+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Қоғам

Нақты жоспар, айқын мақсат – оң нәтиже кепілі

 

Қыркүйек айының басында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауын жариялады. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты стратегиялық құжатта еліміздің дамуына бастайтын нақты жоспарлар көрсетілген.

«Сапалы білім беру» бөлімінде педагогтердің жалақысы 25 пайызға көбейгені, мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу тиімді екені айтылды. Себебі, болашақ жастардың қолында, ал жастарға сапалы білім беру – педагогтердің тікелей қызметі.

Жалпы, Жолдауда Президентіміз ауыл шаруашылық, цифрландыру, әскери сала, денсаулық пен білім, спорт, өңірлердің дамуы, газдандыру, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, бұл салалардағы мақсат-міндеттерді іске асыруда бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, энергияның жаңа көздері, еңбек қатынастары, көші-қон мен демократизациялау, құқық қорғау саласын да назардан тыс қалдырмай, алдағы міндеттерді атап өтті.

Қоғам арасында талқыға түскен мемлекеттік тіл мәселесін де көтеріп, қазақ тілін білу – ол отаншылдықтың белгісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, қоғам арасында белең алып бара жатқан әлеуметтік желілердегі бір күндік атаққұмарлық, вакцинаға қарсы елді үгіттеу сынды өзекті мәселелер – қауіпті құбылыс екенін және зиялы қауым тарапынан осындай сұрақтар ұдайы назарда болу қажеттігін атап өтті.

Егемен ел болғанымызға биыл 30 жыл толды. Тәуелсіздік – біздің ең қасиетті құндылығымыз. Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында алдынғы қатарлы елдерімен тереземіз тең.

Жолдаудағы қуантарлық  жаңалық – ең төменгі жалақы  42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өсетіні. Аталған тапсырма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аспақ. Мәдениет саласы, кітапханашы, мұрағатшы, техникалық қызметкерлердің материалдық жағдайы назардан қалмай, алдағы 5  жылда жалақыны жыл сайын 20 пайызға өсіру туралы тапсырма еліміздегі 600 мыңнан аса қызметкерге қолдау болмақ.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында жаңа бағыт-бағдар айқын көрсетілген. Жолдаудағы тапсырмалады орындап, жұдырықтай жұмыла жұмыс істеу – басты мақсатымыз. Болашақта бізге қойылған талаптар мен міндеттер өте маңызды. Осыны тұрғыда атқаратын жұмыстар да зор.

Жолдаудың түпкі нәтижесі әрбір қазақстандықтың әлеуетін арттыруға бағытталған. Себебі, мемлекетеміздің басты байлығы – Қазақстан халқы

Қ.ДҮЙСЕБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Шелек политехникалық колледжінің директоры.