
«Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп»: ортақ міндет, бірлескен жұмыс
Еңбекшіқазақ ауданында Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Сапарұлы Тұрымбетовтің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиынның негізгі мақсаты – «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзара ынтымақтастығын нығайту, жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелерін талқылау.
Кездесуге аудан әкімі Р.М. Исатаев, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының бұрынғы төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық басқармалар мен бөлімдердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жергілікті ақсақалдар кеңестерінің төрағалары қатысты.
Жиын барысында тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, заңға құрметпен қарау және өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар ұлттық дәстүрлер мен мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, дін мен дәстүр сабақтастығын түсіндіру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов өз сөзінде қоғамдағы тәртіп пен тазалықты нығайтуда аға буынның өнегесі мен қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі айрықша рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ жастар тәрбиесінде отбасы, қоғам және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы маңызды екені сөз болды.
Аудан әкімі Р.М. Исатаев көтерілген мәселелердің елді мекендердегі тәрбие жұмысына тікелей қатысты екенін атап өтіп, айтылған ұсыныстарды нақты іс-шаралармен ұштастыру қажеттігін жеткізді.
— Тазалық мәдениетін орнықтыру, заң мен тәртіпті сақтау, жастар тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар әрбір елді мекенде жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Әсіресе, жастарды осы жұмыстарды жоспарлау мен жүзеге асыруға белсенді тартудың маңызы зор, — деді аудан әкімі.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Сембайұлы Мықыбаев та сөз сөйлеп, ардагерлер қауымының қоғамдық жұмыстарға қатысуы мен жергілікті деңгейдегі тәрбиелік іс-шаралардың маңыздылығына назар аударды.
Жиын қорытындысында бірқатар нақты міндеттер айқындалды. Қала және ауылдық округ әкімдеріне ардагерлер кеңестерімен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тұрғындар мен жастарды тазалық және абаттандыру жұмыстарына кеңінен тарту тапсырылды.
