+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Бұқараның бағы болған «Бартоғай»

Су – өмір нәрі, тіршілік тынысы. Сол себепті де дана халық «Судың да сурауы бар» деп болашағын болжап, келешегін ойлап, құдайдың берген табиғат сыйын тиімді, ысырапсыз пайдалану керектігін біліп айтқан. Сондықтан болар, қазақ – мал бағып, көшіп-қонып жүрсе де, жер шаруашылық жайын да жетік меңгерген халық. 

Қазақтың дәстүрлі шаруашылығында егіншіліктің орны да ерекше екенін орыс тарихшысы, Сібір өлкесін зерттеуші, Петербург ғылым академиясының корреспондент мүшесі  Г.Спасский зерттеп: «…Көшпелі халықтың бірде-бірі  жер шаруашылығын игеруде қазақпен теңесе алмайды. Олардың жерге деген көзқарасы, еңбексүйгіштігі қаншалықты назар аудартса, соншалықты қызығушылықты тудырады», – деп жазады.  Оған дәлелді мысалды алыстан іздемей-ақ, өз ауданымыздағы бабаларымыз – атақты бай, би, батырлардың тоған салып, халықты сумен қамтамасыз етуді дәстүрге айналғаны мәлім. Мәселен, Әжібай батырдың тоғаны, Малыбай, Баба тоғаны, тағы да басқа атақты адамдардың атымен аталатын су жүйелері әлі күнге дейін ел игілігіне жарап келеді.

1825 жылы жер жәннаты – Жетісу жеріне келіп, шаруашылықты өз көзімен көрген шетелдік ғалым Ф.Зиберштейн: «Мұнда кемеліне келген егіншілік қанат жайған. Жазықты тіліп аққан суларда көптеген диірмендер орналасқан, мен қызыққандықтан бір күн болып, көзіммен көрдім, бір сөзбен айтқанда бұл алқап көшпенді қазақтың игілігіне жаратылған», – деп Жетісу жер шаруашылығы, атап айтқанда Шелек өзенінің Ілеге құйылысындағы диқаншылықты көріп, таңдана жазады. Осы айтылған дерекке мен де куәмін.  Бала кезімде  әкеме ілесіп, Лавар ауылының маңынан ағып жататын қара су бойындағы диірменге бидайды ұн ғып тарттырып келетінбіз. Жергілікті халық осы уақытқа дейін кеңшардың беретін бидайын өздері ас арқауына айналдырып келгені рас.

Иә, сонымен ауданымызда және Шелек өңірінде ерте ғасырдан-ақ егістікті суару жүйелері болғаны бәрімізге мәлім. Ата-бабаларымыз түрлі тоспалар жасап, тоғандар мен арықтар арқылы жазыққа су шығарып, белгілі бір шағын аумақтарда тары, арпа, бидай, тағы басқа да дақылдар өсірген. Тіпті Ақтоған ауылында күріш те өсірілген. Әйткенмен, ауыл шаруашылық, оның ішінде су саласына ғылыми тұрғыда мән берілмеген-ді. 

1910 жылдары Шелек пен Шарын өзендерінің аңғарлары зерттеліпті. Іле-Алатауының етегіндегі жерлерді суландыру мәселесі Қазақ АКСР құрылғаннан, кейін 1930 жылдары ірі су қоймасын канал арқылы сумен қамту жүйесін салу идеясы туындаған болатын. Өйткені, миллиондаған халықты асырай алатын құнарлы жерлер суармалы су көзіне зәру еді. Бірақ бұл ой ұзақ уақыт жүзеге асырылмай келді. Бұл идея тек 1963 жылы ғана «Гидрожоба» институты Қазақстанды суландырудың бас жоспарын жасады. Осы жоспарда «Бартоғай» су қоймасы мен тау бөктерлетіп, ұзын канал салу көзделген болатын. Алайда КСРО Су шаруашылығы минстрлігі мен КСРО Жоспарлау комитеті бұл жоспардың техникалық, экономикалық негіздемесін  Қазақстанды сол кезде басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың орасан күш-жігерінің арқасында қолға алынды. Онда да жоба «Қазақ КСР Алматы облысындағы Шелек, Шамалған өзендері арасындағы жер және су ресурстарын пайдаланудың сызбасы» түрінде қарастырылды. Сөйтіп, ең басты әрекет басталды. Артынша «Бартоғай» су қоймасы мен Үлкен Алматы каналы алғашқы кезеңінің техникалық жобасы бекітілді. Сөйтіп, Жетісудағы жеті өзеннің сегізіншісі болып, Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы (БАК) ел игілігіне пайдалануға берілді. Мұның өзі бес ауданның  шұрайлы жерін суландыруға мүмкіндік тудырып, халықты азық-түлікпен қамтуға жол ашты.

