
Жаңа Конституция – жаңарған Қазақстанның құқықтық негізі
Конституция – мемлекеттің басты құқықтық құжаты, елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды заң. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негізін қалыптастырады. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы – ел өміріндегі тарихи әрі маңызды оқиғалардың бірі.
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасында жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өтті. Референдум нәтижесінде азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Ата Заңды қолдады. Ал 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Бұл еліміздің конституциялық дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Жаңа Конституцияның басты мақсаты – адам құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Жаңа Ата Заңда адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалған. Сонымен қатар азаматтардың жеке деректерін қорғау, цифрлық қауіпсіздік, зияткерлік меншік және қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Конституциялық реформаның маңызды жаңалықтарының бірі – Парламент жүйесінің өзгеруі. Бұрын екі палатадан тұратын Парламенттің орнына 145 депутаттан құралған бір палаталы Құрылтай құрылды. Оның депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Бұл өзгеріс заң шығару қызметін жетілдіруге және мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісін оңтайландыруға бағытталған.
Сондай-ақ Вице-Президент институты енгізіліп, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Халық Кеңесі қоғамның мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде айқындалды. Оның заң шығару бастамасын ұсыну және республикалық референдум өткізуге бастамашылық жасау құқығы бар. Бұл азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтық қорғалуына қатысты маңызды нормалар да қарастырылған. Атап айтқанда, адам ұсталған сәттен бастап өзінің құқықтары туралы ақпарат алуға және қорғаушының көмегін пайдалануға құқылы. Сонымен бірге кінәсіздік презумпциясы, өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы бекітілген. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу мәселесі де конституциялық деңгейде қарастырылған.
Бұдан бөлек, білім, ғылым, инновация, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау мәселелері мемлекеттің маңызды даму бағыттары ретінде белгіленді. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне және заманауи технологияларды меңгеруіне негіз болатын маңызды қадам.
Дегенмен Конституцияның тиімділігі оның мәтінінде көрсетілген нормалармен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – заң талаптарының күнделікті өмірде орындалуы. Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, әрбір азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі қажет. Заң алдында барлығы тең болған жағдайда ғана қоғамда әділдік пен сенім қалыптасады.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция – Қазақстанның болашақ дамуына бағытталған маңызды құқықтық құжат. Оның негізгі міндеті – адам құқығын қорғау, демократиялық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету. Жаңа Ата Заңның шынайы нәтижесі оның әрбір азаматтың өмірінде көрініс табуымен бағалануы тиіс. Өйткені мемлекеттің күші – заңның үстемдігінде, ал елдің болашағы – саналы әрі жауапты азаматтардың қолында.
