+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жаңа тарихи кезеңнің жаңа міндеттері

Президент Жолдауы ел дамуының басым бағыттарын айқындап, инфрақұрылымнан бастап цифрлық экономикаға дейінгі ауқымды өзгерістерге жол ашты

Мемлекеттің даму жолында әр кезеңнің өзіне тән міндеттері мен жауапкершілігі болады. Бір дәуірде елдің Тәуелсіздігін нығайту, экономикалық дербестігін қалыптастыру алдыңғы орынға шықса, енді бір кезеңде сол жетістіктерді жаңа технологиялармен ұштастырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру маңызды. Қазақстан да осындай жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы осы уақыттың талабына сай ел дамуының жаңа бағдарын айқындады.

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Бұл – аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде Қазақстан мемлекеттік институттарын қалыптастырып, халықаралық аренада өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Биыл қабылданып, 1 шілдеден бастап заңды күшіне енген жаңа Конституция да елдің саяси жүйесін жаңғыртуға серпін берді. Мемлекет басшысы Жолдаудың басында осы тарихи өзгерістерге тоқтала отырып, алдағы міндеттердің ауқымы бұдан да кең екенін аңғартты. Өйткені Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту тек саяси тұрақтылықпен шектелмейді. Ол үшін қуатты экономика, дамыған инфрақұрылым, сапалы білім мен ғылым, заманауи технология және заңға құрметпен қарайтын қоғам қажет.

Жолдаудың өн бойынан байқалатын басты ұстаным – мемлекеттің даму көрсеткіштері ең алдымен азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы керек. Экономиканың өсуі, инвестицияның артуы, жаңа өндірістердің ашылуы өз алдына маңызды. Бірақ мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасына әсер етпесе, көзделген нәтиже толық орындалды деуге келмейді. Сондықтан Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, өңірлер арасындағы алшақтықты азайтуға және азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға айрықша мән берді.

Инфрақұрылым – ел дамуының берік негізі

Жолдаудағы ең ауқымды бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Мемлекет басшысы Қазақстанды кең көлемдегі құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін айтып, барлық өңірде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту міндетін қойды. Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Оның ішінде биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 трлн теңге қарастыру тапсырылды.

Бұл қаражаттың бағытталатын салалары да нақты көрсетілген. Алғашқы кезеңде өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларына арналған 50-ге жуық нысанды салу жоспарланған. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, елді мекендерді газбен және таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.

Бұл бастаманың маңызын тек жаңа ғимараттар мен жолдардың салынуымен өлшеуге болмайды. Инфрақұрылым – экономиканың барлық саласына серпін беретін негізгі тетік. Жаңа аурухана халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырса, мектеп пен спорт кешені жас ұрпақтың дамуына мүмкіндік береді. Ал жол, электр желісі, су құбыры мен газ жүйесінің жаңаруы кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа өндірістердің ашылуына жағдай жасайды.

Әсіресе ауыл-аймақ үшін бұл бастаманың маңызы зор. Қала мен ауыл арасындағы тұрмыс сапасының айырмашылығы көбіне инфрақұрылымға байланысты. Бір елді мекенде сапалы ауызсу мен тұрақты электр қуаты болмаса, екінші жерде медициналық нысан немесе білім беру мекемесі жеткіліксіз болса, мұның бәрі тұрғындардың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті алдын ала зерттеп, қаржыны шын мәнінде мұқтаж елді мекендерге бағыттау маңызды. Президент те өңірлердегі денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт нысандарына деген сұранысты жан-жақты анықтауды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы. Жолдауда Ұлттық қор қаражатының экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керектігі ерекше атап өтілді. Яғни құрылыс жүргізу үшін құрылыс салудың қажеті жоқ. Әрбір жоба халыққа нақты пайда әкеліп, ұзақ мерзім қызмет етуі тиіс. Бұл ретте жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін құрылыс жұмыстарына тарту да маңызды. Сонда мемлекет бөлген қаржы ел ішінде қалып, жергілікті кәсіпорындардың дамуына, жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Қуатты экономика – өндіріс пен инвестицияға байланысты

Жолдауда инфрақұрылымдық жаңғыру экономикалық өсіммен тығыз байланыста қарастырылды. Президенттің айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд АҚШ долларына жуықтайды. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады деп күтілуде. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 млрддоллардан жоғары.

Бұл көрсеткіштер ел экономикасының белгілі бір әлеуетке ие екенін аңғартады. Алайда ендігі міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту. Өндіріс орындарын көбейтіп, дайын өнім шығару көлемін арттыру қажет. Өйткені шикізатты экспорттаудан түсетін табыс пен оны терең өңдеп, дайын тауар ретінде сатудан түсетін экономикалық пайда бірдей емес.

Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің өңдеу өнеркәсібіне, технологиялық өндірістерге және инвестиция тартуға қатысты тапсырмалары ерекше мәнге ие. Жолдауда инвестицияның тиімділігін тек тартылған қаражат көлемімен өлшеуге болмайтыны айтылды. Оның нәтижесі іске қосылған өндіріс орындарынан, шығарылған өнімнен, ашылған жұмыс орындарынан және экономикаға қосқан нақты үлесінен көрінуі керек.

Бұл – өте орынды талап. Кейде ірі инвестициялық жобалар туралы ақпарат кеңінен тарағанымен, оның өңірге тигізген нақты пайдасы, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы немесе отандық кәсіпорындармен байланысы жеткілікті деңгейде бағаланбай жатады. Сондықтан инвестициялық жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне баса назар аудару қажет.

Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейту, оларға қойылатын талаптарды жеңілдету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Мұндай қадамдар кәсіпкерлерге өз жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға, өндірісін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруі тиіс. Дегенмен кәсіпкерлікке қолдау көрсету тек тексерулерді азайтумен шектелмеуі керек. Оларға қаржыландыруға қолжетімділік, тұрақты заңнамалық орта, нарыққа шығу мүмкіндігі және әділ бәсекелестік те қажет. Президенттің салық саясатын жетілдіру жөніндегі тапсырмалары осы мәселелермен сабақтасып жатыр. Жаңа Салық кодексін қолдану барысында туындаған қайшылықтарды жою, кәсіпкерлерге артық салмақ түсіретін нормаларды қайта қарау қажеттігі айтылды.

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі

Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арнайы тоқталуы да тегін емес. Президенттің мәліметінше, былтыр ауыл шаруашылығы шамамен 6 пайызға өсіп, салада өндірілген өнім көлемі 15 трлн теңгеге жеткен. Шаруаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі де 1 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Алайда қаржы көлемінің артуы саланың барлық мәселесі шешілді дегенді білдірмейді. Мемлекет басшысы бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалатынын атап өтті. Сондықтан шаруаларға бірнеше жылға арналған өндірістік жоспар құруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді қаржыландыру жүйесін қалыптастыру қажет.

Ауыл шаруашылығының болашағы тек жер көлемімен немесе техника санымен өлшенбейді. Ең бастысы – өндіріс тиімділігі. Осыған байланысты Президент отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін көбейту, аграрлық секторға жасанды интеллект технологияларын енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект арқылы егістік алқаптарының жағдайын бақылауға, суару жүйесін оңтайландыруға, өнімділікті болжауға және шығынды азайтуға болады. Мұндай технологияларды енгізу ауыл шаруашылығын дәстүрлі еңбек тәсілінен заманауи өндіріс үлгісіне көшіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесіне басымдық берілді. Шикізатты сол күйінде сатпай, одан дайын өнім өндіру – қосымша құн қалыптастырудың тиімді жолы. Мысалы, жеміс-жидекті өсірумен қатар оны өңдеп, шырын, тосап, концентрат немесе басқа да дайын өнім шығару шаруаның табысын арттырады. Бұл бағытта өңдеу кәсіпорындарын көбейтіп, сақтау және тасымалдау жүйесін жетілдіру маңызды.

Президент агрологистика орталықтарының қызметін ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін қолжетімді ету қажеттігін де атап өтті. Өйткені өнімді өсіру бір бөлек те, оны ысырапсыз сақтап, тиімді бағамен өткізу – екінші мәселе. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері мол өңірлерде заманауи қоймалар мен логистикалық орталықтардың болуы шаруалар үшін үлкен мүмкіндік.

Аграрлық сектордың дамуы су ресурстарымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі барған сайын өзекті бола түсті. Президент суды үнемдеу мен тиімді пайдалану қағидаттарын барлық жерде сақтау қажеттігін қатаң ескертті. Суармалы егіншілікте озық технологияларды енгізу, каналдардағы су шығынын азайту, су есебін цифрландыру және су пайдалануға бақылауды күшейту – уақыт талабы.

Жолдауда су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды аяқтау тапсырылды. Бұл жүйе су қорын есепке алуға, оның көлемі мен қозғалысын бақылауға, жаңа өндірістерді жоспарлау кезінде нақты деректерге сүйенуге мүмкіндік береді. Суды үнемдеу тек шаруалардың міндеті емес, ол – әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік. Әсіресе ауызсудың ауыл шаруашылығында және тұрмыста орынсыз жұмсалуына жол бермеу қажет.

Энергетикалық қауіпсіздік – экономикалық дербестіктің шарты

Қазіргі заманда электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіп орындары, тұрғын үйлер, көлік жүйесі, деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық технологиялар тұрақты энергия көзін қажет етеді. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің экономикалық дербестігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды.

