+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

БИОҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛАР


Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында биотехнология саласындағы инновациялық әзірлемелерді тәжірибеге енгізудің жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Талқылау «Биотехнологияны дамытуға және биоқауіпсіздікті қамтамасыз етуге микробиология мен вирусологияның қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өтті. Айта кетейік, іс-шара бірден екі мерейтойға арналды. Атап айтқанда, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының 70 жылдығы және көрнекті қазақстандық ғалым Аманкелді Садановтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Конференцияға мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының, халықаралық орталықтардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Конференцияны ашқан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Күрішбаев Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының, сондай-ақ профессор Аманкелді Садановтың отандық микробиология мен вирусологияны дамытуға, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға қосқан үлесін атап өтті.

– Аманкелді Садановтың ғылыми жетістіктерінің басты құндылығы – зерттеу қызметін нақты өндіріспен сәтті ұштастыра білуінде. Ғалымның 1200-ден астам ғылыми еңбегі, 180-нен аса патенті және қалыптастырған ғылыми мектебі отандық биотехнологияның дамуына елеулі үлес қосты. Осындай нәтижелі ғылыми мектептердің одан әрі дамуы үшін ғылымды мемлекеттік қолдауды күшейту, зерттеу инфрақұрылымын жаңғырту, білікті кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажет, – деп атап өтті Ахылбек Күрішбаев.

Конференция аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан және мемлекеттік органдар басшыларынан құттықтау хаттары оқылды.

Баяндамашылар микробиология, вирусология және биоқауіпсіздік мәселелері бойынша сөз сөйлеп, іргелі және қолданбалы зерттеулердің жаңа нәтижелеріне, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және биотехнологиялық әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге баса назар аударды.

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Садановтың айтуынша, орталық әртүрлі бағыттарды қамтитын бірегей дәрілік препараттарды өз өндірісінде табысты шығарып келеді. Медицина, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы, ветеринария және өсімдік шаруашылығы, сондай-ақ экология мен тамақ өнеркәсібі салаларындағы әзірлемелер Қазақстанның мемлекеттік органдарында қажетті рәсімдерден өткен. Орталықтың ауқымды өндірістік қуаттары бар. Мұнда өнім өндіріліп қана қоймай, оны өткізу жұмыстары да жүзеге асырылады.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының алаңы қазақстандық ғалымдардың бүгінде микробиология мен вирусологияның жаңа бағыттарын дамытып, аграрлық сектор мен елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған инновациялық шешімдер ұсынып отырғанын тағы бір мәрте көрсетті.

Аталған бағыттардың маңызы зерттеу жұмыстарының нәтижелілігін арттырумен ғана шектелмейді. Олар отандық биотехнология саласының ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуда да айрықша рөл атқарады.

Іс-шара соңында микробиология және вирусология саласындағы ғалымдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды.