
Аталар мектебі -тәрбие бастауы
Қазіргі қоғамда дәстүрде де, дін де көптеген қателікке жол беріп жатырмыз. Адасып, теріс ағымда жүрген қаракөздеріміздің бетін бері қайтарудан, қасқалдақтың қанын табу оңай болып тұрған сынды. Ал, қазалы жиын мен астардағы ысырап пен жүйесіздік халықты қажытып бара жатқаны жасырын емес. Осы орайда жуырда Есік қаласындағы аудандық мешітте ауылдық имамдар мен ауыл ақсақалдары бас қосқан келелі жиын өтті. «Ислам және адал қоғам» атты семинар жоғарыда аталған тақырыптардың айналасындағы көптеген түйіткілді мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, «Аталар мектебі» тақырыбы да жиынның негізгі мақсаты еді. Себебі, бұл нәзік дүниелерді заң немесе қатаң тәртіппен түзеу мүмкін емес. Ақсақалдардың, ел ағаларының халыққа дұрыс жеткізуі маңызды. Олардың дін мен дәстүрімізге томпақ келетін тұстарын түзеу жолында ықпалы зор.
Ауданымыздың бас имамы Ибрагим Қондыбаев қазалы жиын мен құдай тамақ, астардағы мәселелерді жіпке тізді:
– Біріншіден, ас немесе қазалы жиында ысырапқа өте көп жол берудеміз. Бұған кейбір адамның жағдайы жетсе, кейбір адамның жағдайы көтермейді. «Жұрт не дейді?» деген жалаң пікірдің салдарынан сан әуреге түсіп жатқан, тіпті ас беру үшін несие алып жатқан жандарды да көрдік. Ал бұндай қадамдарға шариғатымыз түбегейлі қарсы. «Құдайы ас» деп аты айтып тұрғандай, тек қана Алланың разылығы үшін, қайтқан кісіге сауап болу үшін жасалатын шара. Еікіншіден, ҚМДБ пәтуасын негізге ала отырып, жаназа намазын бірізділікке қойсақ деген ниеттеміз. Себебі, соңғы сапарға шығарып салу – тірілердің міндеті. Қайтыс болған адамның алдында мұсылманның төрт міндеті бар. Біріншісі, мәйітті жуындыру, екінші, кебіндеу, үшінші, жаназа намазын оқу, төртінші, жер-ананың қойнына апарып тапсыру. Бұның сыртындағы жыртыс тарату, шапан жабу, ас беру сынды басқа да жоралғылар салт-дәстүрден шыққан дүниелер. Сондықтан ҚМДБ пәтуасын негізге ала отырып, 2017 жылы «Жаназа және жерлеу рәсімі» деген атпен кітап шыққан. Бұл кітапта жаназаға байланысты барлық дүние қамтылған. Осы кітаппен танысып, ел жұрт ішіндегі жаназа рәсімдерін бірізділікке шақырсаңыздар деген өтінішіміз бар. Шынында, елімізде жаназа намазының бірізділікке түсірген өңірлер бар. Қазір қазалы үйде міндетті түрде қонақасы беріледі. Аты айтып тұрғандай, бұл алыстан келген адамға, яғни қонаққа берілетін тамақ. Бірақ жақын тұратындарға емес. Кейбір жерлерде қонақ асына деп 2 қой, жаназасына жылқы сойып жатады.
Бұдан кейінгі мәселе – жаназа намазын жергілікті ауылдың имамы шығарса деген ниетіміз бар. Себебі, шариғатымыз бойынша жаназа намазын өткізуге құзіретті бірінші адам ол – патша, ол болмаса бас мүфти, немесе облыстың бас имамы, ол болмаса ауылдағы патша тағайындаған басшы, яғни әкім. Енді бұл ұстаным біздің елде жоқ, біз ислам мемлекеті емес, зайырлы мемлекетпіз. Енді, әкімдер болмаса, жергілікті бұйрығы бар имам немесе молда шығару керек. Егер имам жоқ болса, дін жолындағы жақын адамы шығару керек деген пәтуа бар. Кейбір жерлерде көзбен көрдік, сырттан бір адамды шақырып, жаназа намазын тапсырып жатады. Тілдессек, намаз оқымайтын, діни білімі төмен адам болып шығады. Бұл – көңілге күдік ұялатады, қайтыс болып отырған адамға обал дүние. Біз жаназа намазын ешкімнен қызғанбаймыз. Бірақ бұл рәсімді дін жолында жүрген адам өткізгені абзал. Себебі, қайтыс болған адамды құрметтеуіміз керек. Бұған сақтықпен қарау қажет. Қандас бауырлардың ішінде көп жолығады, «қожаның баласы», «мақсұмның баласы» деп, сол кісілерден аса алмайды. Егер олар жаназа шығаратын болса, аудандық мешітке келіп, арнайы емтиханнан өтіп, бізден рұқсат қағазын алар болса, бұл ретте ешқандай мәселе жоқ. Сондай-ақ, теріс діни ағымда жүрген адамдардың салт-дәстүрімізге тіл тигізіп, қарсылық білдіруі жиілеп кетті. Бұл орайда ҚМДБ қауіптің алдын алу үшін көптеген жұмыстар атқарып келеді. Имамдарға салт-дәстүрді дәріптеу, бұрынғы өткен би-шешендеріміздің мұрасын насихаттауды, уағыздарына енгізуді тапсырды – деген бас имам өзге де кәделі жұмыстарымен таныстырып өтті. Ас беру тәртібі, зиярат ету тәртібі, жаназа мен жерлеу рәсімдерінде жиылған жұрттың өсек-әңгіме, бос күлкі сынды оғаш қылықтарға жол беруі туралы, жастар, неке, уағыз, ғылым туралы көлемді сөз қозғады.
Ақсақалдардың ойларын ортаға салуға шақырғанда ақын Даубай Әбдісай ортаға шығып, Ибрагим Нұрахмедұлының мәнді үгіт-насихаты үшін алғыс білдіріп, сөзін жалғады.
– Біздің ата-бабамыздан келе жатқан керемет салт-дәстүріміз бар. Бұл тұрғыда өзгеден ұялатын жеріміз жоқ. Аузы дуалы бабаларымыздың, тарихымыздың уағыз-дарыңыздан орын алатынына қуанып отырмын. Өйткені, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, арабтың қайдағы бір ата-бабасынан басқа ешнәрсені естімейтін болдық уағызшылардан. Өз ата-бабасы жоқтай, өзгені ұлықтай беруге қарсымын. Өз ұлты үшін ғұмырын арнап, жанын берген ерлер барлық ұлтта бар. Әркім өзінің тарихы мен заңғар тұлғаларын ұлықтасын. Кім көрінген әлеуметтік желіде уағызшы болып, кейін «ұстаз» атанып кетіп жатыр. Ал, насихаттарында өрескел қателіктер көп. «Қазір екінің біріне уағыз айтуға болмайтын заң қабылданып, тиісті шаралар қолданылуда» дедіңіз, бұл да қуанарлық жаңалық. Имам, молдаларымыз айтар сөзін оланса екен деймін. Талай өлімде болдым осы жасқа дейін. Көп жерде молдалардың сөзі көңіліме қонбай қалады. Қырбалтабай ауылында бір жас қызды зорлап, өлтіріп, оны бір жерге көміп тастаған. Кінәлі адам да табылды. Сол жаназада «молда не айтты?» – деңіз, «Бұл құдайдан келген сынақ, құдайдан келген ажал», – деп сөзін соғып тұр. Сонда құдай қаршадай қызды өлтірген азғынға: «Сен мына қызды қорла, зорла, пышақтап өлтіріп көміп таста» деп айтып па? Бұл – құдайдың ісі емес, бұл – барып тұрған тексіздік, көргенсіздік, тәрбиесіздік, жауыздық. Ұрпақтарыңды осындай жауыздардан сақ болуға, бұдан сабақ алуға, балаға дұрыс тәрбие беруге неге шақырмайды? Біз Кеңес заманында өссек те, қазіргідей теріс пиғылды, опасыздықты көрмейтінбіз. Бізді «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген үш ауыз сөзбен өсірді. Кісінің ақысына кірмеуді, өтірік айтпауды, кісіге зұлымдық жасамауды, ұрлық жасамауды жасымыздан санамызға сіңіретін. Содан жаман болған жоқпыз – деген Даубай ақсақал, бұрынғы мен бүгінді саралап, дін төңірегіндегі ақсап жатқан бірнеше мәселелерді ашық сынады.
Жиын барысында қатысушы ақсақалдар мен имамдар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, бас имамнан көңілге қонымды жауаптарын алды.
Расында, қазіргі қазақ қоғамындағы қаралы үйде қазан көтеріліп, аста-төк дастархан жайылып, оған жиылған елдің де мәдениет сақтамауы жақсылыққа алып бармасы анық. Бұны саналы адамның бәрі біледі, түсінеді, ел ішінде де айтылып жүр. Бірақ, ел мен жұрттың мәжбүрлеуі, қалыптасып кеткен үрдіс ысырапқа тосқауыл бола алмай тұр. Түптеп келгенде сананы көтеріп, ымыраласу, үгіт-насихаттың дұрыс жол табуы олқылылықтарды жөндейді деген сенімдеміз.
Ринат НАРХАНОВ.
