+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Тәуелсіздіктің тірегі, ұлттың рухани тұғыры

Тарихта мемлекеттің қуатын тек оның әскери күшімен немесе экономикалық әлеуетімен ғана өлшемеген. Кез келген елдің айбынын айқындайтын, оның ішкі бірлігі мен рухани тұтастығын көрсететін ерекше құндылықтары болады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік рәміздер. Ту, Елтаңба және Гимн – жай ғана ресми белгілер емес. Олар – халықтың өткені мен бүгінін, болашағы мен арман-мұратын біріктіретін рухани тұғыр. Сондықтан Қазақстанда жыл сайын 4 маусымда аталып өтетін Мемлекеттік рәміздер күні Тәуелсіздігіміздің мәнін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды мерекелердің бірі саналады.

Бүгінгі таңда әлем картасында екі жүзге жуық мемлекет бар. Олардың әрқайсының өзіндік тарихы, тілі, мәдениеті және ұлттық құндылықтары қалыптасқан. Алайда қандай мемлекет болмасын оны өзгелерден даралап тұратын басты белгілердің бірі – мемлекеттік нышандары. Халықаралық ұйымдардың мінберінде, әлемдік спорт додаларында, дипломатиялық кездесулерде немесе ресми шараларда ең алдымен сол елдің Туы көтеріліп, Елтаңбасы көрсетіліп, Гимні орындалады. Демек, мемлекеттік рәміздер – елдің халықаралық деңгейдегі төлқұжаты.

Қазақ халқы үшін де рәміз ұғымы терең тарихи тамырларға ие. Көшпенділер өркениетінде әр тайпаның өз таңбасы болғаны белгілі. Тайпалық таңбалар меншік белгісі ғана емес, белгілі бір қауымның тарихи жадын, тегін, тұтастығын білдіретін нышан ретінде қабылданды. Түркі қағанаттары кезеңінде де ту мен байрақтың маңызы ерекше болды. Ел басқарған хандардың, қол бастаған батырлардың өз тулары болған. Жауынгерлер ұрыс даласында байрақты қолдан түсірмеуді қасиетті борыш санаған. Тарихшылар мұны ұлттық рәміздерге деген құрметтің ежелден қалыптасқан үлгісі ретінде бағалайды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдан кейін Қазақстан үшін жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдау аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Өйткені жаңа мемлекет өзінің дербес келбетін қалыптастыруы қажет еді. Бұл жай ғана сурет немесе әуен таңдау емес, халықтың тарихын, дүниетанымын, мәдениетін және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін ортақ символдарды анықтау болатын.

1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы бекітілді. Кейін мемлекеттік рәміздер жүйесі толық қалыптасып, олардың қатарына Гимн қосылды. Бұл күн еліміздің тарихындағы ерекше белес ретінде қалды. Себебі дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның әлемге өзін танытатын ресми келбеті қалыптасты.

Мемлекеттік Ту – Қазақстанның ең танымал рәмізі. Көк байрақ бүгінде әлемнің түпкір-түпкірінде желбіреп келеді. Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында, халықаралық форумдар мен көрмелерде көк Тудың көтерілуі әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятады. Оның авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.

Тудағы көгілдір түс кездейсоқ таңдалмаған. Түркі халықтарының дүниетанымында көк түс қасиетті саналған. Ол ашық аспанның, бейбітшіліктің, тұрақтылықтың және бірліктің белгісі болып есептеледі. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, Тудың біртұтас көк түспен бейнеленуі елдегі барлық этностардың татулығы мен ортақ мақсат жолындағы бірлігін білдіреді.

