+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Еңбекшіқазақ ауданында медицина қызметкерлерімен кездесті

Кездесуге Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшелері Байғоджаев Қуат Сұлтанұлы және Құрылтай депутаттығына кандидат Дауталиев Қазыбек Нұрсейітұлы қатысып, партияның алдағы кезеңге арналған бастамалары мен бағдарламалық ұстанымдары туралы кеңінен баяндады.

Сайлауалды штаб мүшелері Еңбекшіқазақ ауданындағы медицина саласы қызметкерлерімен жүздесіп, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және саланы дамыту бағытындағы ұсыныстарды талқылады.

Кездесу барысында медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіру, пациенттердің кезегін азайту, дәрігерлердің жұмысын жеңілдету, сондай-ақ оңалту қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту, психологиялық көмек көрсету және ерекше медициналық бақылауды қажет ететін азаматтарды сүйемелдеу мәселелері сөз болды.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында медицина ұйымдары, дәріханалар, жедел жәрдем қызметі мен МӘМС деректерін біріктіретін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін енгізу көзделген. Сонымен қатар, 2029 жылға қарай халықтың кемінде 90 пайызына электрондық денсаулық паспортының қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтарға денсаулығына қатысты негізгі ақпаратты мобильді қосымша арқылы пайдалану мүмкіндігін беру ұсынылады.

Бағдарламада еліміздің әр ауданында оңалту қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту, психикалық саулықты қорғау жүйесін жетілдіру, қауіп-қатері жоғары азаматтарды ерте анықтау және үздіксіз бақылау тетіктерін енгізу де қарастырылған. Сондай-ақ жастар арасында лудоманияның, нашақорлықтың, құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу шараларымен жыл сайын кемінде 50 мың жасты қамту жоспарланып отыр.

Кездесу соңында медицина қызметкерлері саладағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, алдағы сайлауға белсенді қатысатынын жеткізді.