
Тарих пен тағдыр тоғысқан күн
Жан-жақтан желі гуілдеп соққан, ебелектен басқа шөп өспейтін, жаз бойы тас төбеңнен шақырайған күннен қорғайтын бірде-бір ағашы жоқ, сусыз, шөл дала төсінен орын теуіп, бүгінде тіршілік дүбіріне бөленген Нұра ауылында үлкен қуаныш. Иен далада жаңа тұрмыстың алғашқы қазығын қаққан және 30 жыл бойы сол ауылды көркейтуге зор үлес қосқан марқұм Сағыныш Еспергенов басқарып, өз алдына округ болған Нұра ауылындағы Ораз Жандосов атындағы мектептің шәкірттерге білім есігін ашқанына 60 жылдың жылдың жүзі болыпты.
Әр перзенттің тірегі – туған жер, асыл бабалардың ізі қалған бұл жер әлемге теңдесі жоқ ең қымбат атамекен. Сөгеті ауылдық округіне қарасты Нұра ауылына, ондағы білім ордасында балаларға тәлім-тәрбие беріп, оқытқан ардагер ұстаздар жиналды. Тарих пен тағдырларды тоғыстырған бұл кездесуді Қарлығаш Жұмақынова, Күләш Телеубаева, Бақытгүл Құлжабаева, Бақытжан Иманғазиев, Алтынхан Сәрсенбаева, Тәлей Нұрғайыпов, Сәкен Бартаев және Күләш Есімбаева ұйымдастырды.
Қонақтар ауылдың қазығын қағып, ел сенімін абыроймен ақтаған, халықтың қамқор ұлы, ерен еңбегімен бүгінгі ұрпаққа үлгі тұлға Сағыныш Досбергенұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ол кісінің еңбегін ұлықтау – өздерінің парызы екенін айтты. Одан кейін Отан қорғаушылар ескерткішіне де гүл шоқтарын қойып, елі үшін жанын қиған ерлерге тағзым етті. Өздері еңбек еткен, шәкіртерін білім нәрмен сусындатып, ұядан қияға қанат қақтырған Ораз Жандосов атындағы орта мектепке келіп, өткен күнді еске алып, келешек ұрпаққа өнеге боларлық кездесу өткізді. Ардагер ұстаздарды мектеп ұжымы мен оқушылар зор құрметпен қарсы алды.
Ұлттың рухани байлығы – білімінде, ұстанар тағлымы – тәрбиесінде, ал таусылмас білім бұлағының көзі – мектепте. Ауылдағы білім ордасының тарихына үңілсек, алғаш бастауыш мектеп болып ашылып, оған Рахым Өмірғалиев басшылық етті. Келесі жылы мектеп сегіз жылдық болып қайта құрылып, оған Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазКСР білім беру ісінің үздігі Оразбақ Айдарбеков он екі жыл директор болып қызмет еткен. 1975 жылы көрнекті революционер, қоғам, мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың есімі мектепке беріледі. Одан кейінгі жылдары бұл мектепті Әбен Адасбаев, Қожақмет Назарбетов, Төлеуғали Ысқақов, Майдангүл Абдикова, Мәкен Әсенов, Ләззат Демеуова, Ысқақ Салманов басқарып, 2025 жылдан бастап Гүлмира Ашметова директор болып қызмет етіп жүр.
Мектеп – алтын ұя. Осы мектепте мұғалім деген мақтан тұтар мамандықты абыроймен атқарған, бүгінгі таңда бақилық болған және зейнетте жүрген ұстаздар есімі ұжымның, оқушыларының жадында сақталған. Көптеген көрнекті мұғалімдерге әр пәннің кабинетіне есімдері берілген. Атап айтқанда, тарих кабинеті Оразбақ Айдарбекұлының, матиматика кабинеті еңбек ардагері, білім саласының үздігі атанған Тұрғанбек Бөбетайұлының, қазақ тілі мен әдебиетінің кабинеті Алматы облысының және Еңбекшіқазақ пен Райымбек аудандарының құрметті азаматы, мектепке 1500 кітап сыйлап, кітапхана ашқан, жыл сайын оқу жылының соңында үш оқушы мен екі мұғалімге арнайы шәкіртақы тағайындаған, жыл сайын бір баланы «Балдәурен» лагеріне жіберуді дәстүрге айналдырған, 10 кітаптың авторы, Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Сүлеймен Маметовтің атымен аталады. Сондай-ақ, матиматика пәні кабинетіне берілген тағы бір есім – «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Тәлей Нұрғайыпов. Бастауыш сынып кабинетіне КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері Рима Көшкінованың есімі берілген. Ал бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, әрі директор болып ұзақ уақыт білім ісінің дамуына зор үлес қосқан «Білім ісінің құрметті қызметкері» атанған, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Ысқақ Салманов атындағы кабинет те бар білім ордасында. Ардагер ұстаздар мектеп кабинеттерін аралап көріп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
– Бүгінгі кездесу, жарқын жүздесу болды. Осындай ұжымда еңбек етіп, елдің алғысына бөленіп, ел сыйлайтын, халық құрметтейтін керемет мамандық иелері болған еңбектеріңіздің зейнетін көріп келесіздер. Аллаға сансыз шүкір, нағыз қызық, нағыз ыстық, нағыз керемет кезде бір отбасындай ұжым бола білдіңіздер. Сол мектептен білім алған әрбір шәкірт сіздердің берген білімдеріңіздің арқасында дүниеге кірпіш болып қаланып, өмірден өз орындарын тауып, қазіргі таңда түрлі салада еңбек етіп жүр. Біз сіздермен мақтансақ, сіздер шәкірттеріңізбен марқаясыздар, Алтын ұя, аяулы мектебімізде осындай жарқын кездесулер жыл сайын болмаса да, бес жылда бір өтіп тұратындай дәстүрге айналса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы керемет кездесуді өткізуге атсалысқан ұйымдастырушыларға мың алғыс, – деп жүрекжарды тілегін білдірді осы мектептің түлегі Динара Оралтайқызы.
Мерейтойлық кездесу – еңбек жолын еске алып, бір-бірімен қауышып, өткен күндерді жаңғыртып, жүрекке жылу, көңілге сағыныш сыйланған, тарих пен тағдыр тоғысқан, ұрпақ пен ұстаз табысқан күн. Ораз Жандосов атындағы мектептің 60 жылдығына арналған ардагер ұстаздар оқушылардың ән мен күйін тамашалап, өнерлеріне тәнті болды.
Уақыт… Білінбей, бірақ артына өз ізін салып өтіп жатыр. Алайда, сол өткен уақыттың әр сәтінде өткен өмір елесі көз алдыңнан кино лентасындай өтетіні сөзсіз. Ардагер ұстаздар алпыс жылғы естелікпен қайта табысып, бейнебаян тамашалады. Алтын ұя – мектебіне қайта оралған 31 ардагер ұстаздың өмірлері бір-бір кітап болары сөзсіз, естеліктер әрбірінің көңілінде күй болып күмбірлеп тұрды.
Осы ардагер ұстаздардың шәкірттері еліміздің әр өңірлерінде бірі дәрігер, адам жанына араша болып жүрсе, бірі әскери қызметкер болып, ел тыныштығын қорғауда, тағы басқалары кісіпкер, спорт, мәдениет, ғылым, басқа да салаларда еңбек етіп, биік белестерден көрініп жүр. Отанның экономикасын өркендетуде өз үлестерін қосып жүрген Еркін Адасбаев, Сәкен Әбдіхалықов, Еран Манапов, Ермек Елгезеков, Тоғжан Есбергенова, Берік Жамалбеков, Серікқали Әбдікәрімов, Жайна Сәткенова, Гүлнәз Қыдырбаева, Байдәулет Дәркенбаев, Дархан Сыбанбеков, Саят Солтанбеков, тағы басқаларды мақтанышпен атауға болады. Бұдан басқа қазақ халқының төл өнері – саятшылықпен айналысып, әлем деңгейінде танылған саятшы, бүркітшілеріміздің өзі – бір төбе.
Өмірден өткен ұстаздарды еске алып, құран оқылып, кездесудің келесі кезеңі Масақ ауылындағы «Шашу» мейрамханасында жалғасын тапты.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
Көлді орта мектебінде дәстүрлі «Озат оқушылар шеруі» атты салтанатты іс-шара өткізілді. Аталған шараның басты мақсаты – оқу озаттарын, түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жетістікке жеткен дарынды оқушыларды марапаттап, олардың жетістіктерін насихаттау, жас ұрпақты білімге, өнерге және белсенділікке баулу.
Мерекелік шараға мектеп әкімшілігі, ұстаздар қауымы, ата-аналар және оқушылар қатысты. Оқу жылы ішінде аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар жарыстарында, спорттық сайыстар мен шығармашылық байқауларда топ жарып жүрген үздік оқушылар сахна төріне көтеріліп, қошеметке бөленді.
Мектеп директоры құттықтау сөз сөйлеп, білім мен тәрбиені қатар алып жүрген озат оқушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі үшін ұстаздар мен ата-аналарға ризашылық білдіріп, жастарға үлкен сенім артатынын атап өтті.
Бүгінгі жас ұрпақ – ертең еліміздің тізгінін ұстар азаматтар. Сондықтан олардың білімдерін шыңдап, талаптарын ұштап, жетістікке жетуіне жол ашу – негізгі мақсат. Сонымен қатар, арманына қарай нық қадам басып, сол жолда нәтиже көрсетіп, биік шыңдарды бағындырған балаларға қолдау көрсету – азаматтық парыз.
Шара барысында оқушылар ән айтып, би билеп, патриоттық рухтағы көркем қойылымдар ұсынды. Мектеп мақтанышына айналған үздік оқушыларға Алғыс хаттар мен мадақтамалар табысталды.
«Озат оқушылар шеруі» – жас жеткіншектердің білімге деген құштарлығын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтқан тағылымды кеш болды. Осындай игі шаралар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашып, олардың жаңа белестерді бағындыруына шабыт беретіні сөзсіз.
Бахтияр ИСМАИЛОВ,
Көлді орта мектебінің директоры.
