
«Әділет» партиясы мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін енгізуді ұсынады
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Шелек гимназиясының педагогикалық ұжымымен кездесті. Жүздесуге Құрылтай депутаттығына кандидат Дауталиев Қазыбек Нұрсейітұлы қатысты.
Кездесуде білім беру жүйесінің өзекті мәселелері, оқушылардың цифрлық сауатын арттыру, заманауи технологияларды оқу процесіне енгізу, математика мен физиканы тереңдетіп оқыту және балаларды болашақ мамандықтарға бағыттау мәселелері талқыланды.
Партияның сайлауалды бағдарламасында жасанды интеллект негіздері мен алгоритмдік ойлауды мектеп бағдарламасының міндетті бөлігіне айналдыру ұсынылған. Бұл оқушылардың жаңа технологияларды тиімді әрі жауапты қолдануына және олардың жұмыс істеу принциптерін түсінуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тірек мектептер базасында математиканы тереңдетіп оқытатын 200 өңірлік STEM сыныбын ашу көзделген. Ауыл мектептеріне көшпелі әдістемелік топтар жіберіліп, педагогтерге заманауи оқыту әдістері бойынша қолдау көрсету ұсынылады.
Бағдарламада инженерлік, IT, математикалық және гуманитарлық бағыттағы мектептер желісін барлық өңірде дамытуға да басымдық берілген. Бұл ауылдық жерлердегі дарынды оқушыларға сапалы бейіндік білім алып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Педагогтер өз кезегінде мектептерді цифрландыру, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оқушыларды заманауи мамандықтарға бағыттау бойынша ұсыныстарын білдірді.
Сапалы білім мен заманауи технология – елдің болашағына салынған инвестиция. «Әділет» партиясы әр балаға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруді көздейді.
Кездесу соңында мектеп ұжымы партия бағдарламасындағы бастамалар бойынша пікір алмасып, алдағы сайлауға белсенді қатысатынын жеткізді.
