+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

КЕЛІСІМ ҚҰРМЕТТЕН БАСТАЛАДЫ


Көпұлтты Қазақстанда қоғамдық келісім – еліміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуының қажетті шарты. Бір-бірімізді тыңдай білу, түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу, ортақ тіл табысып, жалпы мақсат жолында бірігу – қоғамымыздың берік негізін қалыптастырады. Сондықтан Мемлекет басшысының ел бірлігін нығайтуға және қоғамның әлеуметтік негізін бекемдеуге ерекше көңіл бөлуін аса маңызды деп санаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында қазіргі сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның ішкі тұрақтылығын сақтап, ұлт бірлігін нығайту қажеттігі атап өтілген. Бұл пікірмен толық келісуге болады. Экономикалық реформалар, инфрақұрылымды дамыту және жаңа технологиялық мүмкіндіктердің маңызы зор. Алайда олардың табысты жүзеге асуы қоғамдағы сенім мен өзара түсіністік ахуалына тікелей байланысты.
Аудандық Қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы ретінде осы бағыттағы жүйелі жұмыстың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Этносаралық келісім өздігінен қалыптаспайды. Ол күнделікті қарым-қатынас, тату көршілік, бір-біріне деген құрмет, ашық диалог және туындаған мәселелерді бірлесе шешуге деген дайындық арқылы орнығады. Бірлік туралы айтып қана қоймай, әрбір адам өзін ортақ шаңырағымыз – Қазақстанның ажырамас бөлшегі ретінде сезінетін жағдай жасауымыз қажет.
Сондай-ақ өскелең ұрпаққа ерекше назар аударуымыз керек. Өйткені еліміздің болашағын айқындайтын жастардың дүниетанымы дәл бүгін қалыптасып жатыр. Жастар көптүрліліктің – біздің байлығымыз, ал ортақ азаматтық құндылықтардың барша қазақстандықтарды біріктіретін күш екенін түсінуі тиіс. Елімізде тұратын өзге этнос өкілдерінің тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауды қалыптастыру қоғамдық жұмыстың ажырамас бөлігіне айналуы қажет.
Патриот болу – өз еліңнің тағдырына бейжай қарамау, заңды құрметтеу, адал еңбек ету және ел дамуына қолдан келгенше үлес қосу деген сөз. Қуатты мемлекет ең алдымен берік әрі біртұтас қоғамнан басталады. Сондықтан ортақ мақсатымыз – қол жеткізген қоғамдық келісімді сақтау, өзара құрмет ахуалын нығайту және осы құндылықтарды келер ұрпаққа аманат ету. Тек күш-жігерімізді біріктіргенде ғана бейбітшілік, тұрақтылық пен әл-ауқат әрбір азаматтың жарқын болашағына берік негіз болатын Қазақстанды бірге құра аламыз.
Алтыншаш Мауленқызы
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы