
Еңбекшіқазақта Құрылтай сайлауына белсенді дайындық жүріп жатыр
Еңбекшіқазақ ауданында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары барлық негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. Сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыру, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту, бақылаушыларды даярлау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту – науқанның маңызды бағыттарының бірі.
Қазіргі таңда аудан бойынша үгіт-насихат жұмыстары партиялардың бекітілген желілік кестесіне сәйкес ұйымдастырылған. 24 шілде мен 17 тамыз аралығына жоспарланған 213 кездесудің бүгінге дейін 154-і өткізілді. Сайлаушылармен жүздесулер барысында партиялардың бағдарламалары таныстырылып, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына назар аударылуда
Сайлауалды үдерістің ашық әрі жария өтуіне қоғамдық бақылаудың да маңызы зор. Осы бағытта аудан бойынша қоғамдық бақылаушыларды даярлау жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық бақылаушылар коалициясының желісі бойынша 236 стационарлық бақылаушы дайындалды. Оның 118-і «Дауыс» коалициясынан, 118-і аккредиттелген үкіметтік емес ұйым – «Жергілікті қауымдастық қоры» тарапынан ұсынылған.
Бұдан бөлек, 4 мобильді бақылаушы мен 1 аудандық капитанның тізімі бекітілді. Аудандық жергілікті қауымдастық қорының төрайымы Ельчибаева Бақытгүл Қазизбаевна аудандық капитан ретінде белгіленген.
Қоғамдық пікірмен жұмыс та назардан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша тұрғындар арасында беделді, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын зиялы қауым өкілдерінен құралған 18 адамнан тұратын қоғамдық пікір көшбасшыларының тізімі бекітілді. Олар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысып, азаматтардың белсенділігін арттыруға және халықпен кері байланысты нығайтуға үлес қосуда.
Ақпараттық жұмыс әлеуметтік желілерде де кеңінен жүргізілуде. Ішкі саясат басқармасының тапсырмасына сәйкес өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, танымал тұлғалардың бейнеүндеулері, инфлюенсерлердің әлеуметтік желідегі материалдары, Threads желісіндегі жарияланымдар, сондай-ақ креативті бейнероликтер әзірлеу бағыттары қамтылған.
Атап айтқанда, өңірлік инфлюенсерлердің 20 жарияланымы дайындалып, жариялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, креативті бейнеролик әзірлеу және партиялардың өңірлік филиалдарының қызметі туралы ақпараттық материалдар дайындау бағыттары бойынша да жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы ақпарат күнделікті жинақталып, тиісті басқармаға тұрақты түрде жолдануда.
Құрылтай сайлауына дайындық – тек ұйымдастырушылық шаралармен шектелмейтін ауқымды жұмыс. Оның маңызды бөлігі – тұрғындардың ақпараттандырылуы, азаматтардың пікірін ескеру және сайлау процесіне деген сенімін арттыру.
Еңбекшіқазақ ауданында осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ақпараттық, қоғамдық және ұйымдастырушылық жұмыстар өзара сабақтастықта жүргізілуде. Негізгі мақсат – сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстаным танытуына қажетті жағдай жасау. Дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жалғасын табуда.
Байтулақов Асыл Байтулақович
Қоғам белсендісі
