+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Дала дүбірі басталды

Көктем келісімен жер-ана бусанып, тіршілік қайта жанданады. Дәл осы кезең – диқан үшін ең жауапты шақ. Еңбекшіқазақ ауданы бойынша биылғы көктемгі дала жұмыстары да қарқын алып, аудан диқандары егіс науқанына білек сыбана кірісті. Жоспар бойынша өңірде 80 мың гектарға жуық алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себілмек.

Егіс – жай ғана науқан емес, ел ырысының бастауы. Сондықтан шаруалар бұл жұмысқа ерте қамданып, дайындықты жүйелі жүргізген. Соның нақты көрінісі – жанар-жағармай мәселесінің алдын ала шешілуі. Биыл аудан бойынша 1 мың тоннадан астам жеңілдікті отын алуға өтінім берілген. Бұл – диқан еңбегін жеңілдетіп, көктемгі жұмысты уақытылы әрі сапалы атқаруға мүмкіндік беретін маңызды қолдау.

Бүгінгі ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек еңбекке ғана сүйенбейді, ол – технология мен тиімділіктің саласы. Осыны жақсы түсінген аудан фермерлері заманауи тәсілдерге ден қойып отыр. Биыл 5 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланған. Бұл – суды үнемдеумен қатар, өнім көлемін арттыруға жол ашатын озық әдіс. Демек, еңбекшіқазақтық диқандар дәстүрлі шаруашылықтан инновациялық бағытқа бет бұрып келеді.

Мемлекеттік қолдау – шаруаның еңсесін тіктейтін негізгі тірек. «Аграрлық несие корпорациясы» жүзеге асырып отырған «Кең дала» бағдарламасы аясында аудан шаруалары белсенділік танытуда. Бүгінде 16 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жалпы сомасы 986 миллион теңгеге несие алуға өтінім берген. Оның 12-сі 115 миллион теңге қаржыға қол жеткізіп үлгерсе, қалған өтінімдер қаралу үстінде. Сонымен қатар, «Қонаев» ӘКК арқылы қосымша 400 миллион теңгеге өтінім беріліп, қаржылық қолдау ауқымы кеңейтілуде. Бұл – ауыл шаруашылығы саласына деген сенімнің артып келе жатқанын аңғартады.

Егіс жұмыстарының нәтижелі болуы техникаға да тікелей байланысты. Осы бағытта да аудан шаруалары тың қадамдарға барған. Жыл басынан бері жалпы құны 477 миллион теңгеге 32 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 17-сі «КазАгроҚаржы» арқылы рәсімделсе, қалғаны шаруалардың өз қаражаты есебінен алынған. Бұл – аграрлық сектордағы жаңару мен ілгерілеудің айқын көрінісі.

Жалпы алғанда, Еңбекшіқазақ ауданында егіс науқанына дайындық жан-жақты әрі жүйелі жүргізілген. Жердің бабын табу, техниканы сайлау, қаржылық мүмкіндіктерді пайдалану – бәрі өзара үйлесім тапқан. Ендігі үміт – мол өнім мен берекелі күзде.

Қазақ «Егін ексең – ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Биыл да жер емген диқанның маңдай тері ақталып, қамбалар астыққа толады деген сенім бар. Себебі, дала дүбірі – ел ырысының жаршысы.

С.Нұрадин.