Тудың ортасындағы алтын түсті күн өмірдің, энергияның және жасампаздықтың символы. Күн сәулелерінің дән тәрізді болып бейнеленуі еліміздің еңбекқорлығы мен молшылыққа ұмтылысын аңғартады. Ал қалықтаған қыран бүркіт қазақ халқының еркіндік сүйгіш рухын, биік мұраттарға ұмтылысын көрсетеді. Ерте заманнан бері қыран қазақ дүниетанымында ерлік пен азаттықтың белгісі саналып келеді. Тудың сол жағындағы ұлттық өрнек халқымыздың бай мәдени мұрасын айшықтайды. Осылайша Тудың әрбір бөлшегі терең мағынаға ие.

Мемлекеттік Елтаңба да ұлттық болмыстың көркем бейнесі болып табылады. Оның авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның дәл ортасында орналасқан шаңырақ – қазақ дүниетанымындағы ең қасиетті ұғымдардың бірі. Шаңырақ отбасының ғана емес, мемлекеттің, елдің тұтастығын білдіреді. Елтаңбадағы шаңырақтан жан-жаққа тараған уықтар Қазақстан халқын ортақ мақсатқа біріктіріп тұрған ынтымақтың белгісі іспетті.

Қанатты тұлпарлар бейнесі де ерекше мәнге ие. Қазақ мифологиясында тұлпар еркіндіктің, батылдықтың және асқақ арманның символы болып табылады. Қанатты тұлпарлар халықтың болашаққа деген сенімін, дамуға деген ұмтылысын көрсетеді. Елтаңбаның жоғарғы бөлігіндегі жұлдыз тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке ашық ел екенін білдіреді. Жалпы алғанда, Елтаңба – халқымыздың мәдениеті мен тарихын, дәстүрі мен дүниетанымын тоғыстырған бірегей туынды.

Ал Мемлекеттік Гимн халықтың рухани әлемімен тікелей байланысты. Егер Ту мен Елтаңба көзбен көрінетін рәміздер болса, Әнұран – жүрекпен сезілетін ерекше құндылық. Әнұран шырқалған сәтте азаматтардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген мақтаныш сезімі күшейеді.

Қазақстанның қазіргі Мемлекеттік Гимні 2006 жылы қабылданды. Оның негізіне халық арасында кеңінен танылған «Менің Қазақстаным» әні алынды. Әннің сөзін белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев жазып, әнін қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов шығарған. Уақыт өте келе бұл шығарма халықтың жүрегінен орын алып, тәуелсіз Қазақстанның басты музыкалық рәмізіне айналды.

Гимн орындалған сайын кең байтақ қазақ даласы, елдің тарихы, ата-бабалардың ерлігі мен бүгінгі жетістіктері көз алдыңа келеді. Сондықтан әлемдік жарыстарда қазақстандық спортшылар жеңіске жетіп, Гимн шырқалған сәтте миллиондаған адамның толқуы заңды құбылыс.

Мемлекеттік рәміздер тек ресми құжаттарда немесе мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында ғана қолданылатын атрибуттар емес. Олар қоғамның рухани өмірінде маңызды орын алады. Әсіресе жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде рәміздердің рөлі ерекше. Бала кезден мемлекеттік рәміздердің мәнін түсініп өскен ұрпақ өз елінің тарихын құрметтеп, тәуелсіздіктің қадірін терең сезінеді.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Әлемдік мәдени ықпалдар күшейген сайын әр халық өзінің төл құндылықтарын сақтауға ұмтылады. Осындай жағдайда мемлекеттік рәміздер ұлттық тұтастықтың маңызды тірегіне айналады. Олар азаматтарды ортақ тарих пен ортақ тағдыр төңірегіне топтастырады.

Тәуелсіздік – кездейсоқ келген сый емес. Ол – ғасырлар бойғы арманның, сан ұрпақтың күресінің жемісі. Ал сол Тәуелсіздіктің айғағы – мемлекеттік рәміздер. Сондықтан көк байраққа құрмет көрсету, Елтаңбаны қадірлеу, Гимнді мақтанышпен орындау әрбір азаматтың қасиетті борышы болуы тиіс.

С.НҰРАДИН.