Суды үнемдеу – ортақ міндет
Су – тіршіліктің тірегі, табиғаттың баға жетпес байлығы. Бүгінде оның әр тамшысын үнемдеп,
ұқыпты пайдалану – тек мамандардың ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне
айналып отыр. Осы бағытта Еңбекшіқазақ ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы орайда, Шелек ауылында «Суға ұқыпты қарау – әрбір тұрғынның үлесі» атты маңызды кездесу
өтті. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін
қалыптастыру, суды үнемдеудің маңызын кеңінен түсіндіру және экологиялық жауапкершілікті
арттыру.
Кездесуге жергілікті атқарушы орган өкілдері мен Шелек су шаруашылығы мекемесінің
мамандары қатысып, тұрғындармен ашық пікір алмасты. Жиын барысында су тапшылығы
мәселесі, оның алдын алу жолдары және тұрмыста суды тиімді пайдалану тәсілдері кеңінен сөз
болды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда су ресурстары шектеулі әрі аса құнды табиғи байлыққа
айналып отыр. Климаттың өзгеруі мен халық санының өсуі суға деген сұранысты арттырып, оны
үнемдеуді күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналдырған. Осыған байланысты әрбір азамат табиғи
ресурстарды сақтау ісіне бейжай қарамауы тиіс.
Іс-шара барысында қатысушыларға суды үнемдеудің қарапайым әрі тиімді жолдары түсіндірілді.
Атап айтқанда, тұрмыста суды ысырап етпеу, ақаулы құбырларды дер кезінде жөндеу, бау-бақша
суаруда үнемді әдістерді қолдану секілді нақты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, су есептегіш
құралдарын орнатудың маңыздылығы да ерекше атап өтілді.
Шелек су шаруашылығының мамандары ауылдағы су жүйесінің қазіргі жай-күйіне тоқталып,
алдағы жоспарларымен бөлісті. Олар тұрғындарды ортақ мүлікке жанашырлықпен қарап, су
инфрақұрылымын ұқыпты пайдалануға шақырды.
Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарын
қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ашық форматта өткен кездесу халық пен жауапты
мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністікті арттыруға мүмкіндік берді.
Қорыта айтқанда, Шелек ауылында өткен бұл кездесу – тұрғындардың экологиялық мәдениетін
көтеруге бағытталған маңызды бастама. Себебі су – тіршілік көзі, ал оны сақтау – баршамызға
ортақ міндет.
Ринат НАРХАНОВ.
