+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жеңіс жолындағы жүйелі жұмыс

Ауданымызда да спортты дамытуға, тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға, әсіресе жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Түрлі спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан спортшылары облыстық, республикалық деңгейдегі бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Спорт саласының бүгінгі тынысы, аудан спортшыларының жетістіктері, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дархан Ахметовпен сұхбаттасқан едік.

– Дархан Бекетұлы, спорт – адам өміріндегі ең маңызды сала екені белгілі. Осы орайда аудан тұрғындарына спорт саласының бүгінгі тынысы туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі таңда спортты дамытуда қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр?

– Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында спорттық өмір белсенді дамып, халықтың барлық жас санатын қамтып келеді. Ауданымызда үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда 3 мыңға жуық жас спортшы спорттың түрлі бағыттары бойынша тұрақты түрде жаттығады. Оларға 100-ден астам жаттықтырушы тәлім беріп, спорттық шеберліктерін жетілдірумен қатар, тәртіптілікке, мақсатқа ұмтылуға және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тәрбиелеуде.

Жалпы аудан бойынша спорттық іс-шаралар өткізуге және тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін 395 спорт нысаны бар. Оның ішінде 110 спорт залы, 4 спорттық кешен, 3 спорт мектебі және 280 жазықтық спорттық құрылғы жұмыс істейді.

Мектеп спортын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Ауданымыздың жалпы білім беретін мектептерде 500-ден астам дене шынықтыру пәнінің мұғалімі еңбек етіп, 24 мыңнан астам баланы дене шынықтыру мен спортқа баулып келеді. Сонымен қатар дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығында 30-дан астам спорт нұсқаушысы қызмет атқарып, тұрғындар арасында түрлі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосуда.

Техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында да 5 мыңға жуық жас дене шынықтырумен айналысады. Бұл бағытта 35 маман еңбек етеді.

Сондықтан бүгінгі таңда негізгі басымдықтардың бірі – бұқаралық спортты одан әрі дамыту және ауданның барлық елді мекендерінде дене шынықтырумен және спортпен айналысуға барынша қолайлы жағдай жасау. Әсіресе балалар мен жастарды спортқа тұрақты түрде тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Ең бастысы – спорт тек жоғары жетістіктерге жетудің жолы ғана емес, әр адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы қажет.

– Бүгінде аудан тұрғындарының қаншасы спортпен тұрақты түрде айналысады? Бұл көрсеткіш соңғы жылдары қалай өзгерді?

– Бүгінде ауданымызда 300 мыңға жуық тұрғын бар. Соның ішінде 105 мыңға жуық адам, яғни шамамен 35 пайызы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіште оң динамика байқалады. Жасына қарамастан, тұрғындардың дене шынықтыруға, спорттық секцияларға және бұқаралық спорттық іс-шараларға деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе балалар, жастар және ересектер арасында спортпен айналысуға деген ынта жоғары. Бұл – спорттың аудан тұрғындарының күнделікті өмірінің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы міндет – спортпен айналысуға мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар санын арттыру.

– Аудан тұрғындары мен жастар арасында спорттың қай түрлеріне қызығушылық жоғары? Ұлттық спортқа деген көзқарас қандай?

– Ауданда футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, самбо, үстел теннисі, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлеріне қызығушылық жоғары. Балалар мен жасөспірімдер арасында күрес түрлері, бокс, футбол, волейбол және ұлттық спорт түрлері ерекше танымал. Есік қаласы мен Шелек ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде көптеген спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді.

Ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқаны да қуантады. Қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ және жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлері өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихатталып келеді.

– Аудан спортшыларының жетістігі туралы айтсақ. Соңғы жылдары облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде қандай нәтижелерді ерекше атап өтер едіңіз?

– Спортшыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Соңғы жылдардағы айтулы жетістіктердің бірі ретінде джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанған Есік қаласының тумасы Алим Арсамаковты атап өтуге болады. 2023 жылы 12-17 желтоқсан аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен ACBJJ ашық әлем чемпионатында Алим Арсамаков 65 келіге дейінгі салмақта «Gi» және «No-Gi» бөлімдерінің екеуінде де І орын иеленіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.

2025 жылы София қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында 50 келі салмақта ауданымыздың спортшысы Арман Мыса ІІ орын иеленді. Сол жылы Бахрейннің Манама қаласында өткен III жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 48 келі салмақта спортшымыз Алуа Балтабай ІІ орынға қол жеткізді.

Ұлттық спорт түрлерінен де жақсы нәтижелер бар. 2025 жылы Шымкент қаласында өткен III Азия кубогында теңге ілуден Тескенсу ауылының спортшысы Нариман Әсімжан жеңімпаз атанды. Ал 2026 жылы 22-23 наурыз күндері Түркістан қаласында өткен IV Азия кубогында Асысаға ауылының спортшысы Ерсін Нұрәлі теңге ілуден жеңімпаз болды.

Сондай-ақ 2026 жылы қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу болып саналатын «Алатау Арланы» облыстық жарысында ауданымыздың өкілі Нұрғали Жолтаев І орын алып, республикалық турнирге жолдама жеңіп алды.

Командалық спорт түрлерінен де аудан спортшылары облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Әрбір жеңістің артында спортшының еңбегімен қатар, жаттықтырушының, ата-ананың және спорт мектебінің үлкен еңбегі бар.

– Жас спортшыларды анықтап, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне қандай мүмкіндік жасалуда?

