
Мәңгілік мұра мекені
Малыбай ауылдық кітапханасының мұрындық болуымен Малыбай орта мектебінің 5-сынып оқушыларының қатысуымен «Мұражай – мәңгілік мұра мекені» атты танымдық саяхат ұйымдастырылды.
Іс-шараға тарих пәнінің мұғалімі Авутжан Ахтямов жетекшілік етіп, оқушылар Шелек ауылындағы мұражайға саяхат жасады. Саяхаттың негізгі мақсаты – жас ұрпаққа тарихи-мәдени мұраларымызды таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, туған жер тарихына деген қызығушылықтарын арттыру және мұражай жәдігерлері арқылы өткен тарихымыздан тағылым беру.
Іс-шара барысында оқушылар мұражайдағы көне тарихи жәдігерлермен ұлттық бұйымдарымен тұрмыстық заттармен және тарихына қатысты құнды мәліметтермен танысты. Мұражай қызметкерлері әр жәдігердің тарихына тоқталып балаларға қызықты ақпараттар айтып берді. Оқушылар ұлттық мәдениет пен тарихи мұралардың маңыздылығы туралы мол мағлұмат алып, өз ойларымен бөлісті. Танымдық саяхат барысында оқушылар тарихи орындарға қызығушылық танытып, мұражайдың ұлт тарихын сақтаудағы ерекше рөлін түсінді. Мұндай шаралар жас буынның отансүйгіштік қасиетін арттырып, рухани-мәдени құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді. Іс-шара соңында оқушылар мұражай қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Галина ГАИТОВА,
Малыбай ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
