
ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫН ҚҰРАДЫ: 126 ЖАС АЗАМАТ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІНІҢ СЕРІКТЕСІ БОЛАДЫ
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Петропавл қаласында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық жастар лагерінің жұмысына қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы Президент реформаларын талқылау, олардың жастар әлеуетін ашудағы рөлі және Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыруға жастардың қатысуы болды.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Халық Кеңесінің мүшелері өңір жұртшылығымен де кездесіп, ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен танысты және Тайынша қаласындағы жаңа IT орталығын аралады.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов Президент Жолдауы елді терең жаңғыртуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа бағдарды айқындайтынын атап өтті. Бұл міндеттерді орындау бүкіл қоғамның жұмылуын талап етеді. Ал мұнда жастарға айрықша рөл жүктеледі.
Халық Кеңесінің Төрағасы атап өткендей, Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің дамуында жаңа кезең басталды. Ата Заң қуатты мемлекеттің іргетасын қалап, экономикалық өсімге, адами капиталды дамытуға және жас ұрпақтың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасады.
Президенттің референдумнан кейінгі алғашқы кездесуін дәл жастармен өткізуі Мемлекет басшысының өскелең ұрпақтың пікірі мен көңіл күйіне ерекше мән беретінін көрсетеді. Өйткені ауқымды мемлекеттік жобалардың негізгі игілігін көретін де – жас қазақстандықтар.
Елдің даму қарқыны туралы сөз қозғаған Ерлан Қошанов негізгі көрсеткіштерді келтірді. Соңғы жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 50 пайыздан астам өсіп, 15 мың доллардан асты. Ал 3,6 миллион жұмыс орнының ашылуы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер берді.
Білім беру саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 650 мыңнан астам білім гранты бөлініп, студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге, докторанттардың шәкіртақысы 3 еседен астам өсті. Сонымен қатар 267 студенттік жатақхана пайдалануға берілді.
Халықаралық білім беру ынтымақтастығына да ерекше назар аударылды. Мысал ретінде Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен қос дипломды бағдарламасы аталды. Биыл шілде айында алғашқы 30 түлек екі университеттің дипломын алды. Олардың қатарында америкалық университеттің «Жылдың үздік түлегі» атағына ие болған Әмір Агзамов та бар.
Осындай жетістіктерді, қазақстандық жастардың шетелде мойындалуын және олардың түрлі салалардың дамуына қосқан үлесін Халық Кеңесінің Төрағасы патриотизмнің үлгісі әрі ұлттық мақтаныш деп атады.
Оның айтуынша, қазіргі патриотизм ең алдымен білімге ұмтылудан, жасампаз еңбектен, озық технологияларды меңгеруден және қоғам өміріне нақты үлес қосудан көрінеді. Сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтау, жаһандық деңгейде ойлау, тіл үйрену және заманауи цифрлық платформаларды пайдалана отырып, Қазақстанның бай рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту маңызды.
Бұл ойды лагерь қатысушылары жалғастырып, Мемлекет басшысы айқындаған бағытты іске асыруға жастарды белсенді тарту жөніндегі өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Ұсынылған бастамаларды Қазақстан Халық Кеңесі қолдады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова жас ұрпақтың әділдік, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарына негізделген белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Оның пікірінше, цифрлық технологиялар қоғамдық бақылауды күшейтуге, ашықтықты арттыруға және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндіктер береді. Сондықтан жастар осы құралдарды белсенді пайдалануы керек.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген жауапты көшбасшылықтың маңыздылығына тоқталды. Ол жас басшылардың өз бетінше шешім қабылдай білуі, командамен тиімді жұмыс істеуі және нәтижеге жауап беруі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар популизм мен басқарудағы әлсіздікке жол бермеу керектігін айтты. Мұндай ұстаным Мемлекет басшысы дәріптеп жүрген «Адал азамат» құндылықтарына сәйкес келеді.
Кездесудің басты ұсыныстарының бірі – «Халық Кеңесі» жастар қозғалысын құру болды. Ерлан Қошанов бұл бастаманы қолдап, жаңа бірлестік формалды ұйымға емес, жастардың идеяларын жүзеге асыратын нақты жұмыс алаңына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Ол Мемлекет басшысының жастар саясаты «жастар үшін» емес, «жастармен бірге» жүргізілуі керек деген сөзін еске салды.