Канал суы егіс алқабын суару, ірі өнеркәсіптік, шағын шаруашылық және табиғат аясында демалуға арналған қажеттіліктер үшін пайдаланылды. Гидротехникалық нысандарды салу Д.Қонаевқа тиесілі идея еді. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы жобаға рекордтық 270 млн рубль бөлу туралы шешімге қол жеткізді. Жалпы ұзындығы – 168 шақырым канал  Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, аудандары арқылы Алматы қаласының шығысынан батысына қарай созылды.

– Құрылыс зор қарқынмен, қысқа мерзімде жүргізілді. Кеңес одағында бұрын салынбаған су жүйесі 1983 жылы толықтай іске қосылды. ҮАК-ның құрамына бас су торабы, шөгінділерді ауық-ауық тазартылып тұратын тұндырғыш, ұзындығы 1700 метрлік туннель, 40 метір биіктіктен құлайтын екі құлдырама, 24 дюкер, 78 құлақ, 117 өткел мен көпір, басқа да суландыру жүйелері, каналдан аттап өтетін 126 секіртпесі, Алматы қаласының ішіндегі 3 жағажай сияқты, барлығы 400-ден астам гидротехникалық құрылыс кірді.  Жаңадан игерілген жерлер көлемі артып, басқа аудандарды айтпағанда, сол кездегі Шелек ауданында шаруашылықтарға су беру 20, Еңбекшіқазақ ауданында 45 пайызға ұлғайды. Дәнді дақылдардың түсімділігі 1,5-2 есеге артты. Агросектордың қайтарымы молайды, табыс еселеп өсті, – деп ҮАК-ның аудандық бөлімінің басшысы болған Елеусіз Сұлтанғазыұлы каналдың пайдалануға берілген алғашқы 3 жылдағы жетістіктерін тілге тиек етті.

Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы – Іле өзені бассейнінде, Алматы облысында орналасқан Қазақстандағы ең ірі жасанды су арналарының бірі. Канал негізінен егістіктерді суаруға, өнеркәсіптік және адам денсаулығын нығайтуға бағытталған. 

Тоқырау жылдары тіршілік нәрі жетпей қалған кездерде, су жүйелері бүлініп, қиын кездер орын алды. Дегенмен, 2020 жылы канал аумағындағы арықтарға кешенді тазалау жұмыстары жүргізілді. ҮАК қайта жанданып, арнаның айналасы ажарлана бастады. 8 мың гектар алқапқа су жеткізілді. Сөйтіп суға деген зәрулік азайып, 12 300 гектарды иеленген шаруа қожалықтары сумен қамтамасыз етілді. Одан бергі жылдары жағдай жақсарып келеді. Шешілмеген мәселелер талқыланып, кемшіліктерді болдырмау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Бартоғай» өндірістік бөлімшесін Әмина Қарабекова басқарады. Қарамағында 69 адамы бар бұл ұжым жеке шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етуде.

Биыл ауа райы құбылмалы мінезімен танылды. Алғашында күн қатты ысып кетсе, кейін қатты жел тұрып, бұлт түнеріп, найзағай ойнап, нөсерлі жауынымен біраз әбігерге салды. Таудың қары еріп, су арықтардың ернуінен асып, тасып ағып, қауіп төндірді. Мұндай кезде су шаруашылығы  ұжымы басшысы, қосшысымен тұтас бас су каналының басында, қауіпсіздікке қарсы шаралармен шапқылап жүрді. Басшы Әмина Алпысбайқызын екінші күні дегенде, таңертең кеңседен таптық. Тағы да сол қарбалас жұмыстар мазалаған басшымен әңгімеміз келте болып, кейінге қалдырылды.

Әмина Алпысбайқызы Жамбыл гидромелиорация институтын тамамдап, 23 жыл бұрын «Бартоғай» бөлімшесінде еңбек жолын бастаған. Алғашында оператор-диспетчер болып, қызметінен сатылап көтеріліп, бөлімше басшысына дейін адал еңбегімен көтерілген білікті маман. 2017 жылы басшылықты қолға алған Әминаның қарамағында ерекше стратегиялық маңызы бар екі нысан – «Бартоғай» су қоймасы мен Үлкен Алматы каналының бас сағасы. Ол – бойындағы күш-жігерімен де, білімімен де, біліктілігімен де, адалдықты бойына сіңіре білген нағыз еңбек адамы. Елге еткен ерен еңбек еш кетпейді. Осы еңбекқорлығының арқасында Әмина Алпысбайқызы «Д.А.Қонаев» медалімен, былтыр ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталса, әріптесі, осы басқарманың инженері Айткүл Искакова «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.

– Негізінен біз «Бартоғай» су қоймасынан келген суды бас су торабынан жан-жаққа «өмір нәрін» бөліп жібереміз. Сөйтіп «Малыбай-1», «Малыбай-2», Шелек каналдарына және Алматы каналы арқылы басқа аудандарға қажетінше су бөліп жібереміз. Ол су мөлшері шаруа қожалықтарының сұранысы бойынша жүзеге асырылады. Ұжымымызда озат жұмысшылыр да жеткілікті. Мәселен, инженер-гидротехник Ахрам Омаров, электрмонтер  Сәбит Орынбаев, энергетик Мухидин Юсупов, тракторшы Бақыт Химитов, дәнекерлеуші Михаил Зайнаудинов, эксковаторшы Т.Росупиев, диспетчер Муратбекова, су реттеуші Абдуллин Орманбеков сынды майталмандарымыз бар. Басты жұмыстарымыз – канал, арық, тоғандарды уақтылы жөндеуден өткізу, гидротехникалық құрылымдарды, техникаларды ағымдағы жөндеуден өткізу, жабдықтау. Дәл қазіргі вегетация кезінде шаруа қожалықтарының сұранысын орындап, алқабына дейін жеткізіп беру, нысанның жан-жағын көгалдандыру сияқты жұмыстарды жүргіземіз, – деп атқаратын жұмыстары жайлы мәлімет берді.

ХХІ ғасырда адамзат алдында тұрған ең  экологиялық мәселелердің бірі – су тапшылығы. Бұл жаһандық  деңгейдегі мәселе емес, еліміз үшін де маңызды. Халық санының өсуі, климаттың өзгеруі, су ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы, инфрақұрылымның тозуы – тапшылыққа апаратын жол.  Әсіресе, ауылды жерлерде судың 70 пайызға жуығы ауыл шаруашылық саласына тиесілі. Сондықтан тіршілік нәрінің шығынын азайту үшін арық жүйесінен бас тартып, тамшылатып, шашыратып суаруды шаруашылыққа енгізу әлдеқайда тиімді. Тағы бір жағымды жаңалық – алдағы уақытта Үлкен Алматы каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетіні хабарланды. Иә, бұқараның бағы болған «Бартоғайдың» суы келер ұрпақ үшін де қызмет ететіні ақиқат.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.