
№16 сайлау округі бойынша Алматы облыстық мәслихат депутаттығына «Ауыл» партиясынан кандидат БИМЕНОВ БАУЫРЖАН МЫНЫХАНҰЛЫНЫҢсайлауалды бағдарламасы
Мен Бименов Бауыржан Мыныханұлы, 1970 жылғы 3 қыркүйекте Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Қырбалтабай ауылында дүниеге келдім. 1992 жылы Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірдім. 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алдым.
Еңбек жолымды 1993 жылы Қырбалтабай ауылындағы «Түрген» қой кеңшарының №1 бөлімшесінде бригадирдің көмекшісі болып бастадым. Кейін осы кеңшардың №1,4 бөлімшелерінде бригадир қызметін атқардым. 1996 жылы «Ақжал» акционерлік қоғамының №2 бөлімшесінің меңгерушісі, кейін бас агрономы болып жұмыс істедім. 1997-1999 жылдары Қырбалтабай ауылдық округінің әкімі қызметін атқардым. 1999-2003 жылдары Еңбекшіқазақ аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттің төрағасы болдым. 2003-2008 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқардым.
2009-2012 жылдары Бөлек ауылдық округінің әкімі қызметінде болдым. 2020 жылғы наурызға дейін Есік қаласының әкімі болып еңбек еттім. 2020 жылғы наурыздан 2023 жылғы қарашаға дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. 2024 жылғы 12 ақпаннан бастап «Қайнар Агро KZ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы болып жұмыс істеп келемін.
Еңбек жолымда ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жергілікті басқару және өңірді дамыту салаларында мол тәжірибе жинақтадым. Әр кезеңдегі қызметімде елді мекендердің дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарға атсалыстым.
Қадірменді жерлестер!
Туған өлкенің өркендеуі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – баршамызға ортақ міндет. Елді мекендердің дамуы тек ірі жобалармен өлшенбейді. Әр ауылдағы сапалы білім, қолжетімді медициналық көмек, жөнделген жол, таза ауыз су, тұрақты электр қуаты, жарық көшелер мен балаларға арналған спорт алаңдары – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер. Сондықтан әрбір ауылдың сұранысын ескеріп, тұрғындарды толғандырған түйткілдердің шешілуіне ықпал ету қажет.
«Ауыл» партиясының мүшесі ретінде ауылдық аумақтардың дамуына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және елді мекендердің әлеуетін арттыруға басымдық беремін. Сайлауалды бағдарламамды әзірлеу барысында ауылдық округтерде шешімін күткен мәселелерге назар аударып, оларды салалар бойынша жүйеледім. Алға қойған мақсатым – тұрғындардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізу, қажетті қаржының бөлінуіне ықпал ету және қолға алынған жобалардың орындалуын бақылау.
Сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттары:
1. Білім беру – келешек ұрпақтың сапалы өмірінің негізі.
Білім беру саласының дамуы елдің болашағын айқындайды. Әрбір баланың заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте білім алып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне жағдай жасалуы керек. Ауыл балаларының сапалы білім алу мүмкіндігі қаладағы құрдастарынан кем болмауға тиіс. Осы мақсатта мектеп құрылысына, білім беру нысандарын күрделі жөндеуге және оқушылардың қажеттілігіне сай қосымша ғимараттар салуға қатысты мәселелердің шешілуіне ықпал етемін. Атап айтқанда, Қырбалтабай ауылындағы Алтынсарин мектебін күрделі жөндеуден өткізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мәселесін көтеремін Казатком және Қайрат ауылдарында 120 орындық, Еңбек ауылында 300 орындық, Өрнек ауылында 300 орындық, Бірлік ауылында 450 орындық және Баяндай ауылында 180 орындық мектеп құрылысын жүргізуге қажетті қаржының бөлінуіне ұсыныс жасаймын. Сондай-ақ Балтабай ауылындағы орта мектепті және Ақтоғай ауылындағы Еңбек атындағы мектептерін күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін назарда ұстаймын. Бәйдібек би ауылындағы 900 орындық мектеп құрылысы мен Островский және Аубакиров мектептерін күрделі жөндеу, Түрген ауылындағы 1200 орындық мектеп салу, Азат ауылындағы 300 орындық және Қайназар ауылындағы 1500 орындық мектеп құрылыстарының белгіленген тәртіппен ілгерілеуіне бақылау жасаймын. Білім беру нысандарын дамытуға бағытталған осы жұмыстардың нәтижесінде оқушыларға қолайлы жағдай жасалып, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық мүмкіндіктері жақсарады деп сенемін.
