
Алматы облысындағы Қайыңды көліне апаратын жол жаңартылды
Кеген ауданындағы туризмді дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – Қайыңды көліне апаратын 10 шақырым автомобиль жолының жаңартылған бөлігі пайдалануға берілді.
Табиғатының қайталанбас сұлулығымен танылған Қайыңды көліне апаратын жолдың жаңаруы – өңірдің туристік әлеуетін арттырып, тұрғындар мен саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Осыған орай өңірде Қайыңды көліне апаратын автомобиль жолының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Мерекелік шараға Кеген ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, «СЕРВИС НС» ЖШС директоры Жандос Сарсенбекұлы, «Кереге-ТрансСервисГрупп» ЖШС директоры Нұрлан Қуанышбайұлы, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Бақыт Жүнісов, Кеген аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Шыңғыс Тұрсынов және ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында Кеген ауданы әкімі Таңат Есенкелдіұлы құттықтау сөз сөйлеп, жол құрылысына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, мердігер ұйым өкілдеріне аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Салтанатты рәсім Саты ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Есболат Рысбаевтың ақ батасымен жалғасып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Одан соң жол қозғалысы салтанатты түрде іске қосылды.
Бұл игі бастама Қайыңды көлінің туристік тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының дамуына серпін бермек.
Айта кету керек, жолдың жалпы ұзындығы – 10 шақырым. Жоба өткен жылдың қазан айында басталған. Жалпы құны – 2,43 млрд теңге. Биыл жол құрылысына жергілікті бюджеттен 1374,9 млн теңге қаржы бөлінген. Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар автомобиль жолының өрге қарай бағытталған ойлы-қырлы жерлері тегістеліп, негізгі жұмыстар жүргізілді. Асфальт төселіп, жол бойындағы 42 су өткізгіш құбыр толық орнатылды.
Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының талапқа сай болуына, жол сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді. Бұл өңірге келетін туристер санының артуына оң ықпал етеді.
Осылайша, көрікті мекеннің сұлулығын тамашалауға асыққан қонақтар межелі жерге жылдам әрі қауіпсіз жете алады.
