
Қауіпті әуестік қайда апарады?
Есірткі – бүгінгі қоғамның ең күрделі мәселелерінің бірі. Оның зардабы адамның денсаулығымен ғана шектелмейді. Есірткіге тәуелділік адамның отбасымен қарым-қатынасына, оқуына, жұмысына, әлеуметтік өміріне әсер етіп, кей жағдайда қылмысқа да алып келеді. Сондықтан есірткінің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Есірткінің заңсыз айналымы мен оны тұтыну адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасына, қоғамға және мемлекеттің қауіпсіздігіне де кері әсер етеді. Әсіресе жастардың есірткіге тәуелді болуы – болашаққа төнген үлкен қауіп.
Есірткі – адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, психикалық және физикалық тәуелділік қалыптастыратын зат. Оны алғаш рет қызығушылықпен немесе бір рет қана байқап көремін деген оймен қолданған адам кейін тәуелділікке ұшырауы мүмкін. Ең қауіптісі – есірткіні қолданудың салдары бірден байқала бермейді. Уақыт өте келе адамның мінез-құлқы, денсаулығы, өмірге деген көзқарасы өзгере бастайды. Қазір жастардың есірткіге баруына түрлі себеп болуы мүмкін. Кей жағдайда оған қоршаған ортаның әсері себеп болса, енді бір жағдайда адамның психологиялық қиындықтары, отбасындағы мәселелер немесе достарының қысымы ықпал етеді. Кейбір жастар есірткінің зияны туралы толық білмегендіктен, оны қауіпті емес деп қабылдауы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік желілердің дамуы есірткіге қатысты қауіптердің жаңа түрлерін қалыптастырып отыр. Қазір заңсыз есірткі заттарын тарату үшін интернет пен мессендждерді пайдалану белең алып барады. Жастарға түрлі ұсыныстар жасалып, оңай ақша табуға да уәде беріледі. Алайда мұндай әрекеттердің артында қылмыстық жауапкершілік пен адам өміріне төнетін қауіп тұр. Кейбір жасөспірімдер есірткі сатумен айналысатын адамдардың ұсынысына алданып, заңсыз заттарды бір жерден екінші жерге жеткізетін «курьер» болуға келіседі. Олар мұны уақытша жұмыс немесе оңай табыс көзі деп қабылдауы мүмкін. Бірақ заң алдында мұндай әрекеттердің салдары өте ауыр. Алаяқтар ақшаға мұқтаж адамды тауып, оның қажеттілігін жабу арқылы өзінің бизнесін жүргізеді.
Есірткінің адам ағзасына тигізетін әсерін де айтпасқа болмас. Ол ми жұмысына, жүрек-қан тамырлары жүйесіне, бауыр мен бүйрекке және басқа да ағзаларға зиян келтіруі мүмкін. Ұзақ уақыт қолданған жағдайда адамның есте сақтау қабілеті төмендеп, көңіл-күйі мен мінез-құлқы өзгереді. Тәуелділік адамның есірткісіз өмір сүре алмауына әкелуі мүмкін. Бұрын отбасы, оқу, жұмыс немесе достары маңызды болса, тәуелділік күшейген сайын адамның ойы тек есірткіге бағытталады. Нәтижесінде жақын адамдарымен қарым-қатынасы бұзылып, оқуын немесе жұмысын тастап, қоғамнан оқшаулануы мүмкін. Есірткі қолданудың ең ауыр салдарының бірі – адамның өз өмірін бақылаудан қалуы. Тәуелділік тек бір адамның мәселесі емес. Оның зардабын ата-анасы, бауырлары, балалары және жақындары да сезінеді. Өкініштісі адам барлығын түсінгенде, бәрі кеш болуы мүмкін. Отбасы мен жақындары оның кезекті уәдесіне сенбей, теріс айналуы да ғажап емес. Бұл тұста екі тарапты да түсінесің. Бірақ есірткінің зияны тек денсаулыққа емес, отбасындағы адамның рөлі мен материалдық жағдайына да әсер ететіні сөзсіз. Есірткінің алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Баламен тек тыйым салу арқылы сөйлесу жеткіліксіз. Ата-ана баласының кіммен араласатынын, қандай ортада жүргенін, оның көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап отырғаны жөн. Ең бастысы – бала қиындыққа тап болған кезде ата-анасына ашық айта алатындай сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Егер жасөспірім өзін түсінетін және қолдайтын адам бар екенін сезінсе, қауіпті жағдайға тап болғанда көмек сұрауы оңайырақ болады. Мектеп мен колледждерде де есірткінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Бірақ мұндай кездесулер тек қорқытуға негізделмеуі керек. Жастарға есірткінің адам ағзасына қалай әсер ететінін, тәуелділіктің қалай қалыптасатынын және заңсыз әрекеттердің қандай салдары бар екенін түсінікті тілмен жеткізу маңызды.
Есірткінің заңсыз айналымы қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң реттеледі. Есірткіні сақтау, тасымалдау, өткізу және басқа да заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан «мен тек жеткізіп бердім», «ақша үшін ғана істедім» деген сылтаулар адамды жауапкершіліктен босатпайды. Әсіресе жастар интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауы керек. Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізіп, есірткі таратушыларды анықтау жұмыстарын атқарып келеді. Дегенмен бұл мәселені тек полиция немесе арнайы органдар арқылы шешу мүмкін емес. Оның алдын-алу – бүкіл қоғамның міндеті. Себебі соңғы жылдардағы статистика жан түршігерлік. Егер біз қоғам болып, бұл дерттен арылудың барлық амалын жасамасақ, болашақта бұл үлкен мәселеге айналары анық. Сол үшін бірінші жастармен жұмысты бастау керек. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі де есірткінің алдын алары сөзсіз. Осы орайда, Есік қаласында спортпен, шығармашылықпен айналысуға, қоғамық жұмыстарға қатысуға мүмкіндік бар. Жастардың осындай пайдалы істерге қызығушылығын арттыру – олардың өз қабілетін дамытуына ғана емес, зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Айта кету керек, есірткіге қарсы күрес бір күндік мәселе емес. Ол тұрақты түрде жүргізілуі тиіс жұмыс. Есірткі адамға бір сәттік ләззат әкелгенімен, толыққанды бақытты етпейді. Осыны естен шығармаған абзал.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.
