
Жас ақынмен жүздесу
И.Шорманов атындағы орта мектепте «Ей жас ақын, мен саған кезек берем…» атты сыр-сұхбат өтті. Іс-шараның негізгі кейіпкері – мектебіміздің 11 сынып оқушысы, біздің мақтанышымыз, жас ақын Саян Даниярұлы.
Жас ақынның өлеңдері Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Алтын бесік» антологиялық кітабына енгізілген. Сұхбат басында мектеп директоры А.Талқамбаева мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ү.Есенгерге сөз кезегі беріліп, жас дарынға ақ тілегін арнады. Көктөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлсара Төремұратқызы «Кітап – асыл қазынам» атты баяндама оқыды.
Сөз кезегін алған жас дарын бастауыш сынып кезінен өлең жазуға қызыға бастағанын айтты. Оған шабыт берген әкесі екенін, әкесінің де бала кезден өлең жазғаны туралы баяндады. Орта буынға келгеннен сол шығармашылығы жалғасын тапқанын, осы жолға ұштаған бас-тауыш сынып мұғалімі Ш.Ақтанова мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қ.Сарықова сынды ұстаздарына алғыс білдірді. Алғашқы өлеңдері табиғат, отбасы тақырыбында болса, жасөспірім кезде өлеңдер қатарын Отан, туған жер, ақындарға арнауларымен толықтырғанын жеткізді.
Кеш барысында әжесі мен анасы Саянның балалық шағы туралы, өлең жазу кезіндегі қызықты оқиғалары туралы әңгімеледі. Саянның өлеңдерінің «Алтын бесік» антологиялық кітабында жариялануына мұрындық болған Д.Қалиақпарова мен Н.Нұрқасымова сынды ұстаздарына жылы лебіздерін білдірді. Ал мектебіміздің жас ақындары Аяжан Құттымұрат, Аружан Ануарбек, Аружан Тұрсын, Жандарбек Орынбет, Айқын Мұрат өз өлеңдерін шабыттана оқыды.
Қазақ халқы үшін ақын дегеніміз – тек сөз шебері емес, халықтың жаны мен жүрегінің дауысы. Олар ғасырлар бойы халқымыздың тарихын, мәдениетін, құндылықтарын сақтап, жаңғыртып келді. Ақындар сөздің құдіретін түсініп, әр сөзін мән-мағынамен толтырған нағыз шығармашыл тұлғалар. Саян да болашақта ауданымыздан шыққан лирик ақын Т.Молдағалиев сынды ауданымыздың атын асқақтатар ақын болады деп сенеміз.
А.БЕКЕНОВА,
И.Шорманов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