Президент Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы бар екенін ашық айтты. Қыс мезгілінде сұраныс артқан кезде көрші елдерден электр қуатын қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болсақ, жаз айларында артық энергияны төмен бағамен сатамыз. Мұндай жағдайды қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға болмайды. Ел экономикасы дамып, жаңа өндірістер іске қосылған сайын электр қуатына қажеттілік те арта түседі.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстан электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жетуі керектігін тапсырды. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы энергетикалық нысандар мен электр желілерін жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту қажет. Сонымен бірге атом энергетикасының әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі көтерілді. Президент келесі жылы Балқаш атом электр станциясының құрылысын бастауға болатынын, сондай-ақ Мойынқұм АЭС жобасын жеделдету қажеттігін айтты.

Бұл бағытта ең маңыздысы – энергетикалық жобаларды ұзақ мерзімді ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру. Энергия тапшылығын жою тек бүгінгі сұранысты өтеу үшін емес, келешектегі өнеркәсіптік даму мен технологиялық жаңғыруға жағдай жасау үшін қажет. Ал электр желілерін жаңарту мен жаңа қуат көздерін іске қосу өңірлердің де тұрақты дамуына ықпал етеді.

Цифрлық экономика – болашақтың басты бәсекесі

Жолдаудың тағы бір маңызды бағыты – цифрландыру мен жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу. Қазақстанда бұл бағытта белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен Мемлекет басшысы ендігі міндет қарапайым автоматтандырумен шектелмей, толыққанды цифрлық экономика қалыптастыру екенін атап өтті.

Жасанды интеллект өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік, медицина, білім беру, мемлекеттік басқару салаларының жұмысын түбегейлі өзгерте алады. Мәселен, медицинада ауруларды ерте анықтауға, білім беруде оқыту тәсілдерін жетілдіруге, ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтардың уақытын үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді азайтуға ықпал етеді.

Президент елімізде екі суперкомпьютер жұмыс істеп тұрғанын, үшіншісін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары аяқталған. Мұндай технологиялық инфрақұрылым цифрлық қызметтердің сапасын арттырып, елдің халықаралық ақпараттық кеңістікпен байланысын нығайтады.

Алайда цифрландырудың түпкі мақсаты тек заманауи техника мен бағдарламаларды көбейту емес. Оның негізгі нәтижесі қарапайым азаматтың мүмкіндігін кеңейтуден көрінуі керек. Мысалы, шалғай ауылдағы кәсіпкер өз өнімін интернет арқылы сатып, қалалық нарыққа шыға алса, ауыл тұрғыны қашықтан білім алып немесе жұмыс істей алса, цифрлық экономиканың пайдасы нақты сезіледі. Сондықтан Президент ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге интернет арқылы сауда жасауға көмектесетін өңірлік пилоттық жобаларды іске қосуды тапсырды.

Бұл бастамалар ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер айырмасын азайтуға да ықпал ете алады. Бірақ жаңа технологияларды енгізумен қатар, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет сапасын жақсарту мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс.

Әлеуметтік саясаттың өзегі – адам капиталы

Экономикалық өсімнің басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдаудағы әлеуметтік саясатқа қатысты тапсырмалар қоғам үшін ерекше маңызды. Президент халықтың табысын көбейту, инфляцияны төмендету, медициналық қызмет сапасын жақсарту және білім беру жүйесін жаңғырту мәселелеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы Үкіметке ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылып, шамамен 1,8 млн адамның табысын арттыруға ықпал етеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде еңбек ететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген.

Денсаулық сақтау саласында жаңа медициналық нысандар салу, балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтарды дамыту, алғашқы медициналық көмекті жаңғырту міндеттері қойылды. Бұл жерде мәселе тек ауруханалар санын көбейтуде емес, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда. Әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін білікті дәрігерге уақытылы қаралу, қажетті тексеруден өту және сапалы ем алу мүмкіндігі маңызды.

Білім беру саласында инклюзивті білімге ерекше назар аударылды. Президенттің мәліметінше, елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Сондықтан ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, мамандар тапшылығын азайту және диагнозды ерте анықтау жұмыстарын жүйелеу қажет.

Мұның бәрі қоғамның адамға деген көзқарасын көрсетеді. Әрбір баланың қабілетіне қарай білім алуына, дамуына және өмірден өз орнын табуына мүмкіндік берілуі керек. Инклюзивті білім беру – тек арнайы сынып немесе пандус орнатумен шектелетін мәселе емес. Ол – мұғалімдердің дайындығын, психологтар мен логопедтердің жеткілікті болуын, ата-аналармен жүйелі жұмысты және баланың қоғамға толыққанды араласуын қамтитын кешенді бағыт.

Президент мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту мәселесін де көтерді. Цифрлық платформалар мен есептіліктің көбеюі педагогтердің негізгі міндеті – балаға білім мен тәрбие беру жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс. Мұғалімнің уақыты қағазбастылыққа емес, оқушының білім сапасын арттыруға жұмсалғаны жөн. Бұл талап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарына да ортақ.

Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды тұсы – инфляциямен күрес. Бағаның өсуі халықтың нақты табысын төмендетіп, жалақының артуынан түсетін әсерді әлсіретеді. Сондықтан Президент Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны тежеу бағытында үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды. Халықтың табысын арттыру тек жалақыны көтерумен шектелмеуі керек. Тұтыну бағасының тұрақтылығы, қолжетімді тұрғын үй, сапалы медициналық қызмет пен білім беру мүмкіндігі де тұрмыс сапасын айқындайтын факторлар.

«Заң мен тәртіп» – қоғамның ортақ қағидасы

Жолдаудың маңызды өзегінің бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық жауапкершілікті нығайту. Президент жаһандық тұрақсыздық жағдайында ел ішіндегі бірлік пен келісімді сақтаудың маңызын атап өтті. Қандай ауқымды реформа жүзеге асса да, оның нәтижелі болуы қоғамдағы тәртіпке, азаматтардың жауапкершілігіне және мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына байланысты.

«Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты ұғым емес. Ол – қоғамның барлық мүшесіне ортақ талап. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын сақтау, қоғамдық орындарда тәртіпке бағыну, адал еңбек ету және ортақ мүлікке жанашырлықпен қарау – құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері.

Мемлекет басшысы «Адал азамат» идеологиясын қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін айтты. Оның мәні – азаматтың елге деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуі. Отаншылдық дегеніміз – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну және ел игілігі үшін табанды еңбек ету. Бұл ұстаным әрбір отбасыдан, білім ордасынан, еңбек ұжымынан бастау алуы тиіс.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысы да ашық әрі нәтижелі болуы қажет. Халықтың өтінішіне уақытылы жауап беру, бюджет қаржысының жұмсалуын бақылау, қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету – мемлекеттік басқарудың сапасын көрсететін маңызды өлшемдер. Әсіресе ауқымды құрылыс пен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру кезінде жауапкершілік пен қоғамдық бақылаудың маңызы арта түседі.

Президент Жолдауында көтерілген мәселелердің ауқымы кең. Инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, цифрлық экономика, инвестиция, әлеуметтік саясат және заң үстемдігі – бір-бірінен бөлек қарауға келмейтін бағыттар. Олардың әрқайсысы елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етуі тиіс.

Дегенмен кез келген саяси құжаттың маңызы онда айтылған бастамалардың көптігімен емес, олардың нақты орындалуымен өлшенеді. Қанша қаражат бөлінгені ғана емес, сол қаржыға қандай нысан салынғаны, қанша жұмыс орны ашылғаны, халықтың қандай мәселесі шешілгені маңызды. Жаңа жолдың сапасы, мектептің жағдайы, ауруханадағы медициналық қызмет, ауылдағы ауызсу мен электр желісінің тұрақтылығы – мемлекеттік саясаттың күнделікті өмірдегі нақты көрінісі.

Сондықтан алдағы кезеңде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Әр өңір өзінің қажеттілігіне қарай нақты жобаларды айқындап, олардың жүзеге асуын жүйелі бақылауы керек. Жергілікті кәсіпкерлерді тарту, отандық өндірісті қолдау, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және халықпен ашық байланыс орнату – осы жұмыстың маңызды шарттары.

Жолдаудың басты идеясы да осында: Қазақстанның болашағы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырумен айқындалады. Қуатты мемлекет – инфрақұрылымы дамыған, экономикасы әртараптанған, технологияны меңгерген, азаматтары білімді әрі заңды құрметтейтін мемлекет.

Ал мұндай елді қалыптастыру бір ғана мемлекеттік органның немесе бір ғана саланың міндеті емес. Ол – билік пен қоғамның, кәсіпкер мен еңбек адамының, қала мен ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігі. Мемлекет басшысы айтқандай, елдің басты байлығы да, барлық реформаның игілігін көруге тиіс негізгі күші де – азаматтар.

Жаңа тарихи кезеңнің талабы – осы. Ендігі міндет – белгіленген мақсаттарды қағаз жүзінде қалдырмай, нақты нәтижеге айналдыру. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі жасалған жұмыстың сапасына, қабылданған шешімнің әділдігіне және әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесіне байланысты.

С.НҰРАДИН.