
23 тамыз – елдік мәселелер талқыланатын маңызды құрылтай
Қазақ халқы үшін құрылтай – ежелден ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ақылдасып, кеңесе отырып шешетін, бірлік пен ынтымақтың символына айналған тағылымды дәстүр. Бүгінде бұл игі үрдіс өз жалғасын тауып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, халықтың пікірін тыңдауға және ортақ мақсаттарды айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Осыған орай, 23 тамыз күні өтетін құрылтай – елдің бірлігі мен қоғамдық келісімін нығайтуға бағытталған маңызды басқосу. Бұл жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері, халықтың ұсыныс-пікірлері мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланады. Құрылтай – тұрғындар мен жауапты тұлғалар арасында ашық пікір алмасуға, ортақ шешімдер қабылдауға жол ашатын маңызды диалог алаңы.
Әрбір азаматтың ел өміріне бейжай қарамай, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы – мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізгі кепілі. Сондықтан құрылтайға қатысу – тек жиынға келу ғана емес, туған жердің болашағына қатысты ой қосып, ортақ іске үлес қосудың нақты көрінісі.
Халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған. Елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер көпшіліктің пікірін ескере отырып қабылданғанда ғана нәтижелі болмақ. Бірлік пен өзара түсіністік бар жерде береке де, даму да болады.
Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мыкыбаев Жұман Сембайұл