Алғашқы кезеңде қозғалыс құрамына еліміздің барлық өңірінен 126 жас азаматты енгізу ұсынылды. Бұл сан Халық Кеңесі мүшелерінің санына сәйкес келеді. Кеңестің әрбір мүшесі жас серіктесімен «кері тәлімгерлік» қағидаты бойынша жұмыс істеп, ұрпақтар арасындағы жүйелі байланысты жолға қоя алады.
Қозғалыстың басым бағыттарының бірі – NEET санатындағы жастарды қолдау, олардың кәсіби білім алуына және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Бұл ретте Астанада табысты жүзеге асырылып жатқан JOLTAP жобасын бүкіл елге тарату көзделіп отыр.
Сондай-ақ дербестік пен жасампаз еңбек құндылықтарын дәріптеу, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, масылдық көзқарастан арылту, жастарды жеке жауапкершілікке және өмірлік мақсаттарына өз күшімен жетуге бағдарлау маңызды міндеттердің қатарында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, адалдық пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға, жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілікті арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді.
Бұдан бөлек, цифрлық құзыреттерді дамыту және дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, Tomorrow School түлектерін ауылдық IT орталықтарына тәлімгер ретінде тарту көзделіп отыр.
Сонымен қатар жастар нашақорлықтың, лудоманияның және интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарына, өңірлік қоғамдық кеңестердің қызметіне, кітап оқу мәдениетін және қазақстандықтардың табысқа жету тарихын насихаттауға белсенді араласады.
Патриоттық тәрбие, волонтерлік қозғалыс, әлеуметтік және экологиялық жобалар да маңызды бағыттардың қатарында болады.
Бұл ретте нақты нәтижелерге басымдық беріледі. Ерлан Қошанов атап өткендей, қозғалыстың басты мақсаты – форумдар мен съездер өткізу емес, адамдардың өмірін өзгертуге ықпал ететін нақты істерді жүзеге асыру.
Қорытындылай келе, Ерлан Қошанов құрылып жатқан Жастар қозғалысы елдің жаңа конституциялық жағдайдағы дамуына сенімді тірек болатынын атап өтті.
Халық Кеңесіне берілген заң шығару бастамасы құқығының арқасында жастардың ең маңызды ұсыныстары сараптамалық тұрғыдан пысықталып, заң жобаларына енгізілуі мүмкін.
Бағдарламаның жеке бөлімі өңірдің цифрлық жетістіктерімен танысуға арналды. Жастар лагерінің аясында ұйымдастырылған «Digital Aimaq» көрмесінде Халық Кеңесінің мүшелеріне Мемлекет басшысы қойған цифрландыру міндеттерінің облыста қалай жүзеге асырылып жатқаны көрсетілді. Бұл жұмыстар тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де қолға алынған.
Бүгінде облыстың аудандық және ауылдық деңгейлерінде 14 IT орталық ашылған. Смирново ауылында жергілікті тұрғындарға цифрлық платформалар мен жасанды интеллектіні практикалық міндеттерді шешу және табыс табу үшін пайдалану жолдары үйретілуде. Бұл Президент Жолдауында айтылған халықтық цифрлық экономика тұжырымдамасымен тікелей үндеседі.
Жастар лагерінің жұмысына, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктері және қоғам өкілдерімен өткен кездесулерге Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығы мен мүшелері Ләззат Чинкисбаева, Жандос Ақтаев, Найла Мұхтарова, Ақнұр Тұрдалиева, Ислам Байрамуков, Руфина Усанова, Геннадий Зенченко, Ирина Эктова және Сәуле Мәликова қатысты.
Кездесулерге сондай-ақ Құрылтай депутаты Әкерке Искандерова, ҚР Қарулы күштерінің «Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ринат Заит, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев және JOLTAP жобасының жетекшісі Дана Жүнісова қатысты.
Сапар аясында Халық Кеңесінің мүшелері «Мағжан орталығын», «Ботай» ескерткішін аралап, еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылында Солтүстік Қазақстан облысының қол жеткізген негізгі жетістіктерін көрсететін экспозициямен танысты.
