+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жастар жемқорлыққа қарсы

Еңбекшіқазақ ауданында жастар арасында адалдық қағидаттарын насихаттап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» атты аудандық сурет байқауы ұйымдастырылды.

Еңбекшіқазақ ауданының ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқау «Тау Жаңашар» балалар лагерінің базасында өткізілді. Шараға қатысқан жас суретшілер өз шығармалары арқылы әділ қоғамның құндылықтарын, заң үстемдігін, адалдық пен жауапкершіліктің маңызын көркем бейнелеуге тырысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, адал еңбек пен әділдікті дәріптеу, қоғамдағы жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін нығайту. Қатысушылар өздерінің қылқалам туындылары арқылы қоғам дертіне айналған жемқорлықтың зардаптарын бейнелеп қана қоймай, әділетті әрі заң үстемдік құрған қоғамның жарқын келбетін шығармашылық тұрғыдан көрсете білді.

Қазылар алқасының шешімімен үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. І орынды А.Әскертаева иеленіп, ІІ орын А.Қайратқа бұйырды. ІІІ орынның тұғырына Н.Кузьмина жайғасты.

Сонымен қатар, ерекше шығармашылық ізденісімен көзге түскен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Қоғамдық әсері жоғары картина» номинациясы Д.Талғатқа, «Ең шығармашыл картина» номинациясы М.Аясароваға, ал «Ең инновациялық көзқарас» номинациясы Д.Донгқа табысталды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділік танытып, азаматтық ұстанымдарын өнер арқылы білдіргені үшін алғыс айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтарды табыстады.

Қ.ҚҰРМАНЖАНОВА,

«Іле-Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.