оның өмірлік жолын айқындап берді. Бірақ ол тек ата кәсіпті жалғастырумен шектелмей, оны жаңа деңгейге көтерді. Көркемсурет училищесінде білім алып, кейін ғылыми ізденіске ден қойып, ұлттық қолөнердің технологиясын зерттеуге кірісті.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары ұлттық нақыштағы дүниелер ұмыт бола бастаған кезең еді. Сол тұста Дәркембай Шоқпарұлы «дәстүрлі өнерді қалайда сақтап қалу керек» деген ұстаныммен тынымсыз еңбек етті. Тек бұйым жасаумен шектелмей, оның жасалу тәсілдерін зерттеп, қайта қалпына келтіріп, ғылыми еңбектер жазды. Нәтижесінде 200-ден астам ғылыми-танымдық мақалалар дүниеге келді.

Шебердің еңбегі тек Қазақстанмен шектелмей, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Оның туындылары Мәскеу, Венгрия, Чехословакия, Үндістан сынды елдердегі көрмелерге қойылып, шетел көрермендерінің де таңданысын туғызды.

Дәркембай Шоқпарұлының тағы бір үлкен еңбегі – тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысуы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Жаркент мешіті, Қарахан кесенесі секілді тарихи нысандардың жаңғыруына үлес қосуы – оның кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі.

Алайда шебердің ең үлкен арманы – қолөнерді халықпен қайта қауыштыру, оны музей арқылы келешекке жеткізу еді. Сол арманның жемісі – бүгінгі Ақши ауылындағы қолөнер музейі.

Бүгінде бұл өнер ордасы – тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, ұлттық рухтың тірі орталығы. Мұнда алты залға топтастырылған мыңдаған бұйымдар қойылған. Әр зал – жеке бір тарих. Бірінде – шебердің жеке туындылары мен өмірінен сыр шертетін деректер, енді бірінде – қазақтың тұрмыстық бұйымдары, зергерлік әшекейлер, саз аспаптары мен саятшылық құралдары. Ең әсерлісі – музей жанындағы шеберхана. Мұнда келушілер тек қарап қана қоймай, нағыз ұсталардың жұмысын көзбен көре алады. Темірдің қызған шағы, балғаның ырғағы, ағаштың иісі – барлығы да ежелгі өнердің тірі тынысын сезіндіреді.

Музей директоры, шебердің ұлы Дәулет Шоқпаров әке мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Әкесінен қалған тағылымы терең жұмысты абыроймен жалғастырып келеді. Бізбен әңгіме барысында ардақты әкесін ерекше тебіреніспен еске алды:

– Әкем үшін қолөнер – жай кәсіп емес, өмірдің мәні еді. Ол кісі «ұлттың жаны – оның өнерінде» деп айтатын. Сондықтан бар өмірін осы өнерді сақтауға арнады. Біз үшін ең үлкен міндет – сол аманатқа қиянат жасамау, – деген музей басшысы бала күнінен бүгінге дейін, музейдің ашылу тарихын кеңінен баяндады.

Дәулет Дәркембайұлының айтуынша, биыл ұлы шебердің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтпек. Аудандық Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде арнайы шара ұйымдастыру, ас беру жұмыстарына дайындық жүріп жатыр екен.

– Бұл тек отбасының емес, халықтың тойы. Әкем ел үшін еңбек етті. Сондықтан оның еңбегін ел болып ұлықтау – бәрімізге ортақ парыз, – дейді ол.

Сөз арасында ол «Дәркембай мектебі» туралы да айтып өтті:

– Әкем «қолөнер мектебін ашсам» деп армандайтын. Негізі ол мектеп әлдеқашан қалыптасқан. Оның жүздеген шәкірті бар. Бүгінде солар ұстаз жолын жалғастырып жүр. «Ұсталықты үйренемін» деп келген адамның бетін қайтармайтын, тек бір шарт айтушы еді, «Менен үйренгеніңді кемінде он адамға үйрететін бол» деп уәдесін алатұғын. Бұл – әкемнің ең үлкен жетістігі, – дейді.

Расында, музей қабырғасында тұрған әрбір жәдігер, шеберханада еңбек етіп жатқан жас шеберлер – осы мектептің айқын дәлелі. Ұстаздың ізі шәкірттің қолында жалғасып жатыр.

Дәркембай Шоқпарұлы – сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі болды. Ол – ұста, зергер, ағаш шебері, теріші ғана емес, зерттеуші, этнограф, мүсінші, ақын еді. Осындай жан-жақтылық оның тұлғасын биіктете түсті. Қалдырған мұрасы – тек көзбен көретін бұйым емес, ол – ұлттың рухани қазынасы. Әрбір жасаған дүниесінде тарихтың ізі, бабалардың қолтаңбасы, ұлттық дүниетанымның тереңдігі жатыр.

Бүгінгі күні жаһандану заманында ұлттық болмысты сақтау – ең өзекті мәселелердің бірі. Осындай кезде Дәркембай Шоқпарұлы сынды тұлғалардың еңбегі ерекше маңызға ие. Себебі ол тек өткенді зерттеп қана қоймай, оны бүгінмен жалғап, болашаққа жол ашты.

Ақши ауылындағы шағын ғана музей – үлкен тарихтың куәсі. Бұл жерге келген әрбір адам өткенге үңіліп қоймай, болашаққа деген жауапкершілікті де сезінеді.

Ұлт үшін ұшан теңіз еңбек еткен ұлы ұстаның өзі өмірден өтсе де, оның салған сара жолы, қалдырған ізі – халық жадында мәңгі сақталады. Өйткені шынайы өнер ешқашан өлмейді. Ұста Дәркембайдың ізі – ұлттың ізі.

Ринат НАРХАНОВ.