
Абайлаңыз, «Жасырын патруль»!
Іргеміздегі Алматы қаласындағы көшелерде тексеріс күшейтілді. Жол ережесін бұзушыларды енді «Жасырын патрульдер» тіркейді.
Бұл жерде азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ автокөліктермен жалпы көлік ағынында жүріп, қызмет атқаратын патрульдік полиция қызметкерлері туралы сөз болып отыр. Негізгі мақсат – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау, әсіресе агрессивті жүргізу фактілерін әшкерелеу. Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, басқа көліктерді қысып өту және апаттық жағдайлар туындату сияқты қауіпті әрекеттер бар.
Мұндай жүргізушілер туралы ақпарат нақты уақыт режимінде жақын маңдағы экипаждарға жолданады, олар көлікті тоқтатып, құқық бұзушылықты рәсімдейді.
– Мұндай деректер жедел түрде жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады. Біздің міндет – жауапкершілікке тарту ғана емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру, – дейді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Ведомство мәліметінше, жасырын патруль форматы жүргізушілердің мінез-құлқын барынша табиғи жағдайда тіркеуге мүмкіндік береді, полицияның қызметтік көлігін көргенде ғана жол ережесін сақтай қалатын жүргізушілерді тезге салудың оңтайлы жолы. Мұндай тәсіл жолдағы жағдайды объективті бағалап, кездейсоқ қателік емес, жүйелі ереже бұзу жағдайларын анықтауға көмектеседі.
Мұндай тәжірибе басқа елдерде, соның ішінде Еуропада бұрыннан қолданылады. Мысалы, Германия, Нидерланд және Ұлыбританияда «Белгісіз полиция көліктері» (unmarked cars) пайдаланылады, олар жалпы ағында жүріп, агрессивті жүргізуді, жылдамдықты асыруды және қауіпті маневрлерді тіркейді. Бірқатар жағдайда мұндай экипаждар бейнетіркегіштер және арнайы бақылау жүйелерімен жабдықталады, бұл стационарлық бекеттердің қатысуынсыз-ақ заңбұзушылықтарды құжаттандыруға мүмкіндік береді.
