
Музей кеңістігіндегі білім мен тәрбие
Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, ананы құрметтеу мен отбасы құндылықтарын дәріптеу – мектеп тәрбиесінің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің 8-10 сынып оқушылары Алматы облысындағы «Анаға құрмет» музейіне танымдық саяхат жасады. Музейге Ақтөбе облыстық Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музейдің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Қазақтың батыр қызы – Әлия» атты жылжымалы көрмесі арнайы келді.
Саяхат барысында оқушылар ананың қоғамдағы рөлі, отбасы тәрбиесіндегі орны туралы мол мағлұмат алды. Экскурсия жетекшілері музейдегі әрбір жәдігердің мағынасына тоқталып, қазақ халқының анаға деген ерекше құрметін түсіндірді. Көне тұрмыстық бұйымдар, аналардың қолөнер туындылары, тарихи суреттер мен архивтік материалдар балалардың қызығушылығын оятты.
Оқушылар әсіресе қазақ аналарының даналығы мен мейірімін бейнелейтін көрмелерге ерекше назар аударды. Батыр аналар, ақын аналар мен ел тәрбиесіне үлес қосқан тұлғалар туралы тың деректер балаларға үлкен әсер қалдырды. Олар ананың отбасы ғана емес, қоғамның тірегі екенін ұғынды.
Іс-шара аясында оқушыларға арнайы экскурсия жүргізіліп, батыр қыз Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі туралы тағылымды мәліметтер айтылып, көрме қонақтары майдан даласынан жеткен тарихи деректермен, Әлияның қайсар рухы мен елге деген шексіз сүйіспеншілігін терең насихаттайтын жылжымалы көрмемен танысты.
Тағылымды кездесу барысында музей мамандары Әлияның есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтіп, мұндай рухани-мәдени шаралардың ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы орасан зор екеніне мән берді. Жас буынға патриоттық тәрбие беру мақсатында ерлік, елдік, Отанға адалдық тақырыптарында мазмұнды әңгімелер өрбіп, оқушылар батыр тұлғаның өмір жолынан үлкен әсер алып, рухани танымдарын кеңейтті.
Көрме барысында Әлия Молдағұлованың өмір жолы, майдандағы ерлігі, қайсар мінезі мен ел үшін жасаған жанқиярлығы туралы кеңінен дәріптелді. Батыр қыздың өмірінен сыр шертетін тарихи құжаттар, сирек фотосуреттер мен құнды жеке жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Саяхат барысында оқушылар өз пікірлерін білдіріп, ана туралы өлеңдер оқып, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың ерлігі мен өмір жолынан шағын көрініс көрсетті. Батыр қыздың ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге екені айтылды. Мұндай тәрбиелік шаралар балалардың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қасиеттерін қалыптастырып, ерлік пен батылдықты бағалауға тәрбиелейді.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің атынан 8 «А» сынып оқушысы Ф.Рахмонованың батыр қыз Әлияға арнап салған суреттері Ақтөбе қаласының мемориалды музейіне, «Анаға құрмет» және Ж.Жабаев музейлеріне естелікке сыйға берілді.
«Анаға құрмет» музейіне жасалған саяхат оқушылар үшін тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шара болды. Экскурсия барысында балалар ана қадірін терең түсініп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырды. Осындай рухани-танымдық шаралар жас ұрпақтың бойында ізгілік, сыйластық және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда ерекше орын алады.
Ж.БАЙСЕНОВА,
Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің директоры.
