
Жергілікті блогер қоғам үніне үн қосты
Күн сайын елдің тыныс-тіршілігін ақпарат арқылы жеткізіп жүрген адам үшін қоғамдағы әрбір өзгерістің орны бөлек. Қай жерде қандай мәселе көтерілді, халық нені ойлайды, ел ішінде қандай оқиға болып жатыр – мұның бәрі ақпарат кеңістігінің назарынан тыс қалмайды. Инстаграм желісінде «Новости Иссыка» парақшасын жүргізіп, жергілікті жаңалықтарды тұрақты түрде жариялап жүрген блогер Асқар Талхамбаев та осындай қоғамдық үдерістердің бел ортасынан көрінді.
Бүгін ол ақпарат таратушы ретінде ғана емес, ел азаматы ретінде №124 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына қатысты.
Айтуынша, елдің болашағына қатысты әрбір шешім халықтың пікірінсіз жүзеге аспайды. Ал сол пікірді білдірудің бір жолы – сайлауға қатысу.Асқар Талхамбаев үшін де бүгінгі дауыс беру осындай азаматтық ұстанымның көрінісі.
– Сайлау – ел өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Қай салада жүргенімізге қарамастан, мемлекетіміздің болашағына қатысты мәселелерге әр азамат өз үнін қосуы керек. Әсіресе ақпарат саласында жүрген адам ретінде қоғамдағы осындай маңызды үдерістерге бейжай қарамауды азаматтық жауапкершілік деп санаймын, – дейді ол.
Шын мәнінде, ақпарат кеңістігінде жүрген адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі де айрықша. Өйткені халыққа жеткен әр ақпараттың артында қоғамдық пікір қалыптасады. Ал бүгінгі сайлау – сол қоғамның өз болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды кезең.