2. Денсаулық сақтау – халықтың өмір сапасы мен қауіпсіздігінің кепілі.
Сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуы – әрбір тұрғын үшін маңызды мәселе. Әсіресе ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялардың жеткілікті болуы, медициналық нысандардың талапқа сай жабдықталуы және тұрғындардың алғашқы медициналық көмекке уақытылы қол жеткізуі ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Ақтоғай, Ақбастау, Қайрат, Баяндай, Өрнек және Бірлік ауылдарында медициналық модульдік блок кешендерін салуға қажетті қаражаттың бөлінуіне ықпал етемін. Рахат және Өрікті, Талдыбұлақ ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салу мәселелерін тиісті органдар алдында көтеремін. Аталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және құрылыс жұмыстарына қаржы қарастырылуына күш саламын. Денсаулық сақтау саласындағы әрбір бастама тұрғындардың денсаулығын сақтауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасының алшақтығын азайтуға бағытталуы керек.
3. Жол және көлік инфрақұрылымы – елді мекендердің байланысы мен дамуының негізі.
Жол сапасы тұрғындардың күнделікті тұрмысына, балалардың мектепке қатынауына, кәсіпкерлердің жұмысына және жедел қызметтердің уақытылы жетуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ауылішілік көшелерді жөндеу мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту тұрақты назарда болуы қажет. Осы бағытта Бәйдібек би, Ақши, Түрген, Ташкенсаз, Баяндай, Бірлік, Шалқар, Қайназар және Өрікті ауылдарының жолдарын жөндеу мәселелерін бақылауда ұстаймын. Жол жөндеу кезінде тек асфальт төсеумен шектелмей, жұмыстардың сапасына, бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және орындалған жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкестігіне бақылау жасау маңызды деп санаймын.
4. Ауызсу және кәріз жүйесі – тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың басты шарты.
Таза ауызсуға қол жеткізу және тұрмыстық ағын суларды қауіпсіз басқару – елді мекендердің санитарлық жағдайы мен халық денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Ауызсу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдардың әлеуметтік дамуына да ықпал етеді. Осыған байланысты Талдыбұлақ, Ташкенсаз және Баяндай ауылдарындағы ауызсу құбыры желілерін салу және қайта жаңарту мәселелерінің шешілуіне ықпал етемін. Рахат ауылдық округіне қарасты Азат, Қайназар ауылдарындағы су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының және Бәйдібек би ауылындағы кәріз жүйесі құрлысының уақтылы аяқталуын бақылауға аламын. Түрген ауылындағы қосымша 56 шақырым кәріз желісімен тазарту құрылыс нысанын салуға қаражат бөлінуіне ұсыныс жасаймын. Бұл бағыттағы жобалардың жүзеге асуы үшін қажетті қаржыландыру мәселесін көтеріп, тиісті мекемелермен жұмыс жүргіземін. Негізгі мақсатым – тұрғындардың сапалы ауызсуға қолжетімділігін жақсартуға және елді мекендердің санитарлық жағдайын көтеруге ықпал ету.
5. Электрмен жабдықтау, жылу жүйесі және көшелерді жарықтандыру.
Тұрақты электр қуаты, сенімді жылу жүйесі мен жарық көшелер – қауіпсіз әрі жайлы өмір сүрудің негізгі шарттарының бірі. Бұл мәселелерді шешу тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдардың әлеуметтік және экономикалық дамуына да мүмкіндік береді. Осы орайда Ақбастау ауылындағы электр желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуына, Қырбалтабай ауылындағы электр желілерін жаңғырту мәселесінің шешілуіне ықпал етемін. Сонымен қатар Бәйдібек би, Қаракемер және Түрген ауылдарындағы газблокты-модульдік қазандықтар құрылысына қатысты жобалардың іске асырылуына күш саламын. Көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша Ақши,Түрген, Бірлік және Ташкенсаз ауылдарындағы қажетті жобалары әзірленіп қаржыландырылуына ұсыныс жасаймын. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасалып, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі арта түсуі қажет.
6. Мәдениет – рухани құндылықтарды сақтаудың және қоғамды біріктірудің негізі.
Мәдениет ошақтары – ауыл тұрғындарының басын қосатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететін маңызды орындар. Сондықтан мәдениет нысандарының қолжетімділігі мен материалдық-техникалық жағдайын жақсарту ауыл өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Осы мақсатта Ақши және Балтабай ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мәселелерінің шешілуіне ықпал етемін.Түрген ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс білдіремін. Бұл бағыттағы бастамаларды іске асыруда ауыл тұрғындарының сұранысы мен нысандардың нақты қажеттіліктерін ескеріп, тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізуге күш саламын.
7. Спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырудың, жастарды тәртіпке баулудың және қоғамдағы бірлікті нығайтудың тиімді жолы. Ауыл балалары мен жастарының спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік жасау үшін заманауи спорт нысандары мен қолжетімді жаттығу алаңдары қажет. Осы бағытта Бәйдібек би, Балтабай, Қайназар, Түрген және Қырбалтабай ауылдарында спорт кешендерін салу мәселелеріне басымдық беремін. Қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуге және құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға ықпал етуге күш саламын. Сонымен қатар Бәйдібек би ауылында төрт көшеге, Ақжал, Ақбастау, Қайназар және Түрген ауылдарында стрит-воркаут алаңдарын орнату мәселелерін назарда ұстаймын. Азат, Түрген Қазатком, Ақтоғай, Өрнек, Ақжал,Ташкенсаз және Баяндай ауылдарында шағын футбол алаңдарын салу мәселелерінің шешілуіне ықпал етемін. Спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосуды көздеймін.
8. Қоғамдық қауіпсіздік – тұрғындардың тыныштығы мен сенімінің кепілі
Қауіпсіз орта қалыптастыру үшін құқық қорғау органдарының жұмысы тиімді ұйымдастырылып, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер дер кезінде шешілуі қажет. Әсіресе ауылдық жерлерде полиция қызметінің қолжетімді болуы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Ақши, Балтабай, Қаракемер және Қайназар ауылдарында тұрғын үймен біріктірілген полиция пункттерінің құрылысына қатысты жобалардың жүзеге асуына ықпал етемін. Бұл нысандардың іске қосылуы учаскелік полиция инспекторларының тұрғындармен байланысын нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын жандандыруға жағдай жасауы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты өтініштерді назарда ұстап, тиісті органдармен бірлесе әрекет етуге күш саламын.
9. Экология және санитарлық тазалық – ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің тазалығын сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті. Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуы табиғатқа зиян келтіріп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен ауылдардың санитарлық жағдайына кері әсер етеді. Сондықтан стихиялық қоқыс полигондарын жою және олардың қайта пайда болуына жол бермеу маңызды. Сонымен қатар тиісті мекемелермен бірлесіп, қоқыс орындарын жоюға қажетті қаржы бөлінуін көтеріп, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды қолдаймын. Ауылдардың тазалығы мен қоршаған ортаның жай-күйі тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты назарда ұстаймын.
10. Ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және шаруалады қолдау.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды салаларының бірі. Оның тұрақты дамуы ауыл тұрғындарының табысына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және елді мекендердің әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан шаруалардың еңбек өнімділігін арттыру, өндірілген өнімді тиімді өткізу, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беру қажет.
Осы бағытта ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға, жергілікті өнім өндірушілердің бастамаларын қолдауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың ашылуына ықпал етемін. Шикізатты тек өндірумен шектелмей, оны өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беретін жобаларды қолдау маңызды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты жұмыс орындарын құруға және шаруалардың табысын көбейтуге жол ашады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесемін. Мемлекеттік бағдарламалардың тек қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижеге бағытталуына, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына және қолдау шараларының ауыл тұрғындарына қолжетімді болуына назар аударамын. Бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қадағалап, туындаған мәселелерді тиісті органдар алдында көтеруге күш саламын.
Суармалы егіншілік үшін ирригация жүйелерінің жағдайы ерекше маңызды. Ауданда шамамен 40 жыл бұрын салынған суару жүйелерін жаңғырту мәселесін көтеріп, Балтабай ауылдық округінен басқа ауылдық округтердегі қолданыстағы ирригациялық желілерді кезең-кезеңімен қайта жаңарту қажеттілігіне назар аударамын. Жобалау, қаржыландыру және жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелерінің тиісті даму жоспарларында ескерілуіне ықпал етемін. Су шығынын азайтуға, егістікке судың уақытылы жетуіне және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған шешімдерді қолдаймын.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін ортақ жайылымның жеткілікті болуы – өзекті мәселелердің бірі. Жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығын азайту және мал ұстайтын тұрғындардың мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргіземін. Бұл мәселенің шешілуі үшін жер ресурстарының пайдаланылу жағдайын зерделеуге, бос немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерге қатысты мәселелерді заң аясында қарастыруға және ортақ жайылым қажеттілігін тиісті органдардың назарына ұсынуға күш саламын.
Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты барлық бастаманың нәтижелі болуы үшін шаруалармен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен мәселелерін назарда ұстаймын. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуына, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімді орындалуына және ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының жаңғыртылуына депутаттық өкілеттігім аясында ықпал етемін. Басты мақсатым – ауылдағы еңбек адамын қолдау, шаруашылықтардың тұрақты дамуына жағдай жасау және ауданның аграрлық әлеуетін арттыру.
11. Мал қорымдарын салу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде ветеринариялық қауіпсіздік пен мал шаруашылығына қатысты санитарлық талаптарды сақтау ерекше маңызға ие. Мал қорымдарының тиісті талаптарға сай болуы жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Түрген ауылындағы мал қорымдарын салу жұмыстарының орындалуын бақылауда ұстап, қажетті ұйымдастыру шараларының жүзеге асуына ықпал етемін. Ветеринариялық қауіпсіздік мәселелерін шешуде тиісті мамандар мен жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруге, ауыл шаруашылығы саласындағы санитарлық талаптардың сақталуына назар аударамын.
Мал шаруашылығын дамыту үшін де қажетті инфрақұрылымның болуы маңызды. Осыған байланысты мал сұрыптау өткелдері мен қой тоғыту науаларын салу мәселелерін көтеремін. Мұндай нысандар ветеринариялық-профилактикалық шараларды тиімді жүргізуге, малдың жағдайын бақылауға және шаруашылықтардағы ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Құрметті сайлаушылар!
Бұл бағдарламада көрсетілген міндеттер – ауылдарымыздың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған басым бағыттар. Әрбір мәселенің артында нақты ауылдың қажеттілігі, тұрғындардың өтініші және шешімін күткен ортақ мүдде тұр. Сондықтан сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруда халықпен тұрақты байланыс орнатып, көтерілген мәселелерді тиісті мекемелер алдында жүйелі түрде қозғауды, қажетті қаржыландыруға ықпал етуді және орындалу барысын бақылауды басты міндетім деп санаймын.
Депутаттық қызметті халық сенімін ақтаудың жауапты жолы ретінде қабылдаймын. Қай мәселе болсын, оның шешілуіне ықпал ету үшін заң аясында жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге күш саламын. Ауылдардың өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатының артуы – ортақ мақсатымыз. Осы жолда бірлесе әрекет етіп, туған өлкеміздің дамуына үлес қосуға дайынмын!
Үгіт материалды шығарған ұйым: «mezet.kz» желілік басылымы. Меншік иесі «Редакция газеты «Еңбекшіқазақ» ЖШС, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы.
Тапсырыс беруші: Б.М.БИМЕНОВ, Алматы облысының мәслихат депутаттығына кандидат. Материалдар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды.
