+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жыл нәтижесі сараланып, жоспар жүйеленді

Аудан әкімі Талғат Байеділовтің аудан тұрғындарымен кездесуі Бөлек ауылдық округінде қорытындыланды. Жуырда ғана пайдалануға берілген Бөлек ауылдық мәдениет үйінде 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы баяндама жасады. Бұл кезекті кездесудің салмағы жоғары болды. Себебі, есептік кездесуге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, облыстық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және қоғамдық ұйымдар қатысты. Аталған жиынды аудандық мәслихат төрағасы Бекет Төлегенұлы жүргізді.

Аудан әкімі өз баяндамасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласында 177 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102 пайызды құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы 77,5 млрд теңгені, өсімдік шаруашылығы 31,6 млрд теңгені құрады. Аграрлық секторға 12 млрд теңге инвес-тиция тартылып, сүт-тауарлы фермалар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және сақтау бағытындағы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды.

2026 жылға аграрлық салада шамамен 30 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Оның ішінде жүгері қабылдау және өңдеу кешендері, жеміс-көкөніс өңдеу зауыттары сияқты ірі жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Жалпы аудан бойынша 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 206 млрд теңгеге жеткізу және нақты көлем индексін 106 пайызға көтеру жос-парланып отыр.

Баяндама барысында аудан экономикасының басқа да маңызды салалары кеңінен қамтылды. Атап айтқанда, салық түсімдерінің көлемі артып, аудан бюджетінің кіріс бөлігі жос-пардан жоғары орындалғаны айтылды. Құрылыс саласында тұрғын үйлердің көлемі ұлғайып, Есік қаласында көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Әлеуметтік осал топтарды бас-панамен қамту жұмыстары жалғасып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерін жаңғырту, электр желілерін жаңарту, көшелерді жарықтандыру және елді мекендерді газдандыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда аудан көлемінде ондаған шақырым ауызсу желілері салынып, бірқатар ауылдар жаңа су жүйесіне қосылған. Сонымен бірге, электр желілері тартылып, елдімекендерді газдандыру жобалары кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, бірқатар ауылдардың кіреберіс жолдары жаңартылған. Көшелерді жарықтандыру, аялдамалар орнату және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.

Кездесуде білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстар да айтылды. Ауданда жаңа мектептер салынып, бірқатар білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, медициналық мекемелерді жаңғырту, жаңа амбулаториялар салу, модульдік медициналық кешендер орнату бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мәдениет саласында да мәдениет үйлері мен кітапханаларды жаңғыртуға басымдық берілген. Аталған мәліметтердің барлығы лед экранда цифрлық кестелер бойынша көрсетіліп, нақты дәлелдермен таныстырылды және баяндама бұдан өзге де барлық саланы қамтыды.

Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы облыс көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, баяндамасын жасады.

Кезек тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтарға берілді. Өз кезектерін тағатсыз күткен Бөлек ауылдық округінің тұрғындары толғандырған сұрақтарына жауап іздеді. Ауылдағы жол, су, жарық сынды мәселелерге қатысты бірнеше сауалдар жолданды. Сонымен қатар, ауыл төрінен жаңадан қалпына келген мәдениет үйі, жаңа жолдар сынды ауылға жасалып жатқан игіліктер үшін алғыстарын да жеткізді. Аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қанат Есболатов ауданның даму көрсеткіштерін оң бағалап, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу қорытындысында көтерілген барлық мәселелер бойынша арнайы іс-қимыл жоспары әзірленіп, оның орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.

Кездесу аяқталған соң аудан әкімі тұрғындарды жеке бастағы мәселелер бойынша қабылдап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.

Ринат НАРХАНОВ.