
АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ — ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ІЗІН ҚАЛДЫРУ
Ағаштар елді мекендердің келбетін бір күнде өзгерте алмайды. Олардың өсуі үшін уақыт, су және тұрақты күтім қажет. Сондықтан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы көгалдандыру жұмыстары тек жас көшеттерді отырғызумен шектелмейді, сонымен қатар оларды отырғызғаннан кейін де күтіп-баптауды талап етеді.
Алматы облысында жасыл желектер көшелерді, саябақтарды, скверлер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруда ерекше маңызға ие. Ағаштар аптап ыстықта көлеңке түсіріп, шаңды ұстап, қоршаған ортаны жайлы ете түседі әрі елді мекендердің көркін ашып, ажарын кіргізеді.
Алайда жұмыстың нәтижесі отырғызылған көшеттердің санына емес, олардың қаншасының жерсініп, өсіп-өнетініне байланысты. Жас ағаштарды уақытылы суарып, зақымданудан қорғап, топырақтың жағдайын бақылап отыру қажет. Мұндай күтім болмаса, тіпті ауқымды көгалдандыру жұмыстарының өзі күткен нәтижені бермеуі мүмкін.
Бұл ретте коммуналдық қызметтердің, түрлі ұйымдар мен тұрғындардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады. Кәсіпорындар жекелеген аумақтарды күтіп-баптауды өз жауапкершілігіне ала алады, тұрғындар үйлерінің маңындағы жасыл желектерге ұқыпты қарауы керек, ал жастар экологиялық жобаларға белсенді қатыса алады.
Сондай-ақ ағаш отырғызатын орынды дұрыс таңдап, климаттық жағдайлар мен аумақтың ерекшеліктерін ескеру маңызды. Сонда ғана жасыл желектер толыққанды өсіп, қоршаған ортаға пайдасын тигізеді.
Әрбір ағаш — болашаққа қосылған үлес. Бүгін ол жіңішке ғана көшет болса, бірнеше жылдан кейін айналамыздағы көрікті табиғи ортаның бір бөлігіне айналып, келер ұрпаққа сая мен жайлылық сыйлайды. Сондықтан нағыз көгалдандырудың нәтижесі бір күнде отырғызылған ағаштардың санымен емес, жылдар бойы жалғасатын қамқорлықпен өлшенеді.
