
Тақтайшадағы Тағдырлар
– Көке, Жаманқараева деген кім? – деді 4-сыныпта оқитын інім.
– Жаманқараева емес, Қашаған Жаманқараев деген – Батыр ата, Ұлы Отан соғысының ардагері, сенің үлкен атаң секілді елді неміс фашистерінен қорғаған, – дедім.
– Әйел адам емес па? Онда неге «Жаманқараева көшесі» деп жазылып тұр?
– Енді орысша септік жалғау емлесімен «улица Жаманкараева» болады ғой. Қазақ тілінде Жаманқараев көшесі…
– Қарасаңызшы, «Жаманқараева көшесі» деп жазылып тұр…
Иә, бүгінгі таңда ауданымызда ғана емес, барлық елді мекенде көше атаулары осылай қате жазылады, яғни бірізділік жоқ. Себебі, әрбір тұрғын үй иесі өздері тапсырыс береді көше атаулары жазылған тақтайшаға. Бұл өз басымнан да өткен. Бір жас бала есік қағып: «Тақтайшаға тапсырыс бересіз бе? Мынадай нұсқалары бар», – деп тапсырыс алып, екі-үш күнде жасап береді. Ал тақтайшадағы атаудың дұрыс-бұрыстығын ешкім тексеріп жатпайды.
Тіпті, Кеңес одағын қимай жүрген бәз-біреулердің Есік қаласындағы Тоқатаев көшесінде орналасқан үйіне «улица Ленина» деп жаңа тақтайша жасатқанын да көзіміз көрген (қазір бұл олқылық жойылды). Осылайша, көшеде ілулі тұрған бір ғана тақтайша кейде тұтас қоғамның ойлау жүйесін аңғартып береді. Бір қарағанда болмашы көрінетін жазу қателігі – тереңірек үңілсең, тіл мәдениетінің, тарихи танымның, тіпті ұлттық идеологияның деңгейін көрсететін маңызды белгі.
Бір әріптің өзгеруі – бір адамның тағдырын өзгерткендей әсер қалдырады. Өйткені қазақ тіліндегі «-ев», «-ов» жалғаулары ер адамға тән болса, «-ева», «-ова» әйел адамға қатысты қолданылады. Осылайша, Батырдың есімі байқамай әйел адам кейпіне еніп кеткендей көрінеді. Ардагерімізді әйел кейпіне енгізгеніміз былай тұрсын, оның есімін де ауыстырып тастадық. Кейбір тұрғын үйлерде, яғни бір емес бірнеше үйде «улица Т.Жаманкараева» деген тақтайшалар ілініп тұр. Кеңес Одағының батыры, бүгінгі бейбіт күн үшін қан майданда от кешкен батыр қаһарман атамыз Қашаған Жаманқараевтың есімін дұрыс жаза алмау – елдігімізге үлкен сын. Бұл – жай ғана грамматикалық қате емес. Бұл – тарихи тұлғаға деген құрметтің кемшін тұсы, тілге деген жауапсыздықтың көрінісі. Ең қауіптісі – мұндай қателіктердің қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттың жаны, рухани коды. Ал көше атаулары – сол кодтың күнделікті өмірдегі көрінісі. Бала мектепке бара жатып, автобус күтіп тұрып немесе жай ғана серуендеп жүріп сол атауларды көреді, жаттайды, санасына сіңіреді. Егер сол атаулар бұрмаланып тұрса, бала да тарихты бұрмаланған күйінде қабылдайды.
Бұл жерде тәрбие мәселесі тікелей алға шығады. Біз ұрпаққа батырларды құрметтеуді, елге еңбегі сіңген тұлғаларды тануды үйреткіміз келеді. Бірақ сол батырдың аты дұрыс жазылмаса, ол қандай тәрбие болмақ? Қағаз жүзінде дәріптеп, іс жүзінде немқұрайдылық таныту – қосарланған стандарттың көрінісі.
Идеология дегеніміз – тек үлкен мінберлерден айтылатын ұран емес. Ол – күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек дүниелерден құралады. Көше атауы, мектеп атауы, ескерткіш тақтайшалар – бәрі де ұлттық сананы қалыптастыратын құрал. Егер біз осы ұсақ детальдарға мән бермесек, үлкен идеологиялық мақсаттар туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Мұндай олқылық орын алмас үшін көше атаулары жазылған маңдайшаларға жергілікті атқарушы орган тапсырыс беруі тиіс немесе бақылауы керек. Жергілікті деңгейде талаптар бектіліп, бірізділік болуы қажет.
Шын мәнінде, әрбір көше атауы – тарихтың бір беті. Әрбір есім – ұлт жадындағы белгі. Оны өзгертуге, бұрмалауға ешкімнің қақысы жоқ. Сондықтан мұндай олқылықтарды дер кезінде түзету – тек тіл мамандарының емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Біз ұлт ретінде ұсақ нәрседен үлкен мән іздей алатын деңгейге жетуіміз керек. Бір әріптің қателігі – бір ұрпақтың санасына әсер етуі мүмкін екенін түсінгенде ғана, біз шынайы тіл мәдениетіне, берік идеологияға және дұрыс тәрбиеге қадам жасаймыз. Себебі, ұлттың болашағы – дәл осындай «ұсақ» дүниелерден басталады.
С.НҰРАДИН.
