
ЖАСТАР ӨМІРДІ ТАҢДАЙДЫ
Нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және заңға құрметпен қарауды қалыптастыру – жастармен жүргізілетін жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте құрдастарының назарын өзекті әлеуметтік мәселелерге аудару үшін шығармашылық пен қоғамдық бастамаларды тиімді пайдалана алатын жастардың рөлі ерекше.
Осындай мүмкіндік Алматы облысының мектеп оқушыларын, колледж студенттері мен жас волонтерлерін біріктірген «Есірткіге жол жоқ!» атты облыстық бейнероликтер байқауы аясында жүзеге асты. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қонаев қаласындағы Қазақ орта мектеп-лицейінде өтті. Байқауды Алматы облысының білім басқармасы өңірлік полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушылар нашақорлыққа қарсы күрес, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою, саналы таңдау жасау, салауатты өмір салтын ұстану және өз болашағына жауапкершілікпен қарау тақырыптарын қамтыған авторлық бейнематериалдарын ұсынды. Үздік жұмыстардың авторлары үшін байқауға қатысу шығармашылық қабілеттерін танытып қана қоймай, өздерінің өмірлік ұстанымдарын ашық білдіруге мүмкіндік берді. Байқау жұмыстарына білікті қазылар алқасы баға берді.
– Облыстың білім беру ұйымдарында ата-аналардың қатысуымен семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер және түрлі іс-шаралар өткізу игі дәстүрге айналған. Күш біріктіріп, өзгелерге жақсы үлгі көрсету арқылы жастар өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, оның жарқын болашағын қамтамасыз ете алады. Есірткінің, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы келешек ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні баршаға белгілі. Сондықтан мектептерде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы түсіндіретін тағылымды кездесулер өткізу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру тәуелділіктің алдын алуға көмектеседі, – деді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева.
Байқау жастардың азаматтық ұстанымын білдіріп, зиянды әдеттерге қарсы тұрудың маңыздылығын өз үлгісімен көрсетуіне мүмкіндік берген тағы бір алаңға айналды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Жамбыл ауданы Сарыбастау ауылының орта мектеп оқушылары иеленді. Жеңімпаздарға арнайы жүлде және 100 мың теңгелік сертификат табысталды. Екінші орын Қарасай ауданы С. Керімбеков атындағы орта мектеп оқушыларына бұйырды. Олар 70 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Үшінші орынды Іле ауданы Н. Тілендиев атындағы орта мектеп оқушылары иеленіп, 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
«Біз – жас ұрпақ, еліміздің тірегіміз. Есірткіге тәуелділік – өз қолыңмен өміріңді, армандарың мен мақсаттарыңды құрту деген сөз. Сондықтан біз зиянды әдеттерден аулақ болып, спорт пен білімді таңдауымыз керек. Бейнеролигіміз арқылы осы ойды жеткізуге тырыстық», – деп атап өтті байқау жеңімпаздары, Сарыбастау ауылының оқушылар командасы.
Мұндай жобалар жастардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып қана қоймай, олардың қоғамға өз үнін жеткізуіне мүмкіндік береді. Өйткені нашақорлыққа қарсы күрес жеке үлгіден, бейжай қарамаудан және дұрыс шешім қабылдаудан басталады. Егер осындай бейнероликті көргеннен кейін тым болмаса бір жасөспірім қауіпті қадамның салдары туралы ойланып, салауатты өмірді таңдаса, онда авторлардың еңбегі өз жемісін берді деген сөз.
