
Құрылтай сайлауына дайындық: ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Еңбекшіқазақ ауданында 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде сайлау барысы туралы тұрғындарға жан-жақты ақпарат жеткізу, азаматтардың белсенділігін арттыру және сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Ауданда ақпараттық материалдарды орналастыруға қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Аудан аумағында билбордтарды орналастыруға арналған барлығы 64 конструкция бар. Оның ішінде 27-сі «алтын», 23-і «күміс», 14-і «қола» санатына жатады. Сонымен қатар, тұрғындарға қажетті ақпаратты жедел әрі көрнекі түрде жеткізу мақсатында 5 LED-экран тұрақты жұмыс істеуде. Оның үшеуі Есік қаласында, біреуі Шелек ауылында және тағы біреуі Ават ауылында орналасқан.
Бүгінгі таңда аудан аумағында Құрылтай сайлауына қатысты ақпараттық материалдар LED-экрандарда күнделікті көрсетілуде. Сондай-ақ 49 ақпараттық билборд орналастырылды. Бұл көрсеткіш аудан-қалалар арасында жоғары нәтижелердің бірі болып отыр. Ақпараттық безендіру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Бұдан бөлек, Есік қаласы мен ауылдық округтерінде үгіттік баспа өнімдерін орналастыруға арналған 81 ақпараттық тақта бекітілген. Аталған тізім аудан әкімдігінің 2026 жылғы 9 шілдедегі №363 қаулысымен белгіленген.
Құрылтай сайлауы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде, аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында, ақпараттық тақталарда және бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жариялануда. Тұрғындарға сайлаудың маңызы, дауыс беру тәртібі және азаматтардың сайлау процесіне қатысу мүмкіндіктері түсіндірілуде.
Ақпараттық қамтуды арттыру мақсатында жергілікті пабликтердің әкімшілерімен бірлескен жұмыстар да қолға алынған. Атап айтқанда, «Новости Иссыка», «Новости_Района» сияқты ақпараттық парақшаларда Құрылтай сайлауына арналған бейнематериалдар жариялануда.
Сайлауды ақпараттық сүйемелдеуді тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық ақпараттық штабтың құрамы да бекітілді. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және мүдделі мемлекеттік мекемелердің өкілдері енгізілді.
Штабтың негізгі міндеті – сайлау науқанының барысы туралы халыққа ресми әрі объективті ақпаратты уақтылы жеткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру және азаматтардың қажетті мәліметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылын жүйелеуге басымдық берілуде.
Көрнекі ақпаратпен қатар, тұрғындардың күнделікті өмірде жиі болатын орындарында да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 24 шілде мен 17 тамыз аралығында адам көп шоғырланатын орындарға 50 трафареттік жазу орналастырылып, 38 аудиоджингл таратылды.
Құрылтай туралы бейнероликтер Есік қаласы мен Шелек ауылдық округіндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ электрондық таблолары бар бірқатар медициналық мекемелер мен тұрмыстық техника дүкендерінде тұрақты көрсетілуде. Бұдан бөлек, гүл дүкендері, кофеханалар мен балмұздақ сататын орындарда креативті брендтеу жұмыстары ұйымдастырылды.
Мұндай шаралардың барлығы – Құрылтай сайлауы туралы ақпаратты тұрғындарға кеңінен жеткізіп, азаматтардың сайлау процесіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жалғасын табуда.
Асубай Есендос
Мәдениет саласының қызметкері
