+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

Жер қойнауын пайдаланатын нысандардың санитариялық-қорғау аймағына қойылатын талаптар

Жер қойнауын пайдаланатын нысандар – қоршаған ортаға және халық денсаулығына әсер ету қаупі жоғары өндірістік объектілердің қатарына жатады. Мұндай нысандарға кен орындары, карьерлер, мұнай-газ өндіру кешендері, бұрғылау алаңдары, байыту фабрикалары және басқа да өндірістік кәсіпорындар жатады. Осыған байланысты олардың қызметінен туындайтын зиянды факторлардың тұрғын аймақтарға әсерін төмендету мақсатында санитариялық-қорғау аймағы (СҚА) белгіленеді.

       Санитариялық-қорғау аймағы – өндірістік объект пен тұрғын аймақтың арасындағы арнайы бөлінген аумақ. Оның негізгі мақсаты – атмосфералық ауаның, топырақтың, судың ластануын болдырмау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету.

         Санитариялық-қорғау аймағының маңызы өндірістік нысандардан бөлінетін зиянды заттардың тұрғындарға әсерін азайту үшін ұйымдастырылады (шаң-тозаң, химиялық заттар, шу мен діріл, радиациялық немесе биологиялық факторлар). Жер қойнауын пайдаланатын объектілерде жару жұмыстары, ауыр техникалардың қозғалысы, қалдықтардың жиналуы және зиянды заттардың бөлінуі жиі кездесетіндіктен, санитариялық-қорғау аймағын сақтау ерекше маңызға ие.

      «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығына сәйкес,  СҚА жобасын мамандандырылған ұйым әзірлеп және бекітіп, тапсырыс берушімен келісіледі. Әзірленген жобаның толықтығын, дұрыстығын және сапасын қоса алғанда, іс-шаралардың орындалуын тапсырыс беруші мен жобалау құжаттамасын әзірлеуші қамтамасыз етеді.

СҚА-ға қойылатын негізгі талаптар:

1. Санитариялық-қорғау аймағының мөлшерін белгілеу. СҚА көлемі объектінің қауіптілік класына, өндірістік қуатына және қоршаған ортаға әсер деңгейіне байланысты анықталады. Санитариялық жіктеу талаптарына сәйкес өндіріс орындары қауіптілік деңгейіне қарай бірнеше класқа бөлінеді. Қауіптілігі жоғары нысандар үшін санитариялық-қорғау аймағының көлемі де үлкен болады. Аймақтың нақты мөлшері жобалық құжаттар мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды негізінде бекітіледі.

2. СҚА аумағында тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар,емдеу ұйымдары, демалыс орындары орналастырылмауы тиіс. Бұл талап халықтың өндірістік факторлардың зиянды әсеріне ұшырамауын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

3. Санитариялық-қорғау аймағында шаң мен шуды азайту үшін жасыл желектер отырғызу ұсынылады. Ағаштар мен бұталар атмосфералық ауаны тазартуға және өндірістік әсерді төмендетуге көмектеседі.

4. Жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындар міндетті түрде атмосфералық ауаға,  өндірістік қалдықтарға, жер асты және жер үсті суларына, шу және діріл деңгейіне  экологиялық және өндірістік бақылау жүргізуге міндетті.Бақылау нәтижелері белгіленген санитариялық нормативтерге сәйкес болуы қажет.

5. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтар арнайы жабдықталған орындарда жиналып, уақытылы шығарылуы тиіс. Қауіпті қалдықтардың қоршаған ортаға таралуына жол берілмеуі қажет.

      Жер қойнауын пайдаланатын нысандардың санитариялық-қорғау аймағы халық денсаулығын қорғауда және қоршаған ортаның ластануын алдын алуда маңызды рөл атқарады. Санитариялық талаптарды сақтау өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын санитариялық-қорғау аймағын ұйымдастыру мен күтіп ұстау талаптарын қатаң сақтауы тиіс.

Еңбекшіқазақ аудандық  

СЭББ басшысының орынбасары Д.Бақберген