
Нақты істер – тұрақты даму кепілі
«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өз округтерінде тұрғындармен есептік кездесулер өткізуде. Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе және Бәйдібек би ауылдық округтерінде өткен кездесуде Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын баяндады.
Қуат Сұлтанұлының айтуынша, Алматы облысында 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бойынша 106 іс-шара жоспарланған. Бүгінде оның 75-і орындалды, 17-сі жүзеге асырылып жатыр, 11-і 2027 жылға жоспарланған. Тағы 3 іс-шара бойынша орындалмау қаупі бар.
Негізгі көрсеткіштер бойынша облыста 76 инвестициялық жоба іске асырылып, 784,6 млрд теңге инвестиция тартылды. 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 1,8 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 1 855 шақырым жол салынып, жөнделді.
Әлеуметтік салада 26 мектеп, 60 медициналық нысан, 7 спорт нысаны, 15 мәдениет үйі, 19 өрт сөндіру бекеті және 1 өрт сөндіру депосы ашылды.
Кездесу барысында тұрғындар жол, ауызсу, жарық және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді. Айтылған ұсыныстар мен шағымдар депутаттық бақылауға алынды.
Өз тілшіміз.
