
Жүрек таңдаған жол –жетістік кепілі
Мемлекеттік қызмет – маңызға ие мамандық, ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Бұл салада ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, халықтың сенімін ақтау үшін кәсіби біліктілікпен қатар адамгершілік, төзім мен жанашырлық та қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, саналы ғұмырын әлеуметтік салаға арнаған жандардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, қызметін ұзақ жылдар абыроймен атқарған Қалдыкүл Айсина. Еңбек жолын қарапайым маман ретінде бастап, басшылыққа дейін көтерілген Қалдыкүл Оспанәліқызы қай кезде де өз ісіне адалдықты ту етіп келеді. Қырық жылға жуық еңбек жолының басым бөлігі халықтың әлеуметтік мәселелерін шешумен, мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен тығыз байланысты болды. Еңбегі еленіп, салалық наградалармен, мерейтойлық медальдармен және Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – оның көп жылғы қызметіне берілген әділ баға. Алайда әрбір жетістіктің артында тек білікті басшы ғана емес, аяулы ана, ардақты әже, өмірдің талай белесін еңсерген қайратты тұлға тұр. Үш ұл тәрбиелеп өсірген, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы, еңбекке деген көзқарасы мен кейінгі буынға айтар тағылымы көп. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Қалдыкүл Оспанәліқызымен сұхбаттасып, еңбек жолы, өмірлік құндылықтары, отбасы тәрбиесі және жас мамандарға айтар ақыл-кеңесі туралы әңгімелескен едік.
– Қалдыкүл Оспанәліқызы, Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында әңгімемізді өмір жолыңыздан бастасақ. Өткеніңізге көз жүгірткенде қандай сезімде боласыз?
– Ең алдымен шүкіршілік сезімі келеді. Өмірімде талай жақсы адамдармен бірге қызмет атқардым, елге пайдамды тигізуге мүмкіндік алдым. Қызмет жолында түрлі қиындықтар да, қуанышты сәттер де болды. Бірақ олардың бәрі адамды шыңдайды екен. Бүгінде өткеніме үңіліп, адал еңбек еткен жылдарыма ризашылықпен қараймын.
Өмірдің әр кезеңі адамның өзіне үлкен сабақ береді. Мен еңбек жолымды қарапайым маман ретінде бастадым. Ол кезде бүгінгідей технология жоқ, бәрі қолмен атқарылатын. Сол жылдары жауапкершілікті, тәртіпті және еңбектің қадірін үйрендік. Кейін әртүрлі қызметтер атқарып, басшылық деңгейге дейін көтерілдік. Бірақ қай қызметте болсам да өзімді халықтың қызметшісі ретінде сезіндім.
Өткен өміріме қарасам, адамдардың алғысы мен сенімі – ең үлкен байлық екен. Қиын жағдайда көмектескен адамыңның ризашылығын есту бәрінен жоғары тұрады. Сондықтан өмір жолыма өкініштен гөрі ризашылықпен қараймын. Маған сенім артқан елге, бірге еңбек еткен әріптестеріме және әрдайым қолдау көрсеткен отбасыма алғысым шексіз.
– Мемлекеттік қызмет сіз үшін нені білдіреді?
– Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін арқалау. Бұл жерде әр құжаттың, әр шешімнің артында адамның тағдыры тұрады. Сондықтан мемлекеттік қызметкер өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Мен үшін бұл сала әрдайым елге қызмет етудің, адамдарға көмектесудің жолы болды. Күн сайын алдымызға небір тағдыры ауыр жандар келіп шағымданады. Барлығының көңілін тауып, дұрыс сөйлесіп, мәселесін шешеміз.
– Ұзақ жылдар басшылық қызмет атқардыңыз. Басшы үшін ең маңызды қасиет қандай деп ойлайсыз?
– Басшы ең алдымен әділ болуы керек. Ұжымның пікірін тыңдай білуі, қиын кезде жауапкершілікті өз мойнына алуы маңызды. Басшылық – бұйрық беру емес, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра білу өнері.
Бізде «басшының мінезі жаман болу керек деген» жаңсақ пікір бар. Бастық адамның жұмысы ұрысып, айғайлап жүру деп ойлайды. Алайда бұл – қате. Қол астыңдағы қызметкерлермен жылы сөйлесіп, әрқайсына әртүрлі байланыс орната білу керек. Мен кез келген ұжымдасымды көргенде қал-жағдайын сұраймын, «Бүгін неге көңілсізсің?» деп әңгімелесемін. Бұл – көңіл бөлу. Дәл осылай жақсы байланыс орнатсаң ол қызметкер өзі үшін ұятқа қалмауды ойлап, барлық тапсырмаларды тиянақты атқарады. Дегенмен босаңсытпай тәртіп пен тыңғылықты жұмыс қарқынын ұстау басты міндет әрине.
– Қызмет барысында қандай қағидаларды ұстанып келдіңіз?
– Адалдық, тәртіп және адамға деген құрмет. Осы үш қасиет кез келген адамды биікке жетелейді деп ойлаймын. Қандай қызметте болсаң да, ең алдымен адам болып қалу керек.
– Қоғамда әйел адамның басшылық қызмет атқаруы оңай емес. Сіз бұл жолдан қалай өттіңіз?
– Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ әйел адам табиғатынан төзімді келеді. Қызмет пен отбасыны қатар алып жүру үшін үлкен жауапкершілік керек. Менің жетістігімнің артында отбасымның қолдауы тұр. Сондықтан әйел адам қаласа, кез келген белесті бағындыра алады.
– Сіздің өміріңізде отбасының орны қандай?
– Отбасы – адамның ең үлкен байлығы. Қандай жетістікке жетсең де, үйіңе қуанып қарсы алатын жақындарың болмаса, оның мәні азаяды. Мен үшін отбасының амандығы әрқашан бірінші орында. Үйдегі татулық пен берекені сақтай білсең ғана жұмысың жемісті болмақ.
– Үш ұл тәрбиелеп өсірдіңіз. Бүгінде немерелеріңіздің қызығын көріп отырсыз. Әже болудың ерекшелігі неде?
– Әже болу – әйел адамның өміріндегі ең ерекше әрі ең бақытты кезеңдердің бірі деп ойлаймын. Ана болған кезде балаңның әр қадамына жауаптысың, оның тәрбиесі, денсаулығы, болашағы үшін алаңдайсың. Ал немере келгенде сол еңбегіңнің жемісін көргендей әсерде боласың. Балаларың ержетіп, өз алдына отау құрып, өмірден өз орындарын тапқанын көру – кез келген ата-ана үшін үлкен қуаныш.
Немерелерімнің әр жетістігі мен үшін үлкен мереке. Олардың мектептегі табыстары, өнерге немесе спортқа қызығушылығы, тіпті қарапайым ғана жетістіктерінің өзі көңілімді марқайтады. Кейде жұмыстан шаршап келгенде немерелерімнің бір ауыз сөзі немесе күлімдеген жүзі барлық шаршауды ұмыттырып жібереді.
Кейде немерелеріме қарап отырып өз балалық шағымды, өз балаларымды тәрбиелеген кезеңдерді еске аламын. Уақыттың қалай өткенін байқамайсың. Сондықтан бүгінгі әрбір сәттің қадірін білу керек деп ойлаймын. Немере – Алланың үлкен сыйы. Сол сыйдың қызығын көріп, олардың амандығына қуанып жүру – мен үшін үлкен бақыт әрі өмірдің ең әдемі кезеңдерінің бірі.
– Былтыр зейнет жасына шықсаңыз да, әлі де еңбек етіп жүрсіз. Сізге күш-қуат беретін не нәрсе?
– Иә, былтыр зейнеткерлік жасқа толдым. Бұл – әр адамның өміріндегі маңызды белес. Бір жағынан, ұзақ жылдық еңбектің қорытындысын шығаратын кезең болса, екінші жағынан өмірдің жаңа парағы ашылады. Көпшілік зейнет жасын тынығатын уақыт деп қабылдайды. Ал мен үшін бұл жас ең алдымен жинақталған тәжірибені кейінгі буынмен бөлісетін кезең сияқты көрінеді.
Шыны керек, мен өзімді әлі де қоғамнан, жұмыстан, адамдардан бөлек елестете алмаймын. Өйткені бүкіл саналы ғұмырым мемлекеттік қызметпен, халықпен етене араласып өтті. Таңертең жұмысқа асығып келу, адамдармен жүздесу, олардың мәселесін тыңдау, әріптестермен бірге ортақ мақсатқа қызмет ету менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан жұмысқа келу мен үшін міндет қана емес, өмір салты десем артық емес.
Кейде менен: «Шаршамайсыз ба?» деп сұрайды. Әрине, жас кездегідей емес, бірақ адам өз ісін жақсы көрсе, шаршағанын да ұмытады екен. Маған күш-қуат беретін – адамдардың сенімі, әріптестерімнің құрметі және отбасымның қолдауы. Өзімді әлі де елге пайдалы бола алатын адам ретінде сезінемін. Сондықтан мүмкіндік болып, ұжым мен басшылық қолдау білдірсе, тәжірибемді бөлісіп, еңбек жолымды жалғастыруға дайынмын.
Ең бастысы – адамның жасы емес, оның өмірге деген құлшынысы мен ниеті деп ойлаймын. Өмір бойы белсенді болып, еңбектеніп үйренген адам бір күнде тоқтап қала алмайды. Мен де солардың қатарынанмын. Бүгінде немерелерімнің қызығын көріп, отбасыма уақыт бөліп жүргеніммен, қоғамнан қол үзбей, жастарға білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын.
Қазір өткен өмір жолыма қарасам, Аллаға шүкір деймін. Халықтың алғысын алып, елге қызмет ету бақыты бұйырды. Егер тағы да таңдау берілсе, мен дәл осы жолды қайта таңдар едім. Себебі мемлекеттік қызмет маған тек мамандық емес, өмірлік мектеп болды.
– Қазіргі жас мемлекеттік қызметшілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен білім алудан жалықпау керек. Екіншіден, халықпен жұмыс істеуді үйрену қажет. Мемлекеттік қызмет мансап үшін емес, елге қызмет ету үшін таңдалуы тиіс. Сонда ғана бұл жұмыстың шынайы мәнін түсінуге болады.
– Өмірден түйген ең басты сабағыңыз қандай?
– Адам қандай биікке көтерілсе де қарапайымдылығын жоғалтпауы керек. Қызмет уақытша, ал адамдық қасиет мәңгі. Сондықтан қай кезде де ар-ұяттың алдында таза болуға тырысу керек. сол кезде көңілің де ұйқың да тыныш, жүзің жарық болады.
– Мәнді мағыналы әңгіме өрбіткеніңіз үшін рахмет. Сіздің әлі де елге береріңіз көп екені белгілі. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Ринат НАРХАНОВ.