– Жас спортшыларды анықтау жұмысы ең алдымен балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен спорт секцияларында жүргізіледі. Жаттықтырушылар балалардың спортқа деген қабілетін, ынтасын және жарыстардағы нәтижелерін бақылап, болашағы бар спортшыларды іріктейді.

Қабілетті спортшыларға жаттығуларын жүйелі түрде жалғастырып, аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оқу-жаттығу жиындарына қатысу арқылы олардың тәжірибесі мен шеберлігін арттыруға жағдай жасалады.

Спорттық разрядтардың берілуі де жас спортшылар үшін үлкен ынталандыру болып табылады. Бұл олардың жетістігін ресми түрде бекітіп, алға қойған мақсаттарына ұмтылуына мүмкіндік береді.

– Спорттық инфрақұрылым мәселесіне тоқталсақ. Әсіресе ауылдық елді мекендерде спортпен айналысуға жағдай жасау бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

– Бүгінде ауданда спорттық инфрақұрылымды дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Басты мақсат – тұрғындарға, әсіресе балалар мен жастарға спортпен тұрақты айналысуға қолайлы жағдай жасау.

Ауылдық жерлердегі спортты дамытуға да басымдық беріліп отыр. Ауданның спорттық инфрақұрылымын дамыту аясында Шелек ауылында №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы аяқталып, 2024 жылғы наурыз айында нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ащысай ауылында жалпы аумағы шамамен 1 500 шаршы метр болатын спорт кешені пайдалануға берілді. Мұнда бокс, еркін және грек-рим күресі, волейбол, баскетбол және футболмен айналысуға барлық жағдай жасалған. 

Биыл Тескенсу ауылында спорт кешенін салуға 1 млрд 49 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта аумақты дайындау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Мұндай нысандардың салынуы ауыл балаларының өз елді мекендерінде спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да жаңа спорт нысандарын салуға, қолданыстағы объектілерді жаңғыртуға және олардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға басымдық беріледі.

– Бұқаралық спортты дамытуда нақты қандай жұмыстар жүргізілуде? Жарыстарға тұрғындардың қызығушылығы қандай?

– Ауданда жыл бойы футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика және ұлттық спорт түрлері бойынша түрлі жарыстар мен турнирлер ұйымдастырылады. Сонымен қатар әртүрлі санаттағы тұрғындар арасында спартакиадалар мен бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Мәселен, 2025 жылы аудан көлемінде 1 641 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 93 мыңнан астам адам қатысты. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 488 іс-шара өткізіліп, 22 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

2025 жылғы «Алатау-2025» лигасында волейболдан Қаратұрық ауылының командасы І орын, үстел теннисінен Қорам ауылының командасы ІІ орын иеленді. Мұндай жарыстардың басты мақсаты – халықты спортқа кеңінен тарту, дене белсенділігін арттыру және аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

– Спорттың бала тәрбиесіндегі орны туралы не айтар едіңіз?

– Жастарды спортқа тартудың маңызы өте зор. Спорт адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, оның мінез-құлқы мен өмірге деген көзқарасының қалыптасуына да әсер етеді. Спортпен айналысқан бала тәртіпке, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және мақсатқа жетуге үйренеді. Командалық спорт түрлері өзара түсіністік пен бірлікті қалыптастырады.

Әрине, әрбір бала кәсіби спортшы болуы міндетті емес. Ең бастысы – спорт пен дене белсенділігі оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы. Осы тұрғыдан алғанда, бұқаралық спорттың маңызы өте жоғары.

– Бұл ретте жаттықтырушылардың еңбегін де ерекше атап өту керек. Жас спортшының қалыптасуында бапкердің рөлі қаншалықты маңызды?

– Жаттықтырушының жас спортшының қалыптасуындағы рөлі өте үлкен. Жаттықтырушы балаға спорттың қыр-сырын үйретіпқана қоймай, оның бойында тәртіп, жауапкершілік, еңбекқорлық және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Кейде спортшының алғашқы жетістігіне себеп болған адам – оның өз қабілетін байқап, дұрыс бағыт көрсеткен жаттықтырушысы болады.

Ауданымызда өз ісіне берілген, тәжірибелі жаттықтырушылар көп. Олардың қатарында спорт саласына ондаған жылын арнаған мамандар бар. Мысалы, КСРО спорт шебері, белгілі жеңіл атлет және жаттықтырушы Алпыс Ермағанбетовтің спорттағы еңбек өтілі 60 жылдан асады.

Жаттықтырушы еңбегі – үлкен жауапкершілікті қажет ететін, құрметке лайық мамандық.

– Спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар шығар. Қандай бағыттарға қосымша қолдау қажет?

– Әрине, спорт саласында да шешімін күтетін мәселелер бар. Ең алдымен, ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажет.

Сонымен қатар спорт залдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, қолданыстағы нысандардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, балалар мен жастар үшін спорт секцияларының қолжетімділігін арттыру маңызды.

Бұдан бөлек, болашағы бар спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, олардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту де маңызды бағыттардың бірі.

– Алдағы уақытта аудан спортын дамыту бойынша қандай жаңа жобалар мен жоспарлар бар?

– Алдағы уақытта бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, балалар мен жастарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға тарту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және болашағы зор спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Ерекше назар ауылдық елді мекендердегі спортты дамытуға, тұрғындардың спортпен айналысуына қолжетімді жағдай жасауға және спорттық нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға аударылады.

Сонымен қатар аудандық спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу, балалар-жасөспірімдер спортын дамыту және аудан намысын облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғайтын спортшыларды даярлау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

– Аудан спортындағы тыныс-тіршілікті баяндап, тың мәліметтерден хабардар қылғаныңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан 

Ринат НАРХАНОВ.