+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Қаламның қадірі – қоғамның қадірі

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні – тек журналистерге марапат табысталып, құттықтаулар айтылатын күн ғана емес. Бұл – қоғамның тыныс-тіршілігін таспаға түсіріп, тарихтың әр күнін хаттап жүрген қалам иелерінің еңбегіне берілетін құрмет.

Ақпарат – бүгінгі заманның ең үлкен күші. Ал сол ақпараттың ақиқатын ажыратып, саралап, халыққа жеткізетін тұлға – журналист. Сондықтан бұл мамандықтың қоғамдағы орны ерекше. Журналист халықтың мұңын билікке жеткізсе, мемлекеттің бастамаларын елге түсіндіреді. Ол қоғамдағы өзгерістерді бақылап қана қоймай, оның дамуына ықпал етеді. Кейде бір мақала шешілмей жүрген мәселенің түйінін тарқатса, бір сұхбат тұтас бір саланың кемшілігін ашып көрсетеді. Демек, журналистің қаламы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды құрал.

Төртінші билік өкілдерінің қоғамдағы елеулі еңбегі кәсіби мереке қарсаңында лайықты бағаланды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, ақпарат саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен бірқатар журналистер мемлекеттік марапаттарға ие болды. Салтанатты рәсімде марапаттарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстады. «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов өңірлік журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісімен наградталды. Сонымен қатар газетімізде ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып, ауданның ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тәжірибелі тілші Игорь Туранин Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Бұл марапаттар – қос журналистің ғана емес, шынайы ақпаратты ту етіп, ел мен жердің шежіресін жазып келе жатқан өңірлік журналистиканың абыройына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі.

Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі ауданның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен арнайы кездесіп, журналистерді төл мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде ақпарат саласы қызметкерлерінің қоғам өміріндегі айрықша рөліне тоқталып, ел мен жердің тыныс-тіршілігін дер кезінде халыққа жеткізіп, өңірдің жылнамасын жазып жүрген қалам иелерінің еңбегіне жоғары баға берді.

Сондай-ақ ауданның ақпараттық кеңістігінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген журналистерге шынайы ризашылығын білдіріп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта да аудан әкімдігі мен ақпарат құралдарының өзара әріптестігі нығайып, өңірдің өсіп-өркендеуі жолындағы ортақ жұмыстар жалғасын табатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында ауданның ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, олардың кәсіби еңбегі мен өңірдің ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Қалам – қару деген сөз бекер айтылмаған. Бірақ ол қару біреуді жаралау үшін емес, қоғамның кемшілігін түзеуге, елдің игілігіне қызмет етуге бағытталуы тиіс. Шынайы журналистика ешқашан жеке мүдденің емес, қоғамдық мүдденің сөзін сөйлейді. Оның мақсаты – ақиқатты айту, әділдікті қорғау, елдің бірлігі мен тұрақтылығына қызмет ету. Бүгінде журналист мамандығына қойылатын талап бұрынғыдан да жоғары. Заман өзгерді, технология жаңарды, ақпарат тарату тәсілі түрленді. Бірақ өзгермейтін бір ғана қағида бар. Ол – халыққа адал қызмет ету. Осы ұстанымнан айнымайтын журналистің еңбегі қай кезде де бағалы, қай қоғамда да қадірлі. Қалам ұстаған қауымның еңбегі – күн сайын жазылатын тарих. Олар бүгінгі оқиғаны ертеңгі ұрпаққа жеткізетін шежірешілер. Сондықтан журналистердің кәсіби мерекесі – бір мамандықтың ғана емес, сөз қадірін, ақпараттың құнын, ақиқаттың биіктігін бағалайтын барша қоғамның мерекесі деуге толық негіз бар.

С.НҰРАДИН